Тас дәуіріне тиесілі ғибадатхана
Адамзат тарихындағы ең көне мәдени мұраларға біз Египеттегі пирамида мен қазіргі Англия жерінде орналасқан Стоунхендж бағаналарын жатқызамыз. Өткеннің ізімен жүріп, жаңа өркениеттерді ашумен айналысатын археологтар тарих қойнауын тереңдетуден жалыққан емес. Бүгін біз жоғарыда айтылған пирамидалардан жасы екі есе үлкен адамзатқа ортақ тарихи мұра туралы тарқатып айтамыз.
Гөбекли Тепе – қазіргі Түркия жерінде орналасқан құпияға толы кешен. Оның табылуы адамзаттың жерде өмір сүре бастау түсінігін түбегейлі өзгертері кәміл. Ежелгі уақытта салынған ғибадатхана кешенінің атауы қандай болғанын ешкім білмейді. Тарихи мұра орналасқан төбенің формасы үшін түріктер оны Гөбекли Тепе, яғни қазақша аудармасында «қарын төбе» атап кеткен.
Аталған жерге дөп басып бару үшін Шанлыурфа қаласына тоқтала кеткен жөн. Қала Анадолының оңтүстік-шығысында орналасқан. Бір қызығы Шанлыурфа ежелгі Месопотамия өркениеттерінің бірі табылған аймақта жатыр. Шаһардың солтүстік-шығысындағы 20 шақырым жерде Гөбекли Тепе табылған Өренжік ауылы бар.
Тарихи орынды өткен ғасырдың 60 жылдары табудың сәті түскен. Жергілікті тұрғындар жер телімдерінен жер жыртуға мүмкіндік бермеген алып тас тақтайшаларын тауып Шанлыурфадағы мұражайға өткізеді.
Археологтар табылған тас тақтайшаларын Византия кезеңіндегі обалардың қалдығы деп ойлап, тиісті мән бермеген. Арада отыз жыл өткеннен кейін ғана Өренжікке Стамбул мен Чикаго университеттерінің ғалымдары келіп, тақтайшалардың жасы едеуір ескі болуы мүмкін деген болжам жасайды.
Соңғы нүктені неміс ғалымы, археолог және тарихшы Клаус Шмидт қойды. Ол Шанлыурфадағы археологиялық мұражаймен бірлесе отырып, тақтайшалар туралы деректерді жинай бастайды. Соңында олардың мезолитке жататынын және жасы біздің дәуірімізге дейінгі 9 мыңжылдыққа жататынын анықтады.
Бұл табылған құрылымның Стоунхенджден 6000 жыл және Египет пирамидаларынан 7000 жыл бұрын салынғанын білдіреді. Гөбекли Тепе ғибадатхана кешені мұз дәуірі кезінде салынған деп саналады.
Олар осы аумақты егжей-тегжейлі зерттей бастаған кезде ультрадыбыстық әдіспен жер астындағы ғибадатхана кешенінің аумағы 5 футбол алаңына тең екендігі анықталды.
Осы уақытқа дейін оның аз ғана бөлігі зерттелген. Гөбекли Тепені қазу жұмыстары үнемі күзде және көктемде жүзеге асырылады. Әзірге ғибадатхана кешені ішінде Т-тәрізді бағандар табылған 4 бөлек дөңгелек тастан жасалған бөлмеден тұрады.
Салмағы 50 тоннаға жететін, биіктігі 3-6 метрге дейінгі Т-тәрізді 20-дан астам баған бір-біріне қатты ұқсас. Бұл бағандардың бәрін тастан және әктен басқа құралы жоқ адамдар ойып жасағанына сену қиын. Бағандар жануарлардың бейнелерімен, басы жоқ адамға ұқсас фигуралармен, сондай-ақ тастан жануарлар мен адамдардың бас сүйектерінен жасалған әшекей құралдармен безендірілген.
Жануарлардың барлығыда еркек түрлері арқылы суреттелген. Жабайы жануарлардың бейнесі ғалымдарға сол кезде адамдар әлі үй жануарларын қолға үйретпегенін анықтауға мүмкіндік берді.
Қайсыбір тарихи кешен тәріздес мұнда да таңғаларлық жайттар көптеп кездеседі. Тас дәуіріндегі адамдар құрылысты жетік білмеді десек еденге су өткізбейтін жерді қалай салған? Салмағы 50 тонна тас бағаналарды қалай жылжытып, биіктікке көтерілді? Неге ғибадатхана кешенін тұрғындар біржола тастап кетті деген сұрақтар еріксіз ойға келеді.
Ғалымдар осы сұрақтардың барлығына әлі жауап таба алмады және олардың көпшілігі тек болжам ұсынумен шектеліп жүр.
Біріншісінде бұл ғибадатхана жұлдыздарды, атап айтқанда Сириус деп аталатын жарқын жұлдызды бақылайтын обсерватория ретінде қызмет еткен дейді. Барлық бағандар жұлдыздармен анық тураланған. Сириус – көптеген ежелгі адамдар қасиетті деп санаған жұлдыз.
Тағы бір гипотеза мистикалық және діни сенімдерге тікелей қатысты. Ежелгі дәуірдегі барлық жануарларға адамдар құдай болмысын бергені белгілі. Осы орайда ғибадатхана зұлым күштерді тыныштандыру және жақсылық шақыру үшін салынған деуге негіз бар. Ғибадатханада адамдардың да, жануарлардың да құрбандықтары шалынуы мүмкін.
Тек 5 проценті ғана зерттелген кешеннің ішінде тың деректерге толы тарихтың жаңа парақтары сақтаулы тұр деуге әбден негіз бар.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ