Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жоғалған жазушы

Жоғалған жазушы

Танымал тұлғалардың тағдыры тылсым дүннеге толы. Ғұмыры ғажайыппен астасып, аңызға арқау болар ақын-жазушылар легі көп-ақ. Бүгінгі айтар әңгіме әдебиет сүйер оқырманға «Кішкентай ханзада» атты туындысымен танылған Антуан де Сент-Экзюпери жайлы болмақ.
Антуан Францияның Лион қаласында сақтандыру инспекторы сан-Марк Сент-Экзюпери мен Мари Буа де Фонколомбтың отбасында 1900 жылдың 29 тамызында дүние есігін ашады.
Оның қысқа өмірі оқыс оқиға мен қиындыққа құралған картина тәрізді. Төрт жасында граф әулетінен тарайтын әкесінен айырылған Антуанның тәрбиесімен жалғыз анасы айналысады. Анасына қатты бауыр басқан елгезек бала бақытты балалық шағын Сен -Морис де Романс қамалында өткізеді. Анасы алғыр, қиялы ерек кішкентай Тонионың тәрбиесімен ерекше айналысады. Ақындық, суреткерлік қабілетіне қатты көңіл бөліп, скрипкада ойнауды да үйретеді.
Болашақ жазушы ең алдымен иезуиттік Сент-Круа колледжінде білім алады. Мұнда жүрген тұсында тек бірге оқыған інісімен ғана араласады. Соданда болар колледждегі бірге оқитын студенттер оған аспанға көп қарағыштайтын әдеті мен ойлы көздері үшін «қияли» деген ат берген.
Одан бөлек, Бейнелеу өнері академиясының сәулет бөлімінде білімін жетілдіріп, 1919 жылдың қазан айында ұлттық жоғары бейнелеу өнері мектебіне ерікті болып жазылады.
1921 жыл жазушының өміріндегі үлкен бетбұрыс болды. Франция әскери шебіне шақырылып, жөндеу шеберханаларындағы жұмыс тобына қосылып еңбектенген қаламгер бұл жерде көп тұрақтамай азаматтық ұшқыш атану үшін емтиханнан өтеді. Ұшқыш болып жүргенде 15 рет апат болып, ажалмен бірнеше мәрте бетпе-бет ұшырасады.
Әуе кемесін басқарып жүрген күндердің бірі 1923 жылдың қаңтарында алғашқы ұшақ апаты орын алып, ол бас-ми жарақатын алады. Осы оқиғадан кейін Экзюпери Парижге тұрақтап, жазу үстеліне жайғасады. Алғашында бұл бағытта жасаған қадамы сәтсіз аяқталады. Тіршіліктен тарыққан жазушы реті келген кезкелген жұмысқа білек сыбана кірісіп, автомобиль саудасымен айналысып, кітап дүкенінде сатушы болып өз күнін көріп жүре береді.
Тек 1926 жылы ғана армандаған авиацияда қызмет табылып, Африканың солтүстік жағалауына пошта жеткізетін «Аэропосталь» компаниясының ұшқышы атанады.
1926 жылғы 19 қазанда ол Сахараның ең шетіндегі Кап-Джуби аралық станциясының бастығы болып тағайындалды. Ол кезде Африка жағалауы көшпелі тайпалардың тонауы мен зорлық-зомбылықпен айналысуына байланысты қауіпті аймақ еді. Жаңа аэродром бастығына көшпенділермен достық қарым-қатынас орнату тапсырылды.
Мұнда ол өзінің алғашқы жұмысын – “Оңтүстік пошташыны” жазып шығады. Үш жылдан соң Сент-Экзюпери Францияға оралып, Бресттегі теңіз флотының жоғары авиациялық курсына түседі. Көп ұзамай Галлимар баспасы “Оңтүстік пошташы” романын басып, Экзюпери Оңтүстік Америкаға кетеді.
Әуеде қалықтағанмен қатар жазуды жаны сүйетін Антуан 1935 жылдың көктемінде “Пари-Суар”газетінің тілшісі болады. Бұл газетте өткерген өміріндегі айтулы оқиғаның бірі КСРО сапары еді.Советтік режим қалыптасып үлгерген Одақта болған тілші “Кеңестік әділеттілік алдындағы қылмыс пен жаза” деген мақаласын жариялады. Бұл жұмыс Сталиннің қатаң режимін түсінуге тырысқан алғашқы батыстық басылым бастамасы ретінде танылды.
Көп ұзамай Сент-Экзюпери өзінің S. 630 “Симун” ұшағының иесі атанды. Осы ұшақпен ол Париж бен Сайгон арасын 47 сағатта жалғаған француздық ұшқыш Андре Жапидің рекордын жаңартуды ойлайды. Екі апта дайындықтан кейін 1935 жылы 29 желтоқсанда Париж-Сайгон рейсінде аталмыш жеке ұшағымен рекорд орнатуға тырысқан ол 4 сағат 15 минуттан соң Ливия шөлінде апатқа ұшырап, өлімнен аман қалады. Бір тамшы суға зарыққан ол көш жүретін жолға жетіп жығылады. Осында оны бір көш ілестіріп әкеткен.
1938 жылы қаңтарда Экзюпери «Адамдар планетасы» кітабымен жұмыс істеу үшін Нью-Йоркке кетті. 15 ақпанда ол Нью-Йорк-Тьерра-дель-Фуего рейсін бастағанымен Гватемаладағы ауыр апаттың басты кейіпкері атанды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сент-Экзюпери “Блок-174” ұшағында бірнеше рет әскери тапсырма орындап, «Әскери крест» марапатына ұсынылды.
Францияның жеңілісінен кейін ол жау қолына өтпеген жерде тұратын әпкесіне көшіп барып, кейінірек АҚШ-қа кетті. Нью-Йоркте тұрақтаған уақытта жазушы өзінің ең танымал «Кішкентай ханзада» кітабына кіріседі.
1944 жылы Корсика аралындағы Борго аэродромынан барлау рейсіне аттанған ұшқыш бұл жолы оралмайды. Ұзақ уақыт бойы оның өлімі туралы ештеңе анықталмай және ол Альпіде құлады деген тұжырым ғана болған.
Тек 1998 жылдың қыркүйегінде Жерорта теңізінде, Риу маңында Ж.-К. Бианкоға тиесілі «Горизонт» кемесінің балықшылары металл тақтайшасы бар білезік тауып алады. Тазалаудан кейін онда «Antoine de Saint-Exupery (Consuelo) – c/o Reynal and Hitchcock Inc. – 386 4th Ave N.Y. City – USA» сөздері анықталған.
Сүңгуір Люк Ванрел 70 метр тереңдіктен Сент-Экзюпериге тиесілі ұшақтың сынықтарын тапқанын мәлімдеген. Ұшақтың қалдықтары ұзындығы бір шақырым және ені 400 метр болатын жолақта шашыраңқы күйінде табылған. Ұшақ бөлшектерінде зауыт нөмірі – 2734 деп жазылған. Нөмірді зауыттық техникалық құжаттама арқылы тексеру оның Сент-Экзюперидің ұшағы екенін растады.
2008 жылы неміс ардагері 86 жастағы Хорст Рипперт өзінің Мессершмитт Ме-109 жойғыш ұшағымен Антуан де Сент-Экзюпериді атып өлтіргенін айтты. Рипперттің мәлімдемесіне сәйкес, ол сент-Экзюперидің есімін шөлден өлген немесе өзін-өзі өлтіруі мүмкін деген қисынсыз айыптардан тазарту үшін мойындаған. Оның айтуынша, егер ол жау ұшағының рулінде танымал жазушының отырғанын білгенде атуға бел байламас едім дейді. Алайда, Риппертпен бірге қызмет еткен ұшқыштар оның сөзінің дұрыстығына күмәнмен қарайды.
Қазір Экзюпери ұшағының сынықтары Ле-Буржадағы авиация және космонавтика мұражайында сақтаулы.
Арабтар «құстардың капитаны» атап кеткен Франция аспанында жоғалған жазушы туралы әдемі аңыз өмір сүруін жалғастыруда. Жерорта теңізіне сіңіп кеткен Антуан өзінің кейіпкері кішкентай ханзада секілді жұлдыздарға қарай бет алған болар.
Дайындаған Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
04 қараша 2020 ж. 495 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930