Ауызбен тыныс алу неге зиян?
Ауызбен тыныс алу жеңіл сияқты көрінуі мүмкін. Кейде ауызбен демалуды әдетке айналдырғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз. Мұрын бітеліп, тыныс алу қиындағанда да ауызбен тыныстауға көшеміз. Ал бұл қаншалық дұрыс?
Дәрігерлердің айтуынша, ауызбен емес, мұрынмен тыныс алу – денсаулық сақтаудың бірден-бір жолы. Ал ауызбен тыныстау – жаман әдет әрі аурудың пайда болуының себебі.
Өкпеге ауа жетпейді
Мұрынмен тыныстау мен ауызбен тыныс алудың айырмасы жер мен көктей. Мұрынмен тыныс алғанда сырттан кірген ауа жылынып, ылғалданып, шаң мен микробтан тазарады. Әсіресе, денсаулыққа зиян заттардан қорғайды. Мұрынмен тыныс алу арқылы адамның дәм мен иіс сезуі жақсарады.
Ал ауызбен тыныс алғанда адам көп ылғал жоғалтады. Ерін кеберсу мен ауыз қуысының құрғауы содан. Әрі ауызды ашқанда тіл мен еріннің орналасуы өзгеріп, тіс доғасы да бұзылуы мүмкін.
Мұрынмен кірген оттегі азот оксидіне айналып, өкпеге тез жетеді. Мұндай жолмен жеткен оттегі ағзаға да тез сіңетін көрінеді.
Мұрынмен тыныстағанда өкпе мен диафрагмаға ауызбен тыныстағанда көп жүк түспейді. Өйткені ауа ағыны мұрынның қуысына кіріп бәсеңдейді.
Ауызбен тыныстауға не себеп?
Адам мұрынмен тыныстау қиындағанда ауызбен тыныстауға көшеді. Бұған ринит, синусит, аденоид, аллергия сынды аурулар себеп болуы мүмкін. Тұмауратқанда да, мұрын бітелетіні бар. Кейде мұрынның өзі дұрыс бітпеуі мүмкін: анатомиялық кедергі мен мұрын сыны осыған жатады.
Ауызбен тыныс алу кейде әдетке айналып кетуі мүмкін. Мұрынға қарағанда ауызбен ауа тез кіретіні белгілі. Зерттеу деректеріне қарасақ, балалардың 5-75%-ға дейіні ауызбен тыныстауды әдетке айналдырған.
Ауызбен тыныстаудың зияны
- Ауыздан жағымсыз иіс шығады (галитоз). Жоғарыда айтылғандай, ауызбен тыныстағанда ауыздың іші жиі кеуіп кетеді. Содан ауыз қуысының микробиомасы өзгеріп, жағымсыз иіс пайда болады. Зерттеулерге сенсек, мұрынмен тыныстайтын баладан мұндай сасық иіс шықпайды.
- Адам бронхиалды астмаға шалдығуы мүмкін. Ауызбен кірген ауа көбінде суық әрі құрғақ болады. Содан тыныс алу жолы қабынып, астманың асқынуына әкелуі мүмкін.
- Тісжегі мен тіс ауруы пайда болуы мүмкін. Сілекей мен ауыз қуысының қышқылды жою қабілеті бұзылып, тіс аурулары пайда болады.
- Қырылдау мен тіл күрмелу. Әсіресе, балада пайда болатын патология. Тыныс алу жолы, соның ішінде өңеш пен жұтқыншақ құрғап қалатындықтан, тамаққа күш түсіп, қырылдау пайда болады. Уақыт өте келе тілдің орны өзгеріп, күрмелуге айналуы мүмкін.
- Ауызбен тыныс алатын адамның түнде қорылдауы жиілейді. Ал бұл өз кезегінде қан қысымы мен жүрек ауруларына, қант диабетінің пайда болуына әкелуі мүмкін.
- Ауызбен тыныстауды әдетке айналдырған баланың жастайынан ерін мен тіл, жақ қуысының орналасуы өзгеріп, физиологиялық кемшіліктерге айналады.
- Зейін мен жад нашарлайды. Ғалымдардың айтуынша, ауызбен тыныс алатын баланың зейіні мен жады нашарлайды. Неге дегенге келсек, ауызбен тыныс алатын баланың ұйқысы бұзылып содан когнитивтік қабілетінің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Әдеттен қалай арыламыз?
Ауызбен тыныс алуды қоюдың оңай жолы – әдетті тастау. Ал оған көнбеген жағдайда не мүмкіндік болмаса, онда тамыр тарылтқыш тамшы (деконгестант) қолданып көруге болады. Бірақ оны дәрігердің бақылауымен әрі рұқсатымен ғана пайдаланған жөн.