Аспан астындағы мұражай
Чехия – Еуропадағы ескі әрі көз тартарлық мемлекет. Туристерді қызықтыратын ерекше архитектуралық ғимараттарға, тарихи оқиғаларға бай елдің даңқы жыл сайын артуда. 2012 жылы Чехияға 7 миллион адам туристік саяхат жасаса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 20 миллионға жеткен.
Әлемге танымал шағын мемлекет ХІV ғасырда өмір сүрген Чехия патшалығынан бастау алады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Чехословакия болып реинкарнациядан өтеді де, 20 жылдан кейін тәуелсіз гүлдену кезеңінде бұл елді фашистік Германия басып алады. Уақыт өте келе қайтадан қалпына келген мемлекет 1993 жылы Чехия тәуелсіз ел ретінде тарихтың жаңа парағын ашты.
Кино жағынан чех ұлты Милош Форманның “Көкек ұясының үстінен ұшу” және Оскарға 8 түрлі номинациямен ие болған “Амадей” картинасымен танымал. “Әр чех – музыкант» деген сөз жұрттың ән өнерінен де хабардар екенін білдіргендей. 1946 жылдың мамырынан бастап мұнда жыл сайын джаз, панк және классика стиліндегі орындаушылар қатысатын “Прага көктемі” музыкалық фестивалі өтеді. Чехиядағы ең танымал композитор – Антонин Дворжак.
Театр – чех мәдениетінің маңызды бөлігі. Мұнда қуыршақ театрлары өте танымал. Сонымен қатар Латерна Магика театры тек ым-ишарамен сөйлеу немесе экран мен сахнада екі бөлек қойылым қою арқылы көрерменді өзіне тартып тұрады. Ал ел астанасы Прагада қуыршақ және дәстүрлі театрлары көп.
Чехияның сәулет өнері мәдени дамудың басқа аспектілерінен әрдайым жоғары болды. Кейде бұл ел ашық аспан астындағы мұражайға ұқсайды. Онда романеск, барокко, рококо, классицизмнен модернизмге және басқа да заманауи бағытқа дейінгі әртүрлі стильдер арқылы дәуірлердің сәулеттік туындылары жинақталған. Чехиядағы ескі дәуірді еске түсіретін қорғандардың саны 2500-ден асады.
Чехияның көптеген дәстүрі мен әдет-ғұрыптары пұтқа табыну рәсімі мен халықтық мерекелермен байланысты. Олар би, музыка, ежелгі рәсімдермен бірге жүреді. Ең танымал мерекелер туралы сөз қозғайық.
Патшалардың шеруі деп аталатын фольклорлық мереке демалыс күндері мамырдың соңғы аптасында Вльчнов қаласында өтеді. Өткен ғасырда ол Моравияның бүкіл аумағында атап өтілетін болған. Дәстүр бойынша оған жас жігіттер қатысады. Ұлттық костюм киіп, гүл, лентамен безендірілген жылқыға мініп, патшаны мадақтау өлеңдерін шырқайды. Сонымен қатар қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әнші, әртістер сахнада өнер көрсетеді.
Бес жапырақты раушан мерекесі Чески-Крумлов қаласында үш күн қатарынан өтеді. Бұл күн үш ғасыр бойы қалада билік еткен Рожмберктердің әулетіне арналған. Мерекелік бағдарламада рыцарлық турнир, шахмат, ортағасырлық жәрмеңке, костюмдер шеруі сияқты көптеген шоу бар. Қонақтар мен қала тұрғындары арнайы костюмдерді киіп жүруге міндетті. Кешке мұнда отшашулар ұйымдастырылады.
Чехия туралы қызықты мәлімет көп. Ең біріншіден, Чехия – таулармен қоршалған мемлекет. Ең қызығы, мұнда бір де бір теңіз жоқ.
Мемлекетте қазір 87 әуежай жұмыс істеп тұр. Олардың алтауы халықаралық және төртеуі әскери әуежай. Ең үлкені – Вацлав Гавел атындағы Прага халықаралық әуежайы. Ал технологиялық жағынан Орталық Еуропадағы ең ірі автомобиль өндіруші ел боп табылады. Мұнда жылына 1 246 000 автомобиль, 8000 автобус және 1 000 мотоцикл шығарылады.
Чех тілі словак тілімен 90 процент сәйкес келеді. Бұл екі елдің тұрғындары арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Ал сөз бостандығы, ой еркіндігі тұрғысынан 2006 жылы Чехия әлемде 168 ел ішінен 5-ші орынды иеленді.
Туристер аспан астындағы мұражайға теңейтін әрі ұмытылмас мемлекет санайтын Чехияның ескі стильдегі қалаларында жүріп, таңғалуыңыз мүмкін. Мемлекет, тіпті, терезелерді пластикалық үлгіге ауыстыруға тыйым салады, себебі оны ауыстыру көшелердің эстетикалық көрінісін түбегейлі өзгертеді.
Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ