Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 40 мыңнан асты
Қытайдың Хубэй провинциясынан басқа аймақтардағы жаңа коронавирусты жұқтыру оқиғасы 6 күннен бері азайып келе жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресми статистикаға сәйкес, өткен тәулікте (9 ақпандағы жағдай бойынша – авт.) материктік Қытайдың Хубэй провинциясынан басқа аймақтарында жаңа коронавирусты (NCP, Novel Coronavirus Pheunomia) 444 адам жұқтырған. Өткен жексенбіде Денсаулық сақтау істері бойынша Мемлекеттік комитеттің баспасөз хатшысы Ми Фэн Хубэй провинциясынан тыс аумақта тіркелген науқастар саны күн сайын 890-нан (3 ақпандағы жағдай) 509 оқиғаға (8 ақпан) дейін азайғанын айтты. Төмендеу 42,8% құрады. «Бұл алдын алу және бақылау механизмі, сонымен қатар ҚХР әкімшілік-аумақтардағы қатаң тәрітіптік шаралар нәтиже бергенін көрсетеді», - деп атап өтті шенеунік. Өткен тәулікте құрлықтық Қытайда жаңа індетті жұқтырған 3062 адам тіркеліп (Хубэй провинциясында – 2618), 97-сі өліммен аяқталды (Хубэйде – 91), сауыққандар мен емханадан шығарылғандар саны – 632 (Хубэйде – 356). Соңғы мәліметтер бойынша, ҚХР-да қауіпті індетті жұқтырғандардың жалпы саны 40 171-ді құраған. 908 науқас мерт болып, 3281 адам сауығып, ауруханадан шығарылды. Өткен жексенбіде коронавирус ошағына айналған Хубэй провинциясы билігі алғаш рет аймақта коронавирустан болған өлім санының пайыздық көрсеткішін жариялады (8 ақпандағы жағдай бойынша - авт). Коронавирустан болған өлім-жітім деңгейі провинцияда – 2,88%, ал әкімшілік орталығы Ухань қаласында 4,06%-ды құрайды. Жалпы Қытайда індеттен қаза тапқандардың 97%-ы Хубэй провинциясында тіркелген.
syrboyi.kz