Жапония үкіметі толық құраммен отставкаға кетті
Премьер-министр Есихидэ Суга бастаған Жапония үкіметі толық құраммен отставкаға кетті, - деп хабарлайды РИА Новости.
Kyodonews мәліметінше, қыркүйектің басында мемлекет басшысы Есихидэ Суга партия басшысы лауазымына өзін ұсынбайтынын мәлімдеген, бұл оның премьер-министр қызметінен бас тартқанын білдірген еді. 2012-2017 жылдары Синдзо Абэ үкіметінде сыртқы істер министрі болған Фумио Кисида өткен сәрсенбіде партиялық сайлауда жеңіске жетті.
Дүйсенбі, 4 қазанда Жапония парламентінің екі палатасы премьер-министр кандидатурасына дауыс береді, кейін ол өз кабинетінің министрлерін тағайындайды. Партиялар ұсынған кандидаттар ішінен ең көп дауыс жинағаны премьер-министр болып сайланады. Әдетте, бұл партия көшбасшылары болады. Осылайша, парламентте көп орны бар партияның басшысы премьер-министр атанады. Қазір мұндай партия - Либерал-демократиялық партия, яғни Фумио Кисида Жапонияның 100-інші премьер-министрі болады.
Ол дүйсенбіде ресми түрде министрлер кабинетін құруға ниетті. Министрлікке кандидаттарды іріктеу демалыста аяқталды. Хирокадзу Мацуно үкіметтің бас хатшысы болады. Бұрынғы үкіметтен жаңа кабинетте үш адам қалады: сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги мен қорғаныс министрі Нобуо Киси өз қызметін сақтап қалады, ал ғылым және білім министрлігін басқарған Коити Хагиуда экономика, сауда және өнеркәсіп министрі болады.