Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елге еңбек ету – елге парыз

Елге еңбек ету – елге парыз

Ардагерлер – абзал жандар. Олардың ел-жұрт үшін еткен қажырлы еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай кейінгі толқынға үлгі болған ардақты азаматтардың бірі – Әйтеке би кентінің тұрғыны, байырғы құрылыс-инженері, Құрметті құрылысшы Әли Қәдірқұлов биыл сексен жастың сеңгіріне шығып отыр.

Мерейтой үстінде қазыналы қарияға жолығып, өткен өмір өрім­дері мен бүгінгі заман ағымы туралы әңгімелесудің орайын келтірдік.
– Халықта «Мыңның түсін таны­ғанша, бірдің атын біл» деген даналық сөз бар. Олай болса, сол айтылғандай оқырман қауым алдындағы әңгімеңізді алдымен аз-кем таныстықтан бастасақ...
– Мен Қазалы стансасында 1939 жылдың 23 ақпанында дүниеге келдім. Әкем Жұмали қарапайым жұмысшы болса, шешем Балсұлу үй шаруашылығымен айналысқан абзал ана еді. Уақыт көшіне ілесе қоңыр күйлі күй кешкен отбасында тәрбиелене жүріп, қазіргі Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектебінің 10 сыныбын 1957 жылы үздіктер қатарында бітіріп шықтым.
Талап – талмас қанат. Білімге деген құштарлықтың арқасында мектепті аяқтаған соң Ташкент қала­сындағы теміржол институтының өндірістік-азаматтық құры­лыс факуль­тетіне оқуға түстім. 1962 жылы құрылыс-инженері мамандығы бойынша диплом алдым.
– Сонымен алғашқы еңбек жолы­ңыз қайдан басталды?
– Сол кезеңде жоғары оқу орнын бітіруші әрбір жасқа жұмысқа орналасуға жолдама берілетін. Сәтін салғанда менің шөбім туған жерге түсіп, Қызылорда қаласындағы №355 құрылыс-монтаж пойызы мекемесінде құрылыс шебері болып қызметімді бас­тадым.
– Сізді мезгілінде Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс санал­ған Қазалы су торабын салуға қатысты деп естідік.
– Иә, Кеңес Одағы дүрілдеп тұрған шақта қолға алынған алып құрылыс нысанының жұмысына араласқаным шындық. Мұны есімнен шығармай, әрдайым мақтанышпен айтамын.
Атышулы құрылыстың іргетасы 1963 жылдың жаз айында қаланды. Осы уақытта аймақтағы бұрынғы майда колхоздар ірілендіріліп, ауыл шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасалды. Соның нәтижесінде Сырдария өзеніне тоспа салып, аудан көлеміндегі егістік алқап пен мал азығын дайындайтын шабындықтарды суландыруға бағытталған жарқын жоспар алға қойылды.
Агроөнеркәсіп саласын жаңғыртуға арналған іргелі су тоспасы басындағы қажырлы да қауырт тірлікті №16 жылжымалы механикаландырылған колонна ұжымы жүргізді. Онда төрт құрылыс учаскесі жасақталып, межеленген істі жүзеге асыруға күш салынды. Одақтық деңгейдегі алып құрылысқа 500-ден астам адам қатысты. Арасында құрылыс батальонында әскери борышын өтеуші солдаттар да болды. Ресей, Қырғызстан, Украина елінен білімді мамандар шақырылып, ортақ шаруаның алға өрлеуіне лайықты үлес қосты.
Жасыратыны жоқ, сонда біздегі құрылыс мекемелерінің материалдық-техникалық базасының қуаттылығы айта қаларлықтай мәз емес-тін. Топырақты үйіп, тегістеуге қолданылатын скреперлер мен автокрандар жетіспеді. Кейде эксковатордың шөмішіне бекітіл­ген сым арқанды ауыр заттарды көтеруге пайдаланған жағдайлар да кездесті. Кейін орын алған олқылықтың орны толтырылып, Ресейдің Челябинск қала­сынан қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар жеткізілді.
Нысан құрылысының жобасы аса күрделілігімен ерекшеленді. Мәселен, тоспаға қойылған тіреудің әрқайсысына 220-250 текше метр бетон құйылатын. Және белгіленген мөлшерлеме үзіліссіз орындалуы тиіс. Себебі жұмыс ырғағы бұзылса, оның сапасы нашарлайды. Сондықтан мұндай мәселелер мамандар тарапынан үнемі қатаң бақылауда ұсталып отырды.
Қазіргі Ә.Тыныбаев есімін иемденген Қазалы су торабының құрылысы 1970 жылдың күзінде ел игілігіне пай­далануға берілді.
Алып құрылыс нысаны бастал­ған жылдары мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінде оның қаржысы мен сапасын бақылайтын құрылыс инженері қызметін атқардым. 1966 жылдан бас­тап аудандық партия комитетінің нұс­қауымен сондағы өндірістік-техникалық жоспарлау бөлімінің басшысы міндетін мойныма алдым. Ақырында ортақ мүдде ойдағыдай орындалды.
Бұдан кейінгі еңбек жолым Қазалы су құрылысы құрылыс-монтаж тре­сінде аға экономист, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас құры­лыс инженері, №6 шаруашылықаралық құрылыс-монтаж колоннасы басшысының орынбасары, №41 жыл­жымалы-механикаландырылған колон­наның, Қазалы ұжымшаралық құрылыс мекемесінің, Қазалы аудандық су желілері және канализация басқармасының басшысы сияқты қыз­метпен жалғасын тапты.
– Айтулы нысан құрылысын жүргізу барысында ұмытылмастай есте сақталған әсерлі сәттер болған шығар...
– Бүкілодақтық екпінді құрылыстың тыныс-тіршілігі Қазақстан, одан асып Одақ басшылығының назарынан тыс қалмады. Сондай күндердің бірінде, ұмытпасам 1964 жылдың жаз айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Қазалы жері­не келді. Тынымсыз еңбек әуеніне бөленген тоспа басында болып, мамандармен және құрылысшылармен жүздесті. Жағдаймен жан-жақты танысып, екпінді құрылысты алға ілгері­летудің жолдарын ақылдасты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген республика басшысы: «Ел ырзығын молайтамыз десек, мал шаруашылығымен бірге астық өндіруді де өрістетуіміз қажет. Келешекте Сыр өңірінде, оның ішінде Қазалыдағы күріштік алқап көлемі арттырылуы тиіс. Осыған орай су реттегіш нысан құрылысын жедел де, сапалы етіп аяқтауға күш салайық» деп сенім артты.
Бұл кездесу әлі күнге дейін жадымда. Халықтың асыл азаматының парасатты, байсалды болмысы мен жылы жүзі жүрегімде мәңгілік сақталып қалды.
– Сіздің үш жүзге пір болған Мүсірәлі баба кесенесін тұрғызуға да атсалысқаныңызды көптің аузынан жиі естиміз. Бұл іс қалай басталып еді?
– Мүсірәлі Сопы Әзіз ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, даралығымен ерекшеленетін дін өкілдерінің бірегейі. Ол Тәуке ханның тұсында үш жүзге пір атанып, жеті жарғыны жазуға араласқан. 1997 жылдары қасиетті бабаға Қазалы жерінен ескерткіш-кесене тұрғызу жөнінде тұрғындар тарапынан ұсыныс түсіп, бастама көтерілді. Салмырза Қалдыбеков, Оспан Медеуов сияқты инженер-құрылысшылар мен көпшілік қауым ақылдаса келе, кесене сызбасы жобасын әзірлеуді маған тапсырды.
Жоба нобайы дайын болысымен сол кездегі аудан әкімі Болатбек Пұсырмановтың қабылдауында болып, ескерткіш кесенеге қолайлы жер бөл­гізуді сұрадық. Әдепкіде 5-ші кварталдағы С.Сейфуллин атын­дағы №165 орта мектеп маңы, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың мемо­риалдық музейі ауласындағы саябақ іші көзделді. Ақырында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойындағы биік төбе басы таңдалып, межеленген шаруа бір ізге түсе бастады.
«Мүсірәлі баба» қоры ашылып, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласындағы және Қарақалпақстанда тұратын баба ұрпақтары, басқа да тілеулес жандар қаржы аударды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ұйымшылдықтың арқасында Қарақалпақстан елінен келген ұсталар еңселі де сәулетті кесенені аяқтап шықты.
Бірлік бар жерде, тірлік бар. 2000 жылдың қазан айында қасиетті баба рухы ұлықталып, республикалық деңгейде ас берілді.
– Ескерткіш-кесененің қазіргі жай-күйі қалай?
– Бүгіндері әулие, көріпкел баба кесенесі арлы-берлі өткен жолаушы­лардың аялдап, тәу ететін киелі орнына айналды. 2011 жылдан тарихи-мәдени нысан ретінде есепке алынып, мемлекет қорғауында. Басында талапқа сай келетін түнеухана бар. Жанашыр жандар кесененің бүлінбеуін, тазалығын сақтауды әрдайым естен шығармайды.
– Аудан көлеміндегі жүріп жатқан сәулет-құрылыс жұмыстарына көңі­ліңіз тола ма?
– Ай өтіп, жыл жылжыған сайын Қазалы өңірінде түрлі құрылыс нысандары бой көтеріп жатыр. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бірқатар ауылдарда білім шаңырақтары мен денсаулық сақтау мекемелеріне арналған келбетті ғимараттар пайдалануға берілді.
Аудан орталығы – Әйте­ке би кентінің көркі көңіл қуантады. Жаңа зәулім мектептер мен зама­науи құрал-жабдықтары бар спорт­тық сауықтыру кешендері шәкірттердің тәлімді ордасына айнал­ған. Тұтынушылар талға­мынан шығатын сау­да үйлері, мейрамхана, тағы басқа да әлеуметтік ғимараттар қатары көбейе түсуде.
Қашақбай Пірімов көшесіндегі Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы монументі, Жалаңтөс баһадүр мовзелейі, Бегім ана, «Асандар көтерілісі» құрбандарына қойылған ескерткіштер мен субұрқақ айналаның ажарын келтіреді. Гүл өсетін алаңқайлар мен серуендеушілердің тынығып отыруына арналған әсем күркелер де көз тартады.
Кенттің 5-ші квартал аумағы да қанатын кеңге жайып келеді. Өткен жылы қаларалық автобустар қатынасын қамтамасыз ететін «Керуен» автобекеті пайдалануға берілсе, қазіргі таңда жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Көше жолдары жөнделіп, жарықшамдар қон­дырылып, тротуар салынуда. Мұның бәрін де Тәуелсіздік жемісі деп бағалай­мын.
Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығын қосу жөніндегі жобаның келешегіне көзқарасыңыз қандай?
– Жаңа жоба – келе­шегіміздің кемелдене түсуінің нышаны. Көптің көңіліне қонымды, қолдауға тұратын жарқын іс. Қала мен кент қосылған жағдайда Қазалының атағы аспандап, үлкен қалаға айналады. Ілгеріде уезд орталығы атанған туған жеріміздің өсіп-өркендей бастағаны баршамызға қуаныш сыйлайды. Қазірдің өзінде облыс аудандары арасында «екінші Түркістан» деп айтылып жүрген туған жеріміздің болашақта сауда-саттық саласында жолы болып, өркендей береріне сенімім мол.
– Сұхбатыңызға көп-көп рақмет!
Әңгімелескен Сахи ҚАПАР
02 наурыз 2019 ж. 1 601 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 50

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031