Олимпиадалық резерв дайындауға ықыластымын
Білім безбені 2020-2021 жылғы ҰБТ-да облыс бойынша рекорд орнатылған жағымды жаңалықты естідік. Бір сыныптың екі оқушысы математика пәнінен шекті 45 балды жинаса, екі оқушысы 44 сұраққа дұрыс жауап берген. Қызығушылығымыз "балалар арнайы тереңдетілген мектеп не лицейден болды ғой" деген ойға жетеледі. Алайда ол біз ойлағандай емес, гуманитарлық бағыт бойынша дәріс беретін Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның оқушылары екенін біліп, таң қалдық. Топжарған түлектерді тәрбиелеген сарапшы ұстаз Еркін Сыдықов еңбек өтілі көп болмаса да, жетістігімен дараланған ұстаздың бірі екен. Шыңдаған шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық түрлі олимпиадалар жеңімпазы, математикалық сауаттылық жарыстары жүлдегері, ҰБТ-дан жоғары көрсеткіш көрсеткендігін білдік. Біз кездескенде кезекті жарысқа оқушысын апара жатқан шығармашыл ұстазбен аз-кем әңгімелесіп, көкейіміздегі сұрақтарға жауап алдық.
– Еркін Жиентайұлы, академик Асқар Жұмаділдаев бір сөзінде: «Маған орыс тілін де, ағылшын тілін де білмейтін ауылдан шыққан балалар ұнайды. Солар елде қалады. Қалғандары бәрібір кетіп қалады», – дегені бар-тын. Сондай ұстазыңыз сенім артқан шәкірттің бірі өзіңізсіз. Еліміздегі жетекші оқу орны Әл-фараби атындағы ҚазМҰУ-дың механика-математика факультетіне оқуға түсу аз білімді қажет етпейді. Әңгімені осыдан бастасақ...
– Шынымды айтсам, мұғалім боламын деп ойлаған жоқпын. Таңдаған мамандығым инженер-механик. Техникалық мамандықты иегеру оңайға соқпайды. Топтағы орта мектепті бітірген жалғыз бала өзім болдым. Көбі мамандандырылған физика-математика мектебінінің түлектері, кейбірі қазақ-түрік лицейін «Алтын беліге» бітіргендер болса, 37 баланың 18-і О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебін тәмамдаған талантты жігіттер еді.
Диплом алып, ауылға келгенімде, ұстазым, мектеп директоры болған Қадір Қалнияз есімді азамат осы жолды таңдауыма бағыт берді. Осылайша еңбек жолым Өркендеу ауылындағы №104 мектептен басталды. Таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Жұмыс істей жүріп, «Болашақ» университетінен математика пәнінің мұғалімі мамандығын қосымша игердім. Осы жерде үш жарым жыл жұмыс істеп, алғашқы түлектерімнің жетістігін көрдім.
– Білуімізше, сол кездегі шекті балл 25 ұпайды ауданнан жиған екі түлектің бірі сіздің оқушыңыз екен...
– Иә, оныңыз рас. Жұмысқа орналасқан бір оқу жылынан кейін басқа мектептерге шақырту алдым. Алайда өзімнің еңбегімнің нәтижесін көргім келді. Ойлағанымдай, оқушыларым сенім үдесінен шықты. Аудан орталығындағы Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияға келген соң да балалардың шығармашылығын шыңдауға күш-жігерімді салдым. Өзіңіз айтып отырған нәтиже соның жемісі. Өткен жылы ҰБТ тапсырған 12 оқушым да грант иегері атанды. Ең жоғары балға қол жеткіздік. Орташа көрсеткіштері 42 балды құрады.
– Шынын айту керек, Математика мектептегі ең қиын пән. Көп адам оны игере бермейді. Кішкентайларды қалай қызықтыруға болады?
– Мектеп бағдарламасын оқушының барлығына игертуге болады. Ал ары қарай жаратылыстану саласына қызыға ма, қызықпай ма, өз еркінде. Әсіресе бастауыш сыныптан ауысып келген балалармен ұзақ, жүйелі жұмыс істейміз. Оның үстіне гуманитарлық бағытта білім беретін болғандықтан, біздегі оқу сағаттың аздығы да кейде кедергісін келтіріп жатады. Алайда білім аламын деген, санасында саңлауы бар оқушыға қашан да мүмкіндік бар.
Ұстазым Асқар Жұмілдаевтың осындайда айтатыны бар. «Әлемде мектеп бағдарламасының соңына дейін оқытаны екі пән бар. Олар: әр елдің тілі мен математика» – дегеніндей, математика күрделі әрі қызықты пән. Ғылымдар патшасы саналатыны да сондықтан. Ой дамымаса, ештеңе дамытмайтыны белгілі. Қазір баланың 15 минут ойлануға шыдамы жетпейді. Дайын дүниені қабылдап үйренген. Осындайда оларды математикаға баулу керек.
– Репетиторға, ақылы мектепке баланы тапсыруды әдетке айналдырып барамыз? Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Балаға қосыша білім игерткен, мектеп бағдарламасына ілестірген дұрыс. Алайда репетиторға да талап қойылуы керек. Себебі ондай орталықтарда жүрген кейбір әріптестерімді білемін. Өздері мектеп бітіргенде 120 сұрақтың 56-сына ғана дұрыс жауап берген түлектің балаға толық білім бере алауы қисынға келмейді.
Қазір жүйе дұрысталып келе жатыр. Мәселен, бір тарау біткенде бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау деген жұмыстар бар. Дәстүрлі жүйеде күнделікті қойылған баға қорытынды бағаға әсер ететін. Оқушы бәр пәнге үнемі дайын бола алмайды. Отбасында бір жағдай болуы немесе денсаулығы әлсіреп, сол кездегі тақырыптан тыс қалуы мүмкін. Соңғы өзгеріс, тарауды игеруіне мүмкіндік қарастырып, содан қорытынды шығаруға негіздейді. Бұл жиындық бақылау өз бетінен ізденіп, қайталап, дайындалуына да жағдай туғызады.
Біздеге ата-аналар 11 сыныпта ғана «оянады». Білімнің сол кезде ғана керектігін сезінеді. Ата-аналар жиналысына келеді. Ол кеш болады. Бұл кезде репетиторға беру де көмектесе алмайтын жағдай болады.
– Ментальді арифметика туралы пікіріңізді білсек...
– Бұл жүйемен жұмыс істеп, оны насихаттап жүргендер дұрыстығын алға тартады. Өз басым оны құптамаймын. Миды ойлантпайды. баланың жазбаша жазып, шығарғанына жетпейді. Кішкентайларды мәтін есептерге көбірек бейімдеу керек. Мұндайда бір күнде 1 есеп шығарар, 2-3 есеп шығарар. Жылына 1000 есеп шығарса, қалыпқа түсе бастайды. Күрделі сандармен баланың санасына ауырлық түсірудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
– Әр жақсы маманның артында жақсы ұстаз тұрады. Өміріңізге әсер еткен осындай жандар туралы айтып кетсеңіз...
– Әрине, алдымен қандай адамға да бастапқы, отбасындағы тәрбие ықпалын тигізбей қоймайды. Әке-шешеміз қарапайым жұмысшылар болғанымен, үйдегі 5 баланың барлығы сабақты жақсы оқып, мемлекеттік грант иегері атанып, өзімізге артылған сенім үдесінен шығуға тырыстық. Бауырларым да өздері таңдаған жолда үлгілі, жақсы қызметтерімен еленіп жүр. Ж.Жабаев атындағы №234 мектеп мұғалімдері Қадір Қалнияз, Марияш Шамшаевалардың да бала зердемді сәулелендіруге үлесі болды. Жоғары оқу орнына барғанда да, қызмет ете жүргенде де жақсы ұстаздан кенде болған жоқпын. Алла маған Асқар Жұмаділдаевтан бастап өз ісін меңгерген майталмандарға шәкірт болу бақытын бұйыртты. Бір ғана мысал айтайын, ҚазМҰУ-да Ахмет Сари деген профессор болды. Топтағы 120 баланы екі семестрден де түгел құлатып, бізге өз талабын қойды. Сонда студенттер қолқат жазып, жазғы демалыс кезінде ұстазымыздан білім алуға келісім бердік. Ол кісі өз сөзінде тұрып, барлығымызды сессиядан өткізіп жіберді. Егер құлап қалған болсақ, әрбіріміз 150 мың теңге көлемінде ақы төлеуіміз керек болатын. Біз одан құтылып, жазда 1,5 ай бойы күн сайын ақы-пұлсыз пәнінен сабақ алып, оны өткізетін аудитория, студенттердің жатақханамен қамтылуын түгел өз мойнына айды. 120 баланың құлап, университетте сондай грант орны болғаны оларға тиімді. Мұндай қадамға кім барады? Бұл оқиға мені ұдайы терең ойға жетелейді. Осындай керемет, аңыз адамдардан дәріс ала отырып, ісіме, болашағыма бейжай қарауым мүмкін емес еді.
– Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?
– Болашақта олимпиадалық резерв дайындағым келеді. Аз болса да ынталандыру болып, жағдай жасалса, математикаға бейім балаларды дайындап, оларға тәжірибем мен білгенімді үйретуге ықыластымын. Егер дайындалған бала жетістікке жетіп, олимпиада, пәнаралық жарыстан жеңіп жатса, өз пәнінің мұғалімі, мектебі үшін де тиімді болар еді. Ал мен кейін басқа салаға ауысып кетіп жатсам да, бұл істі хоббиім ретінде алып жүрсем деймін. Осындайда біздің таланттар дараланып, ауданнан да математика саласынан академиктер шығуға бастау болар ма еді... Әзірге бұл ойда ғана қалып тұр. Ел іші алтын бесік. Небір талантты өскіндер бар. Мәселен ірі академик шалғайдағы Ажар ауылында, бір профессор Тасарықта, бірі Шәкенде болуы мүмкін. Оларды танитын, шыңдайтын орын, дамытатын орта жасап бере алмай отырғанымыз қынжылтады.
Асқар ағымыз: «Бір ауылдық жерде қол күрестіріп, жеңген адамға қой қанжығалататынын көзіміз көріп жүр. Ал халықаралық олимпиаданы бағындырғанда, жиектемесі жоқ грамотамен оралып жатамыз», – дейді. Жетістікті ҰБТ-дан күтпей, демеушілер табылып, ақша тігіліп, жүлде қойсақ, бала ынталанар еді. Тағы бір мәселе, қазақта шың бағындырып, асу алған әр саланың нағыз мықтылары бар. Оларды насихаттау кемшін. Баланың күн сайын көретіні шоу бизнестегілердің қызылды-жасылды өмірі. Үлгі тұтар адамы болмағаннан кейін, соларға еліктейді. Тұлғаларды танытуды мемлекеттік деңгейде дәріптесек, балалар шет ел аспайды, қазақтан мықты ұлт болмайтынына сенімдімін.
– Ұстаз мәртебесі деген мәселе қозғалып жүр. Қаншалықты актуалды?
– Мұғалімнің класты 100 процент жетістікке жеткізуі мүмкін емес. Ішінде жекелеген балалар қызығушылығы болуы мүмкін. Баланың мүмкіндігіне қарауға, ашуға тырысамын. Ол бір нәрсені түсінбеу мүмкін, бір сұрақ сұрағысы келетін шығар. Зерделеуге тырысамын. Әр мектепте 100 мұғалім бар. Егер бір мұғалімді іздейтін, жанынан табылғысы келетін 5-6 бала болса, оқу орнынындағы 500 оқушы болашақ бағытын айқындады деген сөз. Бұл қарапайым арифметика, өмір шындығы.
Қазір мектептегі сабағы біткеннен кейін қосымша, науқандық, сенбілік, жөндеу жұмыстары мұғалімге жүктелмейді. Алаңсыз жұмыс істеп, шығармашылығын дамытуына бұл үлкен қолдау. Мұғалім мәртебесі туралы мәселе бар деп ойламаймын. Пәніңді білсең, мұғалімдік бет-бейнең, ұстаным, сөзің дұрыс болса, неге саған мін тағылуы мүмкін емес. Ата-анамен мұғалім тығыз байланыста болса, мұндай мәселе туындамайды.
– Әңгімеңіз рахмет!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА