«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасының 1 күнінде заңсыз айналымнан 4 қару тәркіленді
2018 жылғы ақпан айының 19-22 күндері аралығында облыс көлемінде заңсыз атыс қарумен жасалатын қылмыстардың алдын алу, қару ұрлығы қылмыстарын болдырмау мақсатында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның басты мақсаты – заңсыз айналымнан атыс қаруын тәркілеу, ұрланған және жоғалған қаруды іздестіру және атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ, тұрғылықты мекен-жайларында ұзақ уақыт бойы тұрмаған және жаңа мекен-жайлары бойынша есепке тұрмаған азаматтық қару иелерін анықтау болып табылады.
Аталған іс-шараға облыстық ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы, Жергілікті полиция қызметі қызметкерлері жұмылдырылып, рейдтік шаралар және түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, іс-шараның 1 күнінде заңсыз айналымнан 4 дана аңшы қарулары тәркіленіп, қарудың сақтау тәртібін бұзғаны үшін 22 азаматқа, есепке қою тәртібін бұзғаны үшін 10 азаматқа әкімшілік шара көрілді.
Осыған орай полиция қызметкерлері ескертеді:
Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алғаны, бергені, өткізгені, сақтағаны, алып жүргені, тасымалдағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабына сәйкес қару тәркілене отырып, жеке тұлғаларға –20, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға –25, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.
Сонымен қатар, қаруды сақтау мен алып жүруге iшкi iстер органдарының рұқсаты бар адамдардың қаруды, оның патрондарын сақтау тәртібін бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 10 айлық, заңды тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Азаматтық, қызметтiк қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға –15, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға –20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 53-1-бабына сәйкес, осы Кодекстің 436, 484, 485 және 486-бабының бірінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтарды жасаған азаматтық және қызметтік қару иелері мен пайдаланушылары қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберілетіндігін ескертеміз.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі