Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Адамның ұйықтап жатқанда сөйлеуі нені білдіреді?

Адамның ұйықтап жатқанда сөйлеуі нені білдіреді?

Адам неге ұйықтап жатқанда сөйлейді? Бұл феноменге қандай жағдайда бейжай қарауға болмайды? Ұйықтап жатып сөйлеу медицинада сомнилоквия деп аталады. Ғылымда бұл құбылыс әлі толық зерттелмесе де, ол туралы жалпы түсінік беруге болады.

Дәрігердің айтуынша, бұл көбіне ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Адам ұйықтап жатып сөйлегенде түс көруі де, көрмеуі де мүмкін және көбіне сөйлеген сөзі көріп жатқан түсімен байланыспайды. Түс әдетте қисынсыз дүниелер туралы, ал ұйықтап жатып айтылған сөз өмірде кездесетін нәрселер жайында болады. Бірақ ұйқы кезіндегі сөзді ылғи шындыққа жанасады деп тұжырымдауға келмейді.

Ұйқы кезіндегі сөздер түсінікті немесе түсініксіз болуы мүмкін. Бұл – мидың сөйлеуге жауап беретін белсенді бөлігінің жұмысы. Процесс баяу ұйқының терең фазасы динамикалық ұйқының фазасына ауысатын кезде болады, яғни адам сол кезде сөйлейді, – дейді отбасылық дәрігер Гүлзат Қопанова.

Дәрігердің айтуынша, ұйықтап жатып сөйлеу көбіне алаңдайтындай жағдай емес. Адам ұйықтап жатқан кезде ми қабығы және сөйлеу функциясына жауап беретін жасушалар белсендірек жұмыс істейді. Соған байланысты адам ұйқы кезінде қозғалыссыз жата алмайды, оңнан сол жаққа немесе керісінше аунап, жүзін өзгертіп, кейде сөйлейді.

Адамның ұйықтап жатып жиі сөйлеуін бірнеше себеппен түсіндіруге болады:
  • бұл ересектерге қарағанда балаларда жиірек кездеседі. Өйткені балаларда жүйке жүйесі біртіндеп қалыптасады. Бұл жақсы, жаман жағдайды әдеттегіден екі есе жоғары қабылдауына түрткі болады;
  • баланың тілі енді шыға бастағанда ата-анасы көбіне оның ұйықтап жатып еріндерін жыбырлататынын, қандай да бір дыбыс шығаруға ұмтылатынын байқайды. Бұны мидың жаңа ақпаратты қабылдауға реакциясы деп түсінуге болады. Бұл – шет тілін үйреніп жүрген ересектерде де жиі болатын құбылыс;
  • адам табиғатынан сезімтал болса, сергек кезінде аса таңғалатындай оқиға болмаса да, ұйықтағанда сөйлейді. Мысалы, ұйқыға жатар алдында шытырман фильм көрсе, бұл оның ұйықтап жатып “әңгіме айтуына” жеткілікті.
  • Қандай кезде ұйықтап жатып сөйлеу қауіпті болуы мүмкін?
  • Сирек кездесетін жағдай болса да, ұйықтап жатып сөйлеу патология немесе ауру түрі болып шығуы мүмкін.
Дәрігер мына жағдайларда мәселеге бейжай қарамауды ескертеді:
  • егер адам ұйықтап жатып айқайласа, агрессия танытса;
  • тісін қайрайтын болса;
  • тез оянбай, есін әрең жиятын болса;
  • сөйлеп жатып, тыныс алуы қиындаса.
Ұйқы кезінде тұрып жүруді медицинада “сомнамбулизм” немесе “айкезбе” деп айтады. Мұндай кезде адамды шошытып, бірден оятуға болмайды. Үй жағдайында айкезбелерді сақтандыру үшін табалдырыққа немесе төсегінің жанына дымқыл орамалды жайып қоятындар бар. Орамалды басқан кезде адамның оянуы көбіне табиғи жағдайға ұқсайды.

25 сәуір 2019 ж. 735 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031