Жыршы Жарасханның сазгерлік қыры
“Қазақ болып тумағанда нетер ем?
Бұл жалғаннан бақыт таппай өтер ем.
Желдей жүйрік жылқы мінбей жалғанда,
Аламанда ат оздырмай кетер ем”.
Эстраданың жарқын жұлдызы, жас әнші Қуандық Рахым орындайтын патриоттық рухтағы бұл ән жарыққа шыға салысымен танымалдыққа ие болды. Оны балғындар да былдырлап жатқа айтып жүр. Жастар ғана емес, жалпақ жұртшылық сүйіп тыңдайтын туындының әуенін жерлесіміз Жарасхан Төлебай жазғанын біреу білсе, енді бірі білмейді. Сондықтан, кейінгі кездері сазгерлік қырынан танылып жүрген қазалылық жас талантты халыққа таныстырып, өнерін насихаттауды құп көрдік.
Бұл жалғаннан бақыт таппай өтер ем.
Желдей жүйрік жылқы мінбей жалғанда,
Аламанда ат оздырмай кетер ем”.
Эстраданың жарқын жұлдызы, жас әнші Қуандық Рахым орындайтын патриоттық рухтағы бұл ән жарыққа шыға салысымен танымалдыққа ие болды. Оны балғындар да былдырлап жатқа айтып жүр. Жастар ғана емес, жалпақ жұртшылық сүйіп тыңдайтын туындының әуенін жерлесіміз Жарасхан Төлебай жазғанын біреу білсе, енді бірі білмейді. Сондықтан, кейінгі кездері сазгерлік қырынан танылып жүрген қазалылық жас талантты халыққа таныстырып, өнерін насихаттауды құп көрдік.
– Жарасхан, әуелі туып-өскен ортаң туралы сөз етсең...
– Тамыры терең, тарихы кенен қазыналы өлкеде туғанмын. Анығын айтсам, дарияның арғы бетіндегі киелі Лақалы елді мекенінде 1995 жылдың қысында дүние есігін ашыппын. Біздің ауылда ән-жыр десе, ішкен асын жерге қоятын жандар көп. Соның әсерінен бе екен, бала кезден сырлы сазға құмар болып өстім. Облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі болдым. Қарапайым отбасында өсіп, жетілдім. Асқар таудай әкем Кәрібай Тәуекелов пен асыл анам Күлзираш Ізтілеуованың тәлімді тәрбиесінің арқасында екі ағам, екі апам және мен өмірден өз орнымызды таптық.
– Қазір қандай жұмыс істеп жүрсің?
– Өмірде өнерді серік етемін. Жұмысым да ән әлемінен алыс болмайды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін “Дәстүрлі музыкалық өнер” мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Бүгінде Қызылорда қаласындағы облыстық филармониядамын, өнер ордасында дәстүрлі орындаушы ретінде жұмыс істеп келемін.
– Өзің әуенін жазған «Мен қазақпын» әні хитке айналды. Бұл туынды бағыңды ашатынын білдің бе?
– Шынымды айтсам, елге кеңінен танылады деп ойламадым. Семейлік айтыскер ақын Нұржан Өмірбаймен шығармашылық байланыстамын. Бір күні «мынадай шығарма жазып едім, қарашы» деп өлеңін маған жолдады. Сөзі әсерлі, жүрекке жігер береді екен. Өлеңді оқып, рухтанып, шабыттанғанда көңілге әні төгіліп келді. Ән осылай дүниеге келді.
Жақында Қуандық бауырымнан «Мен қазақпын» әні “Астана арланс” бокс клубының әнұраны ретінде еліміздің спорт кешендері мен шет елдерде шырқалатынын естігенде бір қуанып қалдым. Бұл жағымды жаңалықты “Астана арланс” бокс клубының директоры, Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың өзі жеткізіпті. Менің әнім ел намысын қорғайтын спортшылардың рухтануына септігін тигізіп жатса, қалай қуанбасқа?
– Басқа да бірнеше танымал әннің әуенін жазғаныңыздан хабардармыз.
– Иә, мен әуенін жазған әндердің соңғы уақытта хит болып жүргені жасырын емес. Бірақ, сөзін жазған ақынның да, нақышына келтіріп орындап жүрген әншінің де еңбегі ерекше екенін айту керек. Әндерімнің көбісін жас әнші Қуандық Рахым шырқап жүр. Атап айтар болсақ, оның орындауындағы “Шын ғашықтар”, “Сегізінші кереметім”, “Қуандықтың әні”, “Өлмейтіндер”, “Сүйіп өтемін”, “Рухтастардың әні – бұл”, “Ауа райымсың”, “Оп-оңай” секілді әндер халықтың жүрегіне жетуде. Бұдан бөлек, Мәдина Сәдуақасова “Алыстама”, Айқын Төлепберген & Ернар Айдар “Ұрлықшы қыз”, Әбдіжаппар Әлқожа “Барың бағым жаным” атты әндерімді үлкен сахналарда айтып жүр.
– Жақында Алматыдағы Республика сарайында өткен ақын Жарасқан Әбдірашевты еске алу кешінде Әбдірахман Асылбектің “Жарасқанға арнауын” орындағаныңды білемін. Соған қарағанда айтулы ақынмен аттас болуыңның бір сыры бар-ау, сірә?
– Жарасқандай ақын, азамат болсын деген ниетпен атымды қойған. Қазалыда Серік Айбасов деген хирург ағам бар. Ол кісінің әкесімен менің әкемнің әкесі, яғни атам бірге туған. Сол Серік ағамның келіншегі Гүлнар деген жеңгем ырымдап қойыпты.
Өзіңіз айтқандай, Алматыда наурыз айының аяғында марқұм Жарасқан Әбдірашевтың 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Елімізге белгілі режиссёр Рүстем Әбдірашевтың әкесінің даңқын асырып, ас берген дастарқан басында Шөмішбай (Сариев) ағаның батасын алдым.
– “Жігітке жеті өнер де аз” деген. Дәстүрлі әнші, сазгерліктен басқа тағы қандай біз білмейтін қырларың бар?
– Арасында өлең жазып қоятыным бар. Қуандық Рахым айтатын “Қуандықтың әні”, өзімнің орындауымдағы “Ассалаумағалейкум” әндерін сөзімен бірге жазғанмын. Сондай-ақ қобызбен, домбырамен жыр айтамын, баян, гитара аспаптарында ойнаймын.
– Сенің әндеріңде ұлттық бояу басым. Мәселен, елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыратын “Рухтастардың әні – бұл” әні қалай туындады?
– Ол әннің де бірінші сөзі жазылған. Сөзі – Нұржан Өмірбайдікі. Ақылдаса отырып, рушылдық пен жікшілдікке бой алдырмай, біртұтас ұлт болайық деген мақсатпен жарыққа шыққан ән еді. Онсыз да ат төбеліндей қазақпыз. Бір бауыр, бір жүрек, яғни рухтас болуымыз керек.
– Елімізде сазгерлер әуелі әндерін «хитке» айналдырып алып, кейін өздері де сахнаға шығып жатады. Сенің де эстрадада ән айту ойыңда бар ма?
– Әншілік, жыршылық – менің мамандығым. Сондықтан, өзім де әндерімді орындап, насихаттаудың қамында жүрмін. Бұйырса, ниетімнің нәтижесін көріп, бағасын берерсіздер.
– Жаныңа қайсысы жақын: дәстүрлі өнер ме, эстарада ма?
– Дәртүрлі ән-жыр – діңгегіміз. Ал эстрада – уақыттың сұранысы. Екеуі де маған жат емес. Дегенмен, дәстүрлі өнер әрдайым бірінші орында тұрады.
– Қазақта «қойыртпақ» деген тағам бар. Байқап қарасақ, сахна төрінде «қойыртпақ» әндер көбейіп барады. Әсіресе, батыстық сарынға тым беріліп кеткен сияқты...
– Қазіргі қазақ эстрадасында орындалып жүрген әндердің сапасы шетелдік әндермен, батыстан келген дүниелермен араласып, біршама өзгеріске түсті. Кезіндегі Үкілі Ыбырайдан, Ақан серіден, Біржан сал сынды бабалардан қалған киелі өнердің бағыты бұрмаланып бара жатқаны жасырын емес. Қазіргі заманда қазақы иісі шығатын, қазақы бояуы бар керемет әндер тасада қалуда. Дәл қазіргі сәтте әннің сапасын сақтап қалу, ұлтымыздың жанына жақын әнді жарыққа шығару – ең бірінші мақсат әрі міндет.
– Өнердегі немесе өмірдегі ұстазың кім?
– Ұстаз көп. Лақалыда мектеп қабырғасында Серікбол Сансызбаев деген ұстазым бар. Қазір ауылда №93 мектептің директоры. Сол кісі қанаттандырып ұшырды. Одан кейін Айбек Тәңірбергенов, Шолпан Биімбетова, Руслан Ахметов сынды белгілі жыраулардан тәлім алдым.
– Сұхбаттасқаныңа рахмет. Өнерің өрлей берсін!
Сұхбаттасқан:
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
Жерлестерінің жүрекжарды лебізі
Жарасханның əнге деген құштарлығы кішкене күнінен басталып, аудандық əн байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ауылдық клубта, мектепте өтетін түрлі мəдени шараларға қатысып, əн салып, концерт, байқаулардың жүргізушісі болып, ауыл халқының ризашылығына бөлене білді.
Жарасхан өте еңбекқор, ізденімпаз жас. Олай деуге де себеп бар: білім мен өнерді бірге алып жүру бала күнінен бойына сіңген қасиеті. Ауданға білім сайысына бара жатып, жолдан түсіп қалып, азғантай уақытта Бірлік ауылында өткен аудандық "Жас қанат" байқауына қатысып, l орын алып, жүгіріп қайтадан аудандағы байқауына үлгеріп келді. 11 жыл бойғы білімі сыналар үлкен сынақ ҰБТ-ға дайындалып жүріп, аудандық "Бозторғай" балалар шығармашылығы байқауының іріктеуінен облысқа жолдама алып, облыстық XlV "Бозторғай" байқауынан терме жанры бойынша бас жүлде алуы Жарасханның осы күнгі өнер жолындағы жетістіктерге жетуінің алғашқы баспалдағы деп айтуға болады.
Жарасханның сазгерлік өнеріне келер болсақ, қазіргі таңда көптеген əндері республика көлемінде таралып, əндерін Қуандық Рахым, Мəдина Сəдуақасова, Əйбек Қоңырбай, Əбдіжаппар Əлхожа, Нұрболат Абдуллин, Ғаділбек Жанай, Үміт Медеуова, Əл Фараби Бекарысұлы сынды танымал әншілер орындап жүр.
"Болар бала бесігінде бұлқынар" дегендей анасының уызына қанып, əкесінің мейірімін алып, туған жер-тал бесігі Лақалыдан қанаттанып, жүрегі əн деп соққан ұланымыз Жарасханға шығармашылық табыс тілейміз! Мүмкін, Жарасхан жайлы əлі талай баспасөз беттерінде мақалалар жазылар. Бірақ туып-өскен ауылының лебізі, ауылда жүріп, Жарасханның əр жетістігіне балаша қуанып жүрген ата-анасының бақытты жүздері Жарасханға қашан да ыстық болары сөзсіз.
Лақалы ауылдық клубының ұжымы