Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Солақайлық кемістік пе, басқа қонған бақ па?

Солақайлық кемістік пе, басқа қонған бақ па?

Біздің қоғамда адамдар әр топқа бөлінеді. Мәселен байлар, кедейлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетімдер тағы сол секілді. Мұндай топтардың арасына солақай жандарды да жатқызуға болады. Ал солақай деген кім?

Солақай – оң қолынын гөрі, сол қолымен жазуға, әрекет етуге ыңғайланған адамдар. Жалпы солақай адамдар тумысынан дарынды келеді дейді ғалымдар. Себебі, ондай жандар өз мақсатына жету үшін қандай да қиыншылыққа көнуге даяр. Солақайлық жұмыр басты пенденің кез келгеніне бұйыра бермейтін қасиет. Әлемдегі халықтың шамамен 10-12 процентін солақайлар құрайды екен. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, әйел адамдардан гөрі жігіттер қауымы көп жағдайда солақай болып келеді. Күн санап қарыштап дамып келе жатқан ғылым құрсақта жатқан жас сәбидің солақай немесе оңқай екененін небары 10-11 аптада анықтайтын дәрежеге жетіп отыр. Ана құрсағында жатқан нәресте оң қолының бас бармағын сорса-оңқай, сол қолының бармағын сорса-солақай болып дүниеге келетін көрінеді. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, солақай болып туылған сәбилердің ми құрылымының дамуы алғашқыда баяу болып көрінеді, кейін уақыт өте келе бұл жағдай білінбей кетеді. Генетикалық жағынан солақай болып туылғандар ми қабатының жарты шарының арасындағы бөлiнiске байланысты ол өз қалауына орай солақай түрде әрекет жасамаса, мұның соңы түрлi ауруларға, атап айтсақ, кекеш, тұтықпа секiлдi науқастарға әкеп соқтырады екен. Қалай айтқанда да, көптеген зерттеулер барысы көрсеткендей, адамдардың солақай болып туылуы олардың психологиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын білдіреді. Жалпы, олардың оңқайлардан ерекшелігі байқалады, біріншіден, жоғарыда айтқандай мұндай адамдар аса талантты, дарынды болып келеді. Солақайлардың миының оң жақ жарты бөлігі жақсы жұмыс істейді, сезімталдық пен есте сақтау, сараптау сияқты қабілеттер оларда жақсы дамыған.

Алайда солақайларды орта ғасырларда қоғамға сыйдыра бермеді. Себебі оларды ойлау қабілеті төмен, ұсқынсыз адам ретінде қабылдады. Адамның оң иығында періште, сол иығында шайтан отырады деген нанымға сай солақайларды жын басқарады деп сенген және олардан қауіптенген. Солақай сөзінің аудармасы көп елдерде жақсы мағынаны бермейді. Мәселен ағылшынша бұл сөз «қатыгез» деп аударылса, француз тілінде «ебедейсіз, арам» деген мағынаны білдіреді, ал бұл сөзді италян тілінен аударсаңыз «ақау, мін» деген сөздерді ұғуға болады. Жер бетіндегі аты аңызға айналған қайсар қыз Жанна Д Арктың тірідей өртелуіне оның солақайлығы себеп болған деседі. Жындармен байланыс орнатушы, мыстан деп қуғындалған Жанна өмірге келген күні тыныш жатқан қораздар өздігінен шулап қоя беріпті. «Әдеттен басқаша дауыс шығарып, қанаттарын қаға берген үй құстары сонда сәби Жаннаның жалған дүниедегі азапты тағдырын болжаған» дейді өз естелігінде сол заманда патшаның кеңесшісі болған Персеваль де Буленвилье. Солақай әйелдерді Англия тарихындағы ең қатігез саналатын Викториан дәуірінде де жақтыра бермеді. Оң қолынан гөрі сол солымен тірлік жасайтын мұндай әйелдердің тұрмысқа шығуы мұң еді. Себебі жігіттердің санасында перзенттері солақай болып туылады деген ой тұрақтап қалды. Ал Жапониядағы солақай әйелдердің басым көпшілігі ерлерінен ажырасқандар екен. Солақайларды толыққанды адам ретінде қабылдамаған халықтардың ішінде орыстар да бар. Ертеде олар солақайларға күдiкпен қарады. Ел ішіндегі қалыптасқан қағида бойынша оң қолдарын аз қимылдатуымен ерекшеленген адамдарға сотқа келiп сөйлеуге, дәлелдеме жасауға тыйым салған. Орыс халқында «сол аяғыңмен тұрсаң бар күнің зая кетеді», «сол иығыңда меңің болса кәрі қыз атанасың» деген ырым сөздер осының дәлелі болса керек. Ислам дінінде де сол қолға көзқарас жақсы болмаған. Мұсылман қауымы сол қолды «таза» қол деп санамайды. Яғни бізде сол қолмен ас ұсыну, сыйлық беру сол адамды сыйламағандық болып есептеледі.

Ертеде солақайларды жақтырмағаны былай тұрсын оларға күн көрсетпей, жазалайтын болған. Кемістікке балаған солақайларға қатыгез жазалар қолданылды. Олардың белсенді қолдарын күйдіріп, түрлі құралдармен жаралап, денелеріне қысып байлап тастаған, кейде сол қолдарына арнайы қапты киіп жүруге мәжбүрлеген. Кеңес Одағы тұсындағы «солақай саясат» солақай адамдарды да аямағанын біреу білсе біреу білмейді. Патшасын құдайындай сыйлауға үйреткен одақ тұсында солақай жандарды жаппай оң қолға үйрету науқаны жасалғанын тарихшылар анықтап отыр. Кеңестік жүйе де солақайлықты кемістік, керек десеңіз, кесапат деп таныды. Бір өкініштісі, мұндай әрекеттер айқын емес, жымысқы әрекетпен жүзеге асырылып отырды. Билік басындағылар ұстаздар қауымына солақайлықпен күресудің ашық алаңы мектеп екендігін ескертіп, солақай оқушыларды оң қолмен жазуға қинап үйреткен. Мектеп қабырғасындағы «кішкентай солақайлар» мұғалімнің қатаң талабына шыдай алмай көбісі ауруға шалдыққандығын әрі оқуын жалғастыра алмағандығы кейінгі жылдары мәлім болды.

Ерте, орта ғасырдың өкілдері солақайлықты кемістік санағанымен психологтар солақай жандардың шығармашылық жұмысқа аса қабілетті болатындығын айтады. Мұнымен келіспеске шара жоқ. Өйткені тарихқа аздап шегініс жасасақ, есімдері жалпақ әлемге танымал тұлғалардың көбісі солақайлар екен. Әйгілі солақайлар дегенде Аристотель, Юлий Цезарь, Наполен, Уинстон Черчилль, Пушкин, Толстой, Шопен, Чарли Чаплин, Леонардо да Винчи, Исаак Ньютон, Марк Твен, Елизавета патшайым, сондай-ақ Американың үш президенті Рональд Рейган, Джордж Буш (үлкені), Билл Клинтон, әлемнің ең бай адамының бірі Билл Гейс, киножұлдыздар Мерилин Монро, Джулия Робертс, Пол Маккартни, Сильвестр Сталоне, Том Круз, Николь Кидман, тағы басқалар ойымызға оралады.

Кітап сүйер қауымның сұранысынан шықпаған әйгілі «Бейбітшілік пен соғыс» романының авторы Лев Толстой екі қолымен де сауатты әрі көркем жаза білген. Оның жазуына қарап оң немесе сол қолмен жазғанын аңғару қиын. Ол ұзақ түндер бойы қағазға шимайлағанда оң қолымен де, сол қолымен де кезек-кезек жазып отырған. Ал атақты солақай суретшілердің бірі Леонардо да Винчидің қолжазбаларын ғалымдар ұзағынан зерттеді. Себебі оның жазуы ешкімге ұқсамайды. Қылқалам шебері әдеттегідей емес оңнан солға қарай жазып әрі сөздің дауысты дыбыстарын қалдырып отырған екен. Орыстың жазушысы Николай Лесковтың солақай екенін оның «Солақай туралы аңыз» шығармасынан байқауға болады. Лесков былай дейді: «Көбісі менің бұл шығармамнан жамандық пен жасқылықты айыру қиын дейді. Олардың бұл сөздері менің табиғатыма жасалған қастандық деп білемін. Себебі олар солақай жазушының жан дүниесін ұғына алмады» дейді. Замандастары ұғына алмаған данышпандардың қатарында Альберт Эйнштейн де бар. Ол мектепте нашар оқығандығы соншалық қарапайым арифметикалық есептерді шығара алмаған. Оның үстіне бала Эйнштейн жәй, өте сенімсіз сөйлеген. Оның бұл әрекеті мұғалімдерді қатты ашуға шақырған. Оқудан қиналған Эйнштейн сабақты тастап кетуге де бел буған екен. Алайда солақайлардың «тегін» адам емес екендігін дәлелдеген ол әлемнің алдыңғы қатарлы данышпанына айналмады ма?! Көзі кейде қоңыр, кейде көгілдір түске енетін айбарлы қолбасшы Александр Македонский солақайлығын өз пайдасына жарата білген адам. Көреген қолбасшы 700 солақай жауынгерлерден құралған арнайы әскер жасқатаған екен. Ұрыс алаңында жағдай ушыққанда ол қосымша әскерді жауға қарсы жіберген. Өйткені солақайлар қарсыласқа денесіне күтпеген жерден соққы бере білген. Көрерменге аңыз образды сыйлап кеткен актер Чарли Чаплиннің солақайлығы фильмдерінің кейбір эпизодтарында көрініс тапқан. Талантты актер сол қолмен скрипканы да тамаша тарта білген. Атағы жер жарған спортшылардың арасында да солақайлар көп екен. Бокс пен теннисте қарсыласың қанша тұстан мықты болса да, оның сол қолымен ұра алмауы солақайға үлкен мүмкiндiк бередi. Белгiлi теннисшi Сампрастың үнемi жеңiмпаз болу сыры, сөз жоқ, солақайлығында жатыр десек қателеспейміз. Шаршы тақтаның патшасы Гаспаровтың да жетістігі солақайлығымен байланысты шығар, бәлкім. Зерттеулер бойынша дүние жүзіндегі бокс пен тениистен шыққан чемпиондардың 40 проценті солақайлар болып шыққан.

Қазақ халқында да солақай талантты, асыл азаматтар жетерлік. Қазақтың бір туар сазгер-күйшісі Нұрғиса Тілендиев сол қолымен домбыраны тартқанда тамсанбаған жан болмаған. Қазақтан шыққан дарынды суретші қыз Гүлфайрус Исмаилова да солақай болған. Ол Ресейде оқып жүргенде сол қолымен сурет салудан ұялып жүргенде, оның жанына келген ұстазы «сен ұялма, қай қолыңмен суретке ыңғайлы солай сала бер» деп әлемнің әйгілі суретшісі Леонардо да Винчи, Микеланджелоның да сол қолмен сурет салғанын айтып, дем берген көрінеді.

Қалай дегенмен, солақайлықтың әлі ашылмаған сыры мен құпиясы көп дейді ғалымдар. Егер балаңыз солақай болса кемістік деп емес Алланың берген ерекше сыйы деп қабылдаңыз.
24 мамыр 2019 ж. 4 145 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031