Теңіздегі атышулы даудан соң 25 қазақстандықтың қызметі өседі
Атырау облысында Теңіз жобасына қатысушы ССNP компаниясында өзінде жұмыс істейтін 25 қазақстандықтың қызметін көтеріп, жалақысын өсіргелі жатыр, деп хабарлайды Астана телеарнасына сілтеме жасап, Zakon.kz.
Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төраға міндетін атқарушы Ерлан Райғаниев телеарна жолдаған сауалға берген жауабында мәлім етті.
Айта кетейік, Атырау облысында қазақстандықтар мен шетелдік жұмысшылар арасында дау туып, жаппай төбелес болған еді. Теңіз жобасына қатысушы ССNP компаниясында жұмыс істейтін кейбір шетелдік азаматтар осы қырғыннан кейін елдеріне қайтып кеткен.
"Министрлік өкілі олардың санын дөп басы айта алмады. Бірақ бүгінде компанияда жұмыс істейтін 25 қазақстандықтың қызметі жоғарылайтыны белгілі болды. Аймақта дереу құрылған ведомствоаралық арнайы комиссия қорытындысы жақында жария болмақ. Ал елордадағы Ал Абу Даби Плаза кешені жұмысшыларының талабы түгелдей орындалған көрінеді", - дейді телеарна тілшісі. Ведомство Теңіз бен Абу Даби Плазадағы жұмысшылар наразылығы қайталанбас үшін арнайы жоспар құрған. Қазір Бас прокуратурамен бірлесіп, 50-ден астам шетелдік жұмысышысы бар 63 кәсіпорынды тексеруді бастап кеткен. 9-шы тамызға дейін олардың еңбек замнамасына сай жұмыс істеп жатқаны тексерілмек.
- Шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындар тексеріледі. Одан басқа арнайы меморандумға қол қоямыз деп отырмыз. Онда шетелдік және қазақстандық жұмысшыларға теңдей еңбек жағдайы жасалуы талап етіледі. Сонымен қатар Еңбек кодексіне жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жұмыс беруде кемсітушілікке жол бермейтін норма енгізілуі мүмкін, - дейді Ерлан Райғаниев.