Әлем елдері Наурызды қалай тойлады?
Табиғаттың қайта түлеп, тіршілік атаулының жаңаратын кезі – Наурыз айы. Бұл айдың ішінде бірінен соң бірі келетін мерекелердің барлығы да қазақ үшін маңызы ерекше. Бастысы, сан ғасырлық тарихы бар Ұлыстың ұлы күні. Ол түркі, парсы халықтарының Жаңа жылы саналады. Ендеше әлем елдері бұл мерекені қалай тойлайтыны туралы тереңінен тарқатайық.
Ең бірінші Әзірбайжан халқына тоқталайық. Олар Наурыз мейрамын күн мен түннің теңескен күні ретінде атап өтеді. Ел тұрғындары бұл мейрамды қатты ұнатады. Ас дайындайды, адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіреді. Бұл үрдіс биылда қайталанды.
Басты тағамы – шекебура. Елестетіп көріңіз, ол – ай пішіндес қамырдан жасалатын тәтті тағам. Ал ондағы өсіп тұрған жасыл бидай сабақтары «Күн символын» білдіреді. Бидай қуырылып, жұмыртқалар қызылға боялады. Айтпақшы, әзірбайжандықтарда Наурыз күні жаңбыр жауса, «жыл өте жақсы, берекетті болады» деген наным-сенім қалыптасқан.
Көрші айыр қалпақты ағайындар елінде бұл мейрам айрықша тойланады. Дастарқан жайылып, май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық тағам – сүмелек және көже дайындалады. Халық арасындағы сенімге байланысты «су» және «мелек» сөздерінен құралған. Және бұл жәннәт тағамы, қасиетті екендігі айтылады. Қарызынан құтылып, адамдар бір-бірімен татуласады. Кейбір жергілікті сенім бойынша осы күні нәресте дүниеге келсе, есімін «Нооруз» деп қояды. Қар жауса – жақсылықтың нышаны. Қазіргі таңда Қырғызстан алаңдарында жалпыхалықтық серуен, мерекелік концерт пен ұлттық ойындар өтеді.
Көктемгі Наурызды көрші ел ерекше атап өтеді. Халық мерекені қалай күтіп алса, жыл толығымен солай өтеді деп сенеді. Сондықтан бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленеді.
Оларда 21 наурыз күні тойланады. Дәстүрлі түрде жәрмеңке, жалпы халықтық шеру, ит және әтеш шайқасы, ат шабысы ұйымдастырылады. Ұлттық киімдерімен ән айтып, би билейді. Көпшілігі қазіргі күнге дейін ежелгі дәстүрін сақтап келеді. Негізгі тағамдары – сумаляк (бидай ұнынан жасалған тағам) самса, хош иісті палау, халим (бидай етпен) мен жасыл желек қосып дайындалған нишалда тәтті бәліші әзірленеді. Сумаляк – өмірді, денсаулықты, молшылық пен жылылықты білдіреді.
Сонымен қатар Өзбекстанда аналар қыздары мен келіндерін жанына алып түрлі жеміс пен көкөніс тағамын жасап, дастарқан жаяды. Қазанды толтырып тамақ пісіреді. Бұны қазан толды дейді, онысы «ризығымыз толы болсын» деген ниетке саяды.
Түрікмендерде көктем мейрамы Наурызға байланысты қазіргі таңда халыққа танымал кейбір ырымдар бар. Мәселен, «Егер наурызда күн бұлтты болса, онда осындай ауа райы маусым айына дейін созылады» деп күткен немесе «Наурызда қар немесе жаңбыр жауса – жыл егінге қолайлы әрі өнімді болады» деп топшылаған.
Олар мерекеге сай тағы бір жаңа үрдіс ойлап тапты. Ол «Наурыз Байрамы» кезінде әйелдердің қоғам өміріндегі рөлінің танылуы мақсатында Әйелдер күнін, Аналар күнін атап өту. Әдетте, бұл кезде ұлттық киім киген ерлер ас әзірлейді.
«Навруз» деп атайтын Тәжікстан тұрғындары мереке күндері бір-бірімен «Наврузотан пируз бод!» немесе «Навруз муборак бод!» деп ерекше түрде сәлемдеседі
Мерекенің басты тағамы – кәуап және дәндерден қосып жасалған тәтті палау. Оны ерлер дайындайды. Тәжіктерде мерекенің басты символы – от. Яғни жаңару мен емдік қасиеті бар деп сеніп, отқа байланысты көріністер қояды.
Дастарқанда «С» әрпінен басталатын ең аз 7 түрлі тағам дайындалады. Олар суманак пен сипанд, сирке мен сэмени, сабзи және т.б. Бұлардан басқа үстелде айна, балауыз және боялған жұмыртқа болады. Осы барлық аталғандардың символикалық мән-мағынасы бар. Балауыз – адамды жаман рухтан сақтаушы жарық пен от, ал жұмыртқа мен айна – ескі жылдың аяқталуын білдіріп, жаңа жылдың алғашқы күнінің басталғанын сипаттайды. Үстелдің сәні ретінде самбуси (самса), сабси (көкөніс) және өсіп тұрған жас бидайдың сабағы қойылады.
Аспан асты елінде күн мен түннің теңелген Наурыз мейрамын этникалық ұйғыр, қазақ, өзбек, дүнген т.б. халық мекендеген Шыңжаң-ұйғыр автономиялық округінің тұрғындары атап өтеді. Адамдар ашық түсті киімдер киіп, ғибадат үйлеріне барады. Мерекелік киімдердің түстері – ақ, қара, жасыл және сары болады. Олардың әрқайсысы от, су, ағаш, металл және жерді әспеттейді. Мұнда дәстүрлі тағам ретінде жеті түрлі дәмнен дайындалған ботқа жасалады. Халқы ерекше көңіл күймен би билеп, ән салады.
Үндістан мұсылмандары да шырайлы көктем Наурыз мерекесін өзгеше атап өтеді. Оларда айрықша ырымдар мен сенімдер жоқ. Керемет үстел дайындап, әдемі киім киініп барлық нәрсені гүлмен көркемдейді. Мұнда да үлкен етіп от жағады және үндістер «өткен жылдың барлық сәтсіздіктері осы отпен бірге кетеді» деп сенеді.
Ауғанстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы 21 наурызда тойланады. Соның ішінде осындай оғаш салт-жоралғылары бар. Ол 20 наурыз түнгі сағат 1-ден, 21 наурыз күндізгі 12-ге дейін ешкім көшеге шықпауы тиіс. Яғни егер кімде-кім сол уақытта үйден шықса, онда келе жатқан жылда жанұясының бір мүшесі дүниеден өтеді деген наным болған.
Біраз уақыт мейрамға дейін жанұяның барлық мүшесіне жаңа киімдер тігіледі. Жақындарына сыйлықтар беріліп, үйге тазалық жасалады. Бұл күні дастарқанда жемістер мен дәндер, жеті түрлі жемістен дайындалған компот және 5 түрлі тағам болады. Атауы «с» әрпінен басталатын бұл тағамдар барлық достар мен таныстарға ұсынылады. Әдетте, жанұядағы баланың санына байланысты алдын ала жұмыртқа пісіріліп, түрлі-түске боялады. «Бақытсыздықты өзімен бірге алып кетеді» деген ырыммен, жанұядағы әр балаға кем дегенде бір дана жұмыртқа жегізеді.
Түркияда Наурыз – Aнадолуда «Султан-ы Невруз», «Невруз Султан» сияқты аттармен танылған. Салт-дәстүр бойынша алғашқы күні не көрсе немесе байқаса, адам жыл бойы сонымен бірге болады деп жорамалдаған. Бұл тек адамдарға ғана емес, қарапайым тұрмыстық заттар мен тағамдарға да байланысты. Сол себепті, мейрамда Түркияда алдын-ала дайындалып, өзіне заттар сатып алып және жақсы амалдар жасауға тырысады. Наурыз мейрамының негізгі атрибуты – қасиетті от болып саналады. Ол – қазіргі таңда бірте-бірте отшашулармен алмастырылып келеді. Сонымен қатар фольклорлық аспаптар тобы да өз өнерлерін көрсетеді. Көптеген тағам жасалады.
Олар 23 наурызды мерекенің алғашқы күні ретінде атап өтеді. Таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киеді. Зират басына барып дұға жасайды және шәй, кофе ішеді. Сол мезетте аспаптар ойнатылып, жыр мен өлең айтылады. Ағашқа әткеншектер құрады. Балалар «байрақ» жазуы бар батпырауықтарды ұшырады. Туыс-жақындары мен көршілер бір-біріне қонаққа барады. Әулеттің үлкендеріне барып құттықтап, батасын алып қайтады.
Дайындаған А.БАҚЫТҰЛЫ