Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, дәстүрлі әнші: Өнерім қасиетті Қазалы топырағының киесімен дарыған
Ғасырға жуық тарихын арқау еткен қасиетті топырағымызда талай азаматтың өзіндік қолтаңбасы қалыптасты. Оның ішінде туған жер перзенті, белгілі әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Өмірқұл Айниязов бар. Табиғатынан әншілікті серік еткен өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Өмірқұл аға, қонақжайлығымен көп мекенге үлгі болған құтты мекен Қазалыдансыз. Өзіңізді білмейтін жан жоқ шығар, сірә?! Алайда сіздің өнеріңізден бөлек, өміріңіз де көп адамға қызық. Балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз. Музыкамен алғашқы таныстығыңыз қалай басталды?
– Киелі мекен, қасиетті жер – Қазалыда дүниеге келдім. Сегіз айлығымда ата-анам мені атам мен әжемнің қолына табыстаған екен. Содан болар, мен әлі күнге дейін өзімді кемпір-шалдың баласы санаймын. Салиқалы атам Әли мен биязы әжем Зибагүл бізден бөлек Арал ауданындағы Шөміш деген ауылда тұрды. Сол жерде бастауыш сыныбына дейін мектебінде білім алып, Аралдың суын ішіп, дариясының дәмін татып өстім. Одан соң Қазалыдағы ата-анамның қолына қайта келдім. 4 сыныпқа қалай келдім, сол уақыттан бастап кәсіби музыкалық жолым басталды. Базардың қасында музыкалық мектеп болатын. Сол жерге әкем қолымнан жетектеп баян класындағы Қонысбек деген ағайымызға берген. 5 жыл осы жерде оқып, оқуды қызылға бітірдім. Сол мектепте Досжан Жолдасов деген ағадан терме үйрендім. №204 мектептің шәкірті болып, 9 сыныпты бітірген соң Ақтөбе қаласына аттандым. Сол кездері Қазалы ауданында болып жатқан барлық іс-шараларға белсенді атсалыстық. «Пионер үйіндегі» Бақыткүл апайымызбен талай байқауларда бақ сынап, жеңістерге жеттік. Өнермен шыңдалдық.
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген тәмсіл бар. Бұл пенденің арманы жоғалған күні оның да өлетініне саяды. Өнер жолында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?
– Ақтөбе қаласындағы музыкалық колледжінде 4 жыл оқыдым. Одан кейін Алматыдағы Ұлттық консерваторияда тағы 4 жыл оқыдым. Магистратураны жақында бітірдім. Сонда осы 15 жыл оқудың ізінде жүріппін. Әрине, қиындықтар көп болды. Бірақ арман өзіне жетеледі. Қазақтың талантты өнер адамы болуға талпындым. Мақсат қойдым. Елдің түкпір-түкпірінен шыққан жезтаңдай әншілері, қазақтың маңдайына біткен қарлығаштары көп. Сол кісілер секілді мен де ауылдан шыққан, ауылдың атын танытатын тұлға болғым келді. Бұл жол оңай келген жоқ. Оқумен қатар сахнадан да көріндік. Әйтеуір бұл да бір үлкен бәйге ғой. Жас болдық. Ауылдан келген соң таныс та, тамыр да жоқ. Талпынып, тырмысып, өзіміздің күшімізбен, қасиетті топырағымыздың киесімен дарыған осы өнердің арқасында дегенімізге жеткен жайымыз бар. Шүкір, жеткен жетістіктер аз емес. Осының барлығы елдің аманаты, елдің батасы, халықтың бізге деген сенімінің арқасында.
– Кейбір адамдардың пікірінше, ұлтты ұйыстыратын, мемлекеттерді біріктіретін, алауыздықты жоятын өнер деп біледі. Ал шынайы өнердің мақсаты не?
– Мен ұстанған, мен таңдаған жол бір күндік өнер деп ойламаймын. Мұны орындаған әндерімнің ғұмырына қарап білуге болады. 25 жыл бұрын Ақтан керейдің термесін орындап шыққан болатынмын. Сол термелер қазіргі күнге дейін халық сұранысында. «Ақ жайнақты» айтқаныма да 15 жылдай уақыт өтті. Оңғар жыраудың термесі, «Тоғжанның гөй-гөйі», Бейбіт ағаның «Елім» әні, соңғы жазылған «Байтақ ел», «Бір шәугім шай» әндері халықтың жүрегінен орын алатын, ұзақ уақытқа дейін ұмытылмайтын, сұраныста болатын әндер. Өнер – рухани байлық. Халықтың еңсесін көтереді, рух береді. Мен орындаған патриоттық әндердің барлығы халыққа дем береді. Бұл тамақ беріп асырау емес. Қазақтың салт-дәстүрі болсын, әдет-ғұрпы болсын, тілдің тазалығы болсын, елге деген махаббатын жеткізетін, жылу сыйлап, демалыс беретін әндер репертуарымызда көп деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша қазақ өнері қазір қандай дәрежеде тұр? «Әттеген-ай» дейтін осал тұсы бар ма?
– Қазіргі заман талабына сай біздің қазақ өнері жоғары дәрежеде. Эстрада да, дәстүрлі ән де өз ауанымен дамып келе жатыр. Дәстүрлі әнге келер болсақ, қазір барлық өнер ошақтарында, елдегі оқу орындары шәкірттерімізді осы дәстүрлі әнге баулуда. «Дәстүрлі әнді ешкім тыңдамайды» деген пікірлер көп қалыптасып кетті. Алайда дәл осы өнер түрі уақытымен, кезеңімен даму үстінде. Әр адамның талғамы бөлек болатын болса, дәстүрлі әнді де сүйіп тыңдайтын тыңдармандары көп. Біз орта буын болсақ, біздің артымызда еріп келе жатқан жас буын бар. Олар өнерде өз талантымен танылып, көпке үлгі болып жүр.
– Туған жер бәрінен қымбат. Кіндік қаның тамған жерден сәл де болса жыраққа кетсең, мекеніңді аңсап, сарыла сағынып тұрасың. Ал сіз ауылға жиі келіп тұрасыз ба?
– Ауылға міндетті түрде барып тұрамыз. Қазалыдан әке-шешемді көшіріп алып кеткем. Бұрынғыдай жиі бармасам да, туыстарға барып, той-томалақтан қалмаймыз. Туған жер бәрінен ыстық. Үлкен шаһарда жүрсек те бұрынғыдай өз үйіміздей болмайды. Шөмішке де жаз сайын барып, бір демалып қайтатын жайымыз бар. Елмен екі ара әлі үзілген жоқ. Үзілмейді де.
– Қазалы ауданының тұрғындарына жаңа жыл мерекесіне орай айтар жылы лебізіңіз болса, мархабат.
– Аудан халқына жаңа жылға жаңа табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ауылымыз жайнай берсін! Әр шаңыраққа тек қуаныш, бақыт, шаттық тілеймін. Алла амандық беріп, жақсылықта жолығайық!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айнұр ӘЛИ