"Дәмдіге" дәм бергендер
«Рза» акционерлік қоғамы – аудандағы іргелі кәсіпорынның бірі. Аты Қазақстаннан бөлек шет елдерге де мәлім кәсіпорынның инвестициялық жобасы 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобада салынған тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауытының тірлігі таңмен таласа басталады.
Бұл жерде адал тер төгіп, бір тәулік бойы тікесінен тік тұрып қызмет атқаратын қыз-келіншектер қатары көп. Асыл тұқымды сиырларға жем-шөбі беріліп бапталғаннан кейін сауын бөлмесінде арнайы аппарат кигізіліп, сүт сауылады. Осында тынымсыз еңбек ететін Кәмила Есімбетова сауыншы болып тәжірибе жинағанына көп уақыт өтпесе де өз ісін тиянақты орындайды.
Оның айтуынша, сүт фермасында жұмыс істейтін әрбір еңбеккерді үйді-үйінен арнайы бөлінген автобус арқылы тасиды. Есік алдынан әкетіп, уақытында аман-есен отбасына жеткізеді. Мұнда үш мезгіл тамақ беріліп, жылына екі мәрте жұмыс киімі таратылады екен. Бір ауысымда бес адам бір күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Олар 700-ге жуық сиырды 3 мезгіл сағат 8:00-де, 16:00 мен түнгі 00:00-де сауып алады. Әр сиырдан күніге майлылығы 3,6 пайыздық 60 литр сүт өндіріледі. Сүт саууға арналған апаратты пайдаланбас бұрын санитарлық-тазалыққа ерекше мән беріледі. Әуелі ірі қараның желіндері йодталған ерітіндімен сүртіп алынады.
“Қашанда мал бағып, оны қарау оңай шаруа емес. Бірақ бейнеттен қашпай еңбек етсең одан тапқан табысың берекелі болары сөзсіз. Өзіме қазіргі ісім ұнайды. Жалақысы да көңілден шығады”, – дейді сауыншы.
Ал дүйім жұртқа мәшһүр сүт зауытындағы сүт өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және тасымалдауды ұйымдастыру жұмыстарына зауыт меңгерушісі Замира Лепесқызы жауап береді. Оның қарамағында 20-дан аса жұмысшы еңбек етеді. Ол күніге таңертең 8:00-ден бастап фермадан келген сүтті танкерлерге құйып алады. Бұл үшін зауытта екі зертхана іске қосылған. Онда сүттің жалпы көрсеткіштері мен қышқылдығы тексеріледі. Мұнда барлығы арнайы залалсыздандыру аппаратынан өтеді. Өңдеу цехындағы пастерилизатор сүт зауытының жүрегі саналады. Әкелінген сүт өнімі барлық тексеру процесінен өткеннен кейін 92 градуста пісіріліп, 2 градуста суытылады. Қышқыл сүттен өңдеу бөлімінде айран, сметана, йогурт ұйытылса, сыр бөлімінде брынза, сүзбе дайындалады. Бұлар фирмалық пластикалық ыдыстарға құйылып, автоматтандырылған құрылғымен бастырылып шығарылады. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін зауыт Еуропаның озық технологиялық құрал жабдықтарымен қамтылған. «Дәмді» сауда маркасымен пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, сыр өнімдері де өндіріледі.
– Бізден шығарылатын сүт қаптамаларының дизайны Италияда жасалған. Тапсырыспен тікелей сол жақтан алдыртамыз. “Rossi&Catelli” италиялық стерилизаторында 140-145 градуста 6 айға сақталатын сүт дайындалады. Ал “IPI” (Айпиай) жабдығымен сүт қорабы бастырылып шығарылады. Сүт өнімдерінің барлығы табиғи таза тауардан жасалады, – дейді Замира Әуесбаева.
Барлық өнімдер облыс аумағында қолайлы бағамен сатылады және жергілікті нарықта айтарлықтай үлесі бар. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына әзірленген өнімдерді жеткізу сәтті жолға қойылған.
Аудандағы агроөнеркәсіп саласына белсене араласып, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігінің сақталып, өсіп-өркендеуіне қомақты үлесін қосқан қыз-келіншектердің қызметіне ерекше сүйсіндік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА