Бедел мен белес
Балапанды күзде санайды. Жуырда еліміздегі мектеп бітіруші 150 мыңға жуық түлектің білім безбені қорытындыланды. Бағы мен бабы келіскен бітіруші межеден шығып, мемлекетік грнатқа ие болды. Биылғы жылы карантиндік режим салдарын тигізген жаңаша оқу жүйесі ескеріліп, бір емес, бірнеше рет бақ сынауға мүмкіндік берілді. Осы мүмкіндікті аудан ұстаздары ұтымды пайдалана білді ме әлде «баяғы жартас, бір жартасқа» салып, сапа көрсеткішін шәкіртінің интеллектуалдық қабілетінің төмендігіне төңкере салды ма? Байыптауға бекіндік.
Сандарды сөйлетіп көрейік. 2020-2021 оқу жылында аудан бойынша 9 сыныпты 1264 оқушы бітірсе, олардың 164-і «Үздік аттестат» иегерлері болған. 11 сыныпты 34 орта мектептен 697 оқушы тәмамдаған. Бұл жеті жүзге жуық өскіннің 618-і яғни 88,6 проценті ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Ауданның бас мұғалімі Әділхан Жолекешовтің айтуынша, былтырғы 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда, бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші 19 процентке артқан.
Аудан бойынша 75 мектеп бітіруші «Алтын белгі», 39 үміткер «Үздік аттестат» иегері атанған.
«Қазір білекке, таныстыққа сенгеннің құр қалып, білімдінің бәсі озарын уақыт көрсетіп отыр. Пандемияның орын алуына байланысты, біраз қалыпты жағдай өзгергені болмаса, оның 11 жыл бойы жиған білімге, машыққа айтарлықтай ықпалы болды деп айта алмаймын. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай атамыз айтқандай, мектептегі ұстаздардың айтқанына зейін қойып, оны тоқи білсең, алынбайтын қамал жоқ», – дейді топжарған түлектердің тобын бастаған №165 орта мектептің үміткері Айсана Тәжібай. Ол тестілеудегі 130 сұраққа дұрыс жауап беріп, аудан абыройын ілгерілеткен.
«Үстіміздегі оқу жылын, оның ішіндегі түлектер сынамасын өткізу оңайға соқпағанынан барлығыңыз хабардарсыздар. Бала, ата-ана, ұстаз – осы үш тағанға да бұл үлкен сындарлы сәт болды. Алайда аудан мемлекет тарапынан жасалған барлық мүмкіндікті жұмылдырып, жауапты кезеңдерді өз деңгейінде өткізді», – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жолекешов.
Жылдың басты жаңалығы тәжірибеге енген «Бір оқушы, бір компьютер, бір камера» қанатқақты жобасы аясында ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету жүзеге асқан. Жаңа формат өз кезегінде талапкердің тәртіп бұзушылығын анықтап, оңай жолмен жоғары нәтиже жинауға жол бермеуге қауқарлы. Сондай-ақ тест кітапшасын шығару, жеткізу сынды мәселелерден арылтып, баланың нәтижесін сұрақтарға жауап берген бойда білуіне, бұған дейін іште отырған перзенті үшін алаңдаған әрбір ата-ана, пән мұғалімі қандай қиындық пен күйзелісті бастан кешірсе, бұл жолы олардың онлайн түрде бақылауға мүмкіндік тудырған.
Биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 618 түлектің 543-і мемлекеттік грант конкурсына қатысуға өтініш білдірсе, оның 420-сы жоғары оқу орындарының грант иегері атанған. Олардың 163-і педагогикалық, 53-і медициналық, 70-і техникалық, 24-і ауылшаруашылығы және 111-і өзге де мамандық иесі болуға ниет білдірген. 132 түлек ЖОО-ның ақылы бөліміне қабылданған. Арнаулы оқу орны грантына – 81 түлек қол жеткізіп, 37 түлек колледждердің ақылы оқуға қабылданған. Мемлекеттік грант иегерлері тізімнен өзге облыс әкімінің грантына 12 бітіруші құжат тапсырса, ректор грантына – 6, Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусына –2 оқушы ықылас танытқан, 1 бітіруші айлық арнайы курсқа жазылған.
Бұл көрсетікштер биылғы білім көшіндегі бедел мен белестің аласармағанын аңғартады. Алайда ғылым мен білім, ақпарат ағыны қарқындаған заманда бүгінгі жетістікке тоқмейілсу аздық ететінін байқатып отыр. Түлектерді тестілеуге қатыстырушылар қатарын аудандағы қос мектеп-лицей бастаса, Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гиназия – 39, Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп – 35 оқушысын қосқан. Ал №78, 98, 134 мектептердің небәрі 2 оқушысы ұлттық сынаққа қатысқан. Бұл ауыл мектептерінің оқушы саны аудан орталығындағы білім шаңырақтарымен салыстыруға келмейді, дегенмен түлектерді түгел қатыстырған №102, 103 мектеп оқушылары жақсы ұпай жинаған. Бұл мысалдар екі не үш оқушысын ҰБТ-ға қатыстырып, процентке шаққанда жоғары көрсеткіш құрап, сападан гөрі санға жұмыс істейтін көзқарас әлі де бар екендігін байқатып отыр. Сондай-ақ толық құрамда класты толтырып отыратын бірінші сынып оқушыларының не себепті он біріншіге барғанда сиреп қалатыны қалыпты жағдай емес, ортақ, үлкен мәселе екендігі даусыз. Қазір аудандағы барлық дерлік мектеп жаңарған, кадрлық тапшылық жоқ. Соған қарамай, арақашықтықты аңғару қиынға соқпайды. Шын жүйрікке тұсау жоқ. Оқушы ауыл мектебінде, гимназияда, лицейде оқыса да, жоғары балл жинауға жан-жақты мүмкіндік қарастырылған. Жыл санап кәсіби күрделілігіне байланысты ақысы артып отырған бұл сала мамандарынан лайықты өтем сұрау міндетті әрі жөнді көзқарас.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА