«Кредит» төлеу керек еді
Заманның ағымына қарай ел арасында «Қарызды берген емес, алған батыр» деген әзіл-шыны аралас тәмсіл туды. Ойлап қарасақ, шынында солай. Бұл жердегі әңгіме несие жайында болып отыр. Оны алған адам мойынына жауапкершілікті қоса алады. Осыған қарап исі қазақтың бәрі «батыр» дерсің. Біз үшін ересек өмірге аяқ басу мен бірнеше банктен несие алу ара-жігі ажырамас дүние. Тал бесік пен жер бесік арасындағы тойдан бөлек көлік немесе баспана, одан қалды соңғы үлгідегі ұялы телефон алу үшін несие рәсімдеу қазақтың ғана тағдыры секілді. Қызық-думан біткеннен кейінгі жылдарды алған қарыздан құтылуға арнаймыз. Осылай өмір сүрудеміз.
Еліміздің азаматтары несие алу арқылы жағдайларын түзетпек деп айтуымызға толық негіз бар. Неге десеңіз, Қазақстанда саналы түрде шешім қабылдай алатын 9,6 миллион ересек адам болса, оның 7,3 миллионы екінші деңгейлі банктерден несие алған. Республика халқы саны 18 миллион болғанымен, оның үштен бірі жұмыс істеуге қауқарсыз. Ал қарызын 3 ай уақыттан бері төлей алмай жүргендердің саны 1,1 миллионды құрайды. Бұл әрине өкінішті жағдай. Десек те, банктердің жоғарғы пайыздағы несиесі мен алған адамның қаржыны мақсатсыз жұмсауы да осындай жағдайға әкеліп отыр.
Қарыз ал да, қатын ал...
Қазақ қай заманда да тойға шашылған халық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ел тұрғындарының басым бөлігі кредитті той жасау үшін алады. Осы тұста қазақтың «Қарыз ал да, қатын ал, қатының қалар қасыңда» деген мақалы еріксіз еске түседі. Бұл заманда онсыз тойланатын тойлар саусақпен санарлық. Миллиондаған қаражатқа жасалатын думанның шығыны кез келген адамның қалтасын қағып ғана қоймай, берешекке белшесінен батыратыны көрер көзге анық. Оның үстіне жаңа ғана отау көтеріп, бұғанасы қатпаған жас жұбайлар үшін ай сайын қарыз төлеу үлкен шаруа.
Баспана мәселесінде ауыл мен қала тұрғындарының барлығы дерлік банкке жүгінетіні рас. Ауылда тұратын қазақтар жер сатып алып, одан әрі үй салудың қарекетін жасайды. Ал қалалық қандастарымыздың түн ұйқысын төрт бөлген «тентегі» – ипотека. Біріншісіне қарағанда ипотеканың бас ауруы қатты. Өмірінің 20-30 жылын шарасыз қарыз қайтаруға арнайтын батырлардың хәлі қандай қиын десеңізші?!
Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Соған сай екінші деңгейлі банк мекемелерінен несие алушылардың да қарасы қалыңдай түскен. Себеп, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіп ашушыларға көрсетілетін көмектің ауқымдылығы болса керек. Нәтижесінде кәсіпкер өзінен бөлек бірнеше адамды жұмыспен қамтып, мемлекет пен қаржылай қолдау көрсеткен банктерге алғысын жаудырып кетуде. Мұндай «батырлардың» бары көңіл қуантады. Дегенмен, тасы өрге емес, жерге домалап, сан соғып қалып жатқандар жоқ деуден де аулақпыз.
Төлемеудің өтеуі – тәркілеу
Қазалы аудандық соты төрағасы Д.Мұратбекұлының айтуынша банктік шарт бойынша берешекті өндіру жөнінде 2016 жылдың өзінде 70 азаматтық іс қаралып, оның 48-і қанағаттандырылып, 11 іс бойынша қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Ал 2017 жылы 59 іс қаралып, 38 іс жөнінде шара қолданылған.
Сондай-ақ, 2016 жылы микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз соммасын өндіруді сұраған 6 арыз, 2017 жылы 37 азаматтық іс қаралып, жалтарушылардан қарызды өндіру туралы шешімдер қабылданған.
Берген қарыз – беделіңді, қайтқан қарыз мерейіңді өсіреді. Жоғарыда айтылған несие алушылардың мерейі биік емес екенін түсініп отырған боларсыз. Мерейдің деңгейін айтпағанның өзінде, қарызды өтемеудің зардаптары қаншама? Той шығынын қайтара алмау салдарынан көптеген жас шаңырақтың керегесі киізсіз қалды. Қарыздың қиындықтарына шыдамай, «қайғы-қуаныштарды бөлек көрейік» – деп ат құйрығын кескендердің өзі бір төбе. Ипотекаға алған үйін 5-10 жыл төлеп келіп, қаржы тапшылығынан баспанасын босатып, тентіреп кеткендерді қайтерсіз? Оларға осыншама жылдар төлеп келген ақшасының қайтуы да екіталай. Көлік несиесі де осыған ұқсас.
Жолы болмаған кәсіпкерлердің де басынан ешкім сипамасы анық. Кепілге қойылған дүниесі (автокөлік, үй, т.б) тәркіленіп, несие тарихы түгел бұзылады. Жалпы бұл деректер жақсы жоспарсыз несие алу орға жығады дегенді айтады.
Осы оқиғалардың барлығына қарамастан Қазалы ауданында несие алуға ниет білдірушілер мен алғандардың саны 2016 жылға қарағанда артып жатқандығын айтады «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Е.Нұртазаев. Оның себебі ретінде қазіргі таңда «Халық Банк» тарапынан аудан тұрғындарына кепілсіз несие алу үшін жағдай жасалынып отырғанын тілге тиек етті. Ендігі жерде карточка арқылы тұрақты жалақы алып отырған азаматтарға банк толықтай сенім білдіреді екен. Мұның өзі «Кредитоманиямен» (ХХІ ғасырда пайда болған ауыр дерттердің бірі. Ғалымдардың айтуынша, бұл аурумен ауыратын адамдардың несие алуға деген құмары маскүнемнің ішімдікке, нашақордың есірткіге тәуелділігімен пара-пар екен) ауыратын жандар үшін үлкен мүмкіндіктің есігі іспеттес.
Ал, Е.Нұртазаевтан «Халық банкінің» Қазалы ауданындағы басқармасынан несие алған борышкерлердің саны мен 2016-2017 жылдары берілген қаражаттың жалпы көлемі жайында сұрағанымызда, банк тарапынан құпия мәлімет ретінде жария етілмейтіндігін жеткізді.
Несие алу: мүмкіндік немесе құрық
Мүмкіндік деген сөз көбінесе кәсіп ашу мақсатында ғана қолданылатын секілді. Қалған жағдайда құрыққа көбірек келеді. Дегенмен, уақыт күттірмейтін қиындықтар туындаған сәттерде пайыз мөлшерлемесі мен шарттарына қарамастан банк табалдырығын тоздыратынымыз анық. Әсіресе, көп талап қоя бермейтін «Каспий Банк» келушілерді қуана қарсы алатынын білмейтін қазақ жоқ шығар. Қалай болғанда да жөнсіз несие алу көптеген қиындықтарға бас¬тау болатынын ұмытпағаныңыз абзал. Ойыңызға келген пайдалы істің бастамасы несие болатынына сеніміңіз бен жоспарыңыз келісіп тұрса мархабат. Қаржылық қиындықтан сақтасын Құдай!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ