Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінің аграрлық секторында экспорт көлемі артады

Сыр өңірінің аграрлық секторында экспорт көлемі артады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жобалық басқару бойынша сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Онда осы бағыттағы жұмыс қорытындылары және алдағы міндеттер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким жобалық басқару аясында үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыс жөнінде хабарлама жасады. Базалық индустрияландыру бағытында қазіргі күні құны 359 млрд теңгені құрайтын 4 жобалық бастама жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда 2,7 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты 3 жобаны қамтиды. Олар - агроөнеркәсіп субъектілері үшін қаржының, сауда нарығының қолжетімділігі және экспортты дамыту, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін шетел нарығына шығару және жаңа нарықты игеру. Жыл аяғына дейін күрішті - 44, етті - 27, бақша өнімдерін - 20 және күнбағыс майының экспорт көлемін 5 пайызға арттыру көзделіп отыр. Инвестиция тарту жобасы шеңберінде ет комбинаты, жылыжай, тауарлы сүт фермасы, күріш зауыты сияқты бірқатар нысанның құрылысы жүргізіледі. Сауда саласын жаңғырту бағытында облыс орталығында «АrayCitуMall» сауда және ойын-сауық орталығы салынып жатыр. Кешен үстіміздегі жылдың екінші жартысында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, бүгінде қалада «Сыбаға», «Жайна» базарлары жаңғыртылып, «Қорқыт» сауда орнының құрылысы жүріп жатыр. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту, инвестиция тарту бағыттары аймақ үшін аса маңызды. Шағын несиелендіруге облыстық бюджеттен - 1 млрд, басқа көздерден 2 млрд теңге бөлініп отыр. Жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беріледі», - деді Евгений Ким. Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын цифрлық бағдарламаға көшіру бағытында аймақта атқарылған іс-шаралар барысын таразылаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова үстіміздегі жылы тұрғындарға ақпараттық және электронды көмек көрсету мақсатында мобильді қосымша қолданысқа енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, бұл салада телемедицина жабдығы кешенін орнату жобасы қолға алынды. Жобаның құны - 21 млн теңге. Телемедицина жобасының тиімділігі артып, бүгінде диагноз нақтыланып, электронды емделетіндердің қатары артып келеді. Жиын барысында облыстық тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасын әзірлеу жобасы ұсынылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуованың айтуынша, жоба «Цифрлық Қазақстан» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жүзеге асырылады. Бүгінгі күні аймақта 286 ескерткіш бар. Оның 30-ы республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында. Енді мәдени мұра, тарихи ескерткішті танып, білуге деген қолжетімділік артатын болады. Жоба бойынша облыс көлеміндегі 150 ескерткіштің 3D форматтағы интерактивті картасы жасақталады. Облыс әкімі жоба арқылы ауқымды аудиторияға бай тарихымызды таныстыру, мәдени мұрамыздың деңгейін бағалау аясы кеңи түсетінін айтты. «Көптеген мәдени мұра объектілерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізбесіне енгізу мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2019 жылы бұл жұмыстар толығымен аяқталады. Бұл рухани жаңғыру жағынан да, ұлттық сана-сезімінің өсуіне, жастарды тәрбиелеу, туризмді дамытуға, мәдени мұрамызды дүниежүзіне насихаттауға септігін тиізеді», - деді облыс әкімі. Сараптамалық кеңес отырысының күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті органдарға тапсырмалар жүктелді.
Әділжан Үмбет
inform.kz

10 мамыр 2018 ж. 1 081 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031