Наурыздың жаңа форматы: Ұлыстың ұлы күні 9 күн тойланады
Соңғы жылдары Наурызды сахналық сипатта тойлау басым болып кетті. Бірқатар танымал этнограф ғалымдар осыны сынап, Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу мәселесін қайта қарауды ұсынған болатын. Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа жолдары таныстырылды. Барлық ұсыныстар "Наурыз шапағаты" жинағына топтастырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тұжырымдама бойынша алты күн дайындық шараларына арналса, қалғаны мерекелік күндер болады. Олар:
14 наурыз – Көрісу күні;
15 наурыз – Шежіре күні;
16 наурыз – Жайлау күні;
17 наурыз – Игі істер күні;
18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні;
19 наурыз – Зияткерлік күні;
20 наурыз – Жоралғы күні;
21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні;
22 наурыз – Бұқара күні.
"Рухани жаңғыру" орталығының директоры Жанар Бұқанованың айтуынша, соңғы жылдары Наурызды сахналық сипатта тойлау басым болып кетті. Бірқатар танымал этнограф ғалымдар осыны сынап, Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу мәселесін қайта қарауды ұсынған болатын. Осыған байланысты Наурызды тойлаудың жаңа форматы әзірленді.
Орталық басшысы тақырыптық күндердің мән-мағынасын да түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, Жайлау күнінде адамдар табиғаты аясына шығып, серуен құра алады. Тал отырғызуға болады. Осының арқасында өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениеті көтеріледі.
"17 наурыз - игі істер күні, дархандық күні деп отырмыз. Бұл күні әр адам мүмкіндігіне қарай бір жақсы іс жасайды. Соның ішінде еріктілердің қатысуымен көптеген шаралар өтеді. Осы күні жергілікті әкімдіктер сан алуан қайырымдылық акция ұйымдастырады", - дейді Бұқанова.
Шымырлық пен шеберлік күні ұлттық спорт шараларына арналса, 19 наурызда балалардың арасында зияткерлік ойындар ұйымдастырылады. Жоралғы күні салт-дәстүрлерді жаңғыртуға арналады. 21 наурызда ұлттық тағамның түр-түрі жасалса, 22-сінде мерекелік шаралар ұйымдастырылады. .
Айта кетейік, тұжырымдама барлық аймақтарға ұсыным ретінде таратылады.