Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды ел экономикасына тарту жолдары

Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды ел экономикасына тарту жолдары

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәселесі бүгін пайда болған жоқ.Ол талай жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ, Елбасының сынынан кейін бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кейінге қалдыруға тура келгендігін атап өтті. Бұған өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен бейресми түрде жұмысістейтін азаматтарды ел экономикасына тарту мәселесі себеп болған.
«Олар салық төлемейді, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайды, қысқасын айтқанда олар көлеңкелі экономикада жүр. Мен бұл туралы кемінде бес жылдан бері айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда мұнымен нақты ешкім айналыспайды», - деді өз сөзінде Президент.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар кімдер және олардың саны қанша? Оларды ел экономикасына тарту үшін істеу керек? Ең алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар туралы анықтаманы зерделеп алайық. Халықаралық тәжірибелерге сүйенер болсақ, «өз бетінше жұмыспен қамтылу» дегеніміз – бұл жеке адамның жұмыс берушіге емес, өзіне жұмыс істеуі. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы адам – бұл әр түрлі бизнес саласында табыс табу үшін жұмыс істейтін және өз ісін өзі басқаратын адам.
Қазақстанның заңнамасында «өз бетінше жұмыспен қамтылу – сыйақы мөлшері тауарлар мен қызметтерді өндіруден (сатудан) түсетін табысқа тікелей байланысты болатын жұмыс» деп көрсетілген. Бұл ретте меншікті тұтыну - табыстың бір бөлігі ретінде қаралады.
Тағы бір анықтама: «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы – бұл табыс табу үшін тауарлар мен қызметтерді өндірумен (сатумен) дербес айналысатын жеке тұлға, өндірістік кооператив мүшелерінің, сондай-ақ отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілердің ақы төленбейтін жұмыскерлерінің бірі.
Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды екі үлкен топқа жіктеуге болады. Олар: жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын жеке кәсіпкерлер және жалдамалы еңбекті пайдаланатын жеке кәсіпкерлер. Бірінші топқа өзі үшін жұмыс істейтін адамдар, фрилансерлер, уақытша мердігерлік шарты бойынша жұмыспен қамтылған адамдар, жұмысқа орналастыру бойынша агенттіктердің мердігерлері және маусымдық жұмыскерлер жатады.Ал екінші топқа шағын және орта бизнес субъектілерінің, сондай-ақ микрофирмалардың иелерін, фирмалардың кәсіби тұрғыда қызмет көрсететін серіктестерін жатқызуға болады.
Адамдардың өз беттерінше жұмыс істеуіне әр түрлі жағдайлар себеп болады. Олар жағымды және жағымсыз сипатта болып келуі мүмкін.Жағымды себептердің ішінен өз ісінің иесі болуға, өзін бизнес саласында дамытуға, икемді жұмыс кестесі бойынша еңбек етуге деген құштарлықты атап өтуге болады.
Ал жағымсыз себептерге жұмыссыз қалу, таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмау секілді жағдайлар жатады. Қандай себеп болмасын, өзін-өзі жұмыспен қамтушы адам өзінің қазіргі шағы мен болашағына, зейнет жасындағы өміріне өзі жауапты болатындығын түсінуі керек. Әрине, ертеңгі күнді ойламай, тапқан табысты бетіне қарамай бүгін жұмсай беруге де болады. Бірақ, өз уақтысында зейнетақы жарналарын төлеп, болашаққа сеніммен қарағанға не жетсін!
Егер бір шағын фирмада немесе шағын және орта бизнес субъектісінде жұмыс істейтін болсаңыз, еңбек шартын жасасуға ұмтылыңыз. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоластындағы қызметкерлері еңбек шартынсыз жұмыс істейтін мыңдаған жұмыс берушіні анықтады.Яғни, бұл жұмыскерлер жалақыны «конвертпен» алады деген сөз. Бұл жағдай оларды түптеп келгенде тығырыққа әкеп тіреуі мүмкін.
Біріншіден еңбек шартын жасасу – бұл тұрақты түрде жалақы алып тұрудың, тиісті еңбек жағдайларын сақтаудың, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың дер кезінде төленуінің кепілі.
Екіншіден, бұл еңбек өтілі мен жұмыскердің біліктілігін растаудың айқын жолы.
Егер жұмыскердің пайдасына зейнетақы жарналары төленбейтін болса, онда ол зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақы жинақтары жоқ болғандықтан Қордан зейнетақы төлемдерін ала алмайды. Өкінішке қарай, кейбір отандастарымыз еңбек құқығы және әлеуметтік кепілдіктер туралы біле бермейді. Ниеті бұзық жұмыс берушілер мұны өз пайдасына пайдаланады.
Егер сіздің жұмыс берушіңіз зейнетақы аударымдарын жасамаса не істеу керек?Әрбір жұмыскер жұмыс берушіден бұл жарналарды Қорға қаншалықты толық көлемде және уақтылы аударып отырғандығы туралы мәлімет беруін талап етуге құқылы. Егер жұмыс беруші зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аудармайтын болса, жұмыскер салық органдарына шағына алады. Жұмыс берушілердің зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отыру жауапкершілігі осы салық органдарына жүктелген. Дейтұрғанмен, бұл мәселе бойынша еңбек инспекторына жүгінуге болады.Өз кезегінде еңбек инспекторы жұмыс берушіге келіп, оған ықпал ету шарасын қолдана алады.
Азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту – маңызды және стратегиялық мемлекеттік міндет.
Өткен жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткізген жұмыстардың нәтижесінде 560 мың жалдамалы жұмыскер өздерінің жұмыс берушілерімен еңбек шартын жасасқан. Одан басқа, шамамен 1 млн адам өздерінің жалдамалы жұмыскер екендіктерін мәлімдеген. Бірақ, олар өкінішке қарай зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды жасамаған.
2018 жылдың 1 қаңтарына қарай БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 10,12 млн бірлікті құрады. Бұл ретте тек 5,9 млн шотқа жарналар ең болмағанда жылына бір-ақ рет түседі. Ал бұл санның тек үштен біріне ғана зейнетақы жарналары жылына 9 реттен 12 ретке дейін түсетіндігін атап өткен жөн.
1991-2001 жылдар аралығында жұмыс орындарының қысқаруы салдарынан өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны 8,7 есеге өсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлердің саны экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың шамамен 71 пайызын, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 24 пайызын, жұмыссыздардың 5 пайызын құрайды. Салыстырып қарайтын болсақ, шет мемлекеттерде өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың пайыздық үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың: Австралияда – 10,3%, Германияда – 10,8%, Канадада – 8,6%, Францияда – 9,7%, Жапонияда – 11,5%, Ұлыбританияда – 15,4%, АҚШ-та – 6,5 %-ын құрайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санының артып кетуі мынадай мәселелерді тудырады:
- көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейі – 27% (ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті);
- бейресми жұмыстардың болуы;
- табыстарды жасыру;
- өзін-өзі қамтушы азаматтардың әлеуметтік қорғансыздығы.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәселесі ауқымды әлеуметтік сипатқа ие және Қазақстан экономикасының құрылымына тікелей байланысты. Сондықтан ол бір министрліктің немесе бір зейнетақы қорының өкілеттігі аясында шешілмейді. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты ұсынылатын бастамалар әлеуметтік және экономикалық саладағы министрліктер мен мекемелердің жұмысында көрініс табуы тиіс. Яғни, бұл жүйелік мәселе және ол жүйелі тұрғыда шешілуі тиіс. Ең алдымен еңбекке қабілетті азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тартудың тиімді мемлекеттік саясатын әзірлеу қажет. Сонымен қатар, жастарды және 40 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесін ескеру керек. Қазір тиісті ұсыныстар БЖЗҚ-да, депутаттық корпуста және Үкіметте әзірленіп жатыр. Бұл мәселедегі басты міндет – ынталандырушылық сипаттағы шараларды қабылдау.
БЖЗҚ өз кезегінде зейнетақы жарналарытүспейтін жеке зейнетақы шоттарын өңдеу науқанын қолға алу туралы бастама көтерді. Осылайша, 2015-2017 жылдар аралығында ашылған, бірақ содан бері бірде-бір рет жарна түспеген, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар, бірақ 2017 жыл барысында жарна түспеген шоттар сәйкестендірілді. Ал өңірлік желі қызметкерлері осы шоттардың иелеріне жоспарлы түрде телефон шалу жұмысын бастады. Ондағы мақсат – оларға зейнетақы шоттарына зейнетақы жарналарының түспейтіндігін хабарлау және қолданыстағы зейнетақы заңнамасы, болашақ зейнетақыны жоспарлау және жұмыспен қамту мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Қазіргі уақытта әр түрлі қиын жағдайға тап болған адамдар үшін пайдалануға болатын бірқатар мүмкіндіктер қарастырылған. Олар:
- әлеуметтік жұмыс орны;
- кәсіптік оқыту;
- жастар тәжірибесі;
- қоғамдық жұмыстар;
- кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету;
- ауылдар мен қалаларда азаматтарға шағын несиелер беруге кепілдік беру;
- мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға бюджет тарапынан көмекқаржы бөлу.
Жоғарыда келтірілген бағыттар бойынша толыққанды мәліметтерді Қордың www.enpf.kzсайтының «Қызметтер» - «Жұмыссыздарға» бөлімінен оқып білуге болады.
Бүгінде елімізде үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. 2040 жылдан кейін зейнеткерлікке шығатын қазақстандықтар ортақ зейнетақы төлемдерін алмайтын болады. Олар базалық зейнетақыға және Қордағы зейнетақы жинақтарына ғана үміт арта алады. Бұл ретте жалпы еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.
Сондықтан БЖЗҚ-ның стратегиялық міндеттерінің бірі – тұрғындар арасында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Қалай болғанда да жинақтаушы зейнетақы жүйесіне, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу - заман талабы.
20 сәуір 2018 ж. 902 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930