Түркі әлемінің тарихында Алтайдың алатын орны ерекше – Тоқаев
Тоқаев өз сөзінде «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» деген жеті томдықты атап өтті

Фото: Ақорда
Бүгін Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамыту мәселесі де әріптестіктің маңызды бағытының бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ең алдымен Тоқаев Қазақстанның авторлары жазып жатқан ғылыми еңбектерге тоқталды.
«Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеу, сақтау және дәріптеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Мен биыл Түркістанда өткен басқосуда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн деп санаймыз. Сонымен қатар елімізде «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық ауқымды еңбек әзірленіп жатыр. Осы жұмысқа белсене қатысқан түркі елдерінің ғалымдарына шынайы алғыс білдіреміз. Академиялық еңбек тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан кең ауқымда, шынайы және әділ көзқараспен қарауға көмектеседі», – деді ол.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға қарасты құрылымдар да іргелі істер атқарып жатқанын атап өтті.
«Түркі академиясының бастамасымен ортақ тарихи және мәдени ескерткіштерге арналған бірқатар еңбектер жарық көрді. Атап айтқанда, «Түркі әлемінің киелі географиясы» үш томдығы, «Көне түркі жазбаларының» бес томдық каталогі дайындалды. Сондай-ақ «Қазіргі түркі тілдері сөздігінің» 25 томдығы басылып шықты. Бұл еңбектер – түркі ғалымдары жұмысының үлкен нәтижесі. Сонымен қатар Түркі мәдениеті және мұрасы қоры «Turkic Heritage» халықаралық цифрлық платформасын дайындады. Бұл бірегей цифрлық өнім түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін танып-білуге мүмкіндік береді. Түркі әлемінің тарихында Алтайдың алатын орны ерекше. Биыл Қазақстанда «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өтті. ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Біз осы бастама аясында түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, әдебиет пен тіл мәселесіне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумын, сондай-ақ Түркі және ислам әлемі мұражай ісі мамандарының жиынын өткіземіз. Ғалымдарымызды осы іс-шараларға белсене атсалысуға шақырамыз», – деді Тоқаев.












