Әр уақыттың құндылығын қадірлейік
Теміржол бойымен күн сайын миллиондаған жолаушы және мыңдаған тонна жүк тасымалданады. Осы бағытта техникалық фактор орын алып, ақау анықталып, қызметі бұзылған теміржол көліктерін қалпына келтіріп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Қамқор локомотив» ЖШС Қазалы локомотив жөндеу зауытының Қазақстан үшін маңызы зор. Уақыт ағымына ілесіп, өндіріс қуаттылығын арттыруды тиімді үйлестіре білген мекеменің басшысы, сала үздігі, «Даңқты еңбегі үшін», «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері Нұрлан Алмағамбетовпен пікірлестік.
– Нұрлан Жұбатқанұлы, қазіргі таңда Үкімет өз тарапынан отандық теміржол саласын дамытуға және оның тиімді жұмыс істеу мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Әңгімені бүгінгі беталыстарыңыздан бастасақ...
– «Қамқор локомотив» ЖШС Қазалы локомотив жөндеу зауытының негізгі саласы – теміржол құрылымдарындағы «ТЭМ-2» сериялы маневрлі тепловоздарды жөндеу. Биыл алғаш рет ТЭМ7А сериялы өте ауыр салмақты құрамаларды тартуға қауқарлы тепловозын, чехославакиялық ЧМЭ-3 сериялы қуатты тепловозын күрделі жөндеуден өткіздік. Осы жылы 7 тепловозды жөндеуді жоспарласақ, қазір оның біреуін толық пайдалануға қостық. Қалғаны жыл аяғына дейін әкелінбек.
– Сіздердің жұмыстарыңыз тапсырыс арқылы жүзеге асады? Қалай жоспарлайсыздар? Қандай мекемелермен қатынас қалыптасқан?
– Орынды сұрақ. Ұжымда жыл соңына дейін атқарылатын меже нақты белгіленген. Күз айларында келесі жылдың жұмыс көлемі қаралады. Тапсырыс берушілермен байланысқа шығып, соған қатысты жұмыс, бюджет, штат саны, шығын, барлығы есептеледі.
– Білуімізше, көбіне тұрақты тапсырыс берушілермен берік байланыс түзгенсіздер. Бұл жұмыс сапасына байланысты ма, әлде Қазақстанда мұндай орындар жеткіліксіз бе?
– Екеуі де бар. Бүгінгідей нарықтық кезеңде сапаға да, санға да ерекше көңіл бөлінуі керек. Негізгі тапсырысшымыз – «ҚТЖ – Жүкі тасымалы» акционерлік қоғамы. Бұл жұмысымыздың 70 процентін құрайды. Ал қалған 30 процентті толтыру үшін теміржолдан тыс мекемелермен қарым-қатынас орнаттық. Олардың қатарында ФГУП «ЦЭНКИ», «Южный» космос орталығы, қостанайлық «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі», «Арселор Миттал-Теміртау», Арал ауданындағы «Аралтұз» акционерлік қоғамдары, ақтөбелік «Желдортранс Актөбе», «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бар.
– Көбіне жөндеудің күрделі түрін жүргізесіздер. Мұның сыры неде?
– Қазіргі негізгі талап аз уақытта көлемді тірлік тындырып, өнімділікті өрістету. Біздегі қызметтің барлығы жасалған жұмыс көлемімен байланысты жүзеге асады. Айлық-жалақы үшін ешқандай бюджеттен қаржы қаралмайды, оны тапсырыс көзінен табамыз. Сондықтан мұндағы жұмыс ырғағы көп тынығу, демалыс, жайбасарлық, жауапсыздықты көтермейді. Әр уақыттың құндылығын қадірлейтін зауыттықтар тепловоз жөндеуден шықпаса, өз деңгейінде жалақы ала алмайды.
Екіншіден, мекеменің қаржылық көрсеткішін сақтау басты назарда. Артық шығынға жол бермей, көп жұмыс атқаруға күш-жігерімізді жұмылдыру басты ұстанымға айналған.
– Санаулы уақытта сапалы жұмыс істеуді дағдыға айналдырған зауыттықтардың әлеуметтік ахуалы қандай? «Covid-2019» індеті елді жайлағанда қысқарту, жұмыс көлемінің азаюы, карантиндік қиындықтар орын алмады ма?
– Қазіргі таңда Қазалы локомотив жөндеу зауытында 377 жұмысшы-қызметкер бар. Оларды әлеуметтік, әлеуеттік тұрғыда қолдау жолға қойылған. Әр айдың онынан қалдырмай жалақысын алу, жылына бір рет еңбек демалысымен қамтылуы, теміржол билеті құнын төлеу, жақын туысын жоғалтқандарды, балалы болғандарды, зейнет жасына шыққандарды, жасанды тіс салушыларды қаржылай қолдау ұйымдастырылған. Жұмысшылардың 20 баласы биыл Тараз қаласындағы «Тау самалы» сауықтыру орталығында жазғы демалысын өткізбек. Зауыт ұжымы қайырымдылық шараларының ешбірінен тыс қалған емес. Еңбекті қорғау техникалық қауіпсіздік саласы бойынша мамандар даярлау жүйесі қалыптасқан. Үстіміздегі жылдың 5 айында 122 маман түрлі курстардан өтті.
Екінші мәселе, пандемияға байланысты. Үлкен ұжым болғандықтан, сындарлы сәтте жедел ұйымдастыру жұмысын жетілдіру қолға алынды. Салдарынан үкімет тарапынан қойылып отырған барлық санитарлық талаптар мен ережелерді қатаң сақтау арқылы жұмысты үзбей, қашықтан жұмыс істеу, карантин, қысқарту шараларына жол бермей, ісімізді ілгерілетіп келеміз. Әрине қазір де денсаулық жағдайы, қорғаныс құралдарымен қамтылу, қадағалау басты ісіміздің біріне баланып отыр. Ұжымдық иммундау қалыптасқан. Сақтық үшін барлық жұмысшы-қызметкер вакцинаны қабылдады.
– Жұмыс өнімділігі қашан да кадрға байланысты. Бұл орайда тапшылық, қиындық орын алмай ма? Олар қайда даярланады. Өндірісте заманауи қондырғылармен жұмыс істеу қандай деңгейде?
– Заман талабына сай біздің цехтар да жаңа қондырғылармен қамтамасыз етілген. Оларды игеруде ұжымдағылардың біліктіліктерін қалыптастырып, жоғары кәсіби шеберлікті өндірістен қол үзбей жүріп жетілдіру негізгі жұмысымыздың бірі.
Жұмыс автоматты жүйеге қосылған. Барлық қызметкерлер терминал арқылы жұмыс істейді.
– «Малды тапқанға бақтыр» дейді. Сіздің ұзақ жылдар халық қалаулысы атануыңыз еңбекші қауымның мүддесін біршама ілгерілетті. Осы кезеңде өзіңіз атқарған қандай ілкімді істер барын тілге тиек етсеңіз...
– Депутаттыққа сайлану абыройды арттыру емес, халық пен билік арасына алтын көпір болып, оларды толғандырған жайға өзіндік үлесіңді, тәжірибеңді қосумен бағаланады. Аудандық мәслихат депутатына сайланған кезеңде біршама жұмыс жүзеге асты. Мәселен, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту. Бұл орайда өзім басқаратын Қазалы локомотив жөндеу зауытында қосымша жұмыс көзін ашып, бірнеше жерлестің жұмысқа қабылдануына септігімді тигіздім.
Сол тұста Әйтеке би кенті орталығындағы және 5 кварталдағы 600 орындық мектеп, 280 орындық балабақша салынуына, көшелердің жарықтандырылуы, абаттандырылуы, ауызсудың уақытылы берілуіне үлесімізді қостық.
Банкомат жүйесі аудан көлемінде енгізілуіне дептутаттар үлкен септігін тигізді.
– Сіз басшылық етіп отырған ұжым тынысы мен жұмысы Тәуелсіздікпен бірге түбегейлі өзгерді. Осы туралы айтып берсеңіз...
– Егемендік еншіге тиген уақыт ешкімге де оңай соқпады. Оған дейін қажеттінің барлығы Ресей, Украинадан әкелініп, жеткізілсе, Одақ ыдырағанда бұл байланыстар тоқтады. Көптеген қысқартулар болды. 1998-1999 жылдары біздің ұжым Қазалы локомотив жөндеу зауыты болып қайта құрылымдалып, жұмысын бастады. Әлі есімде, 1999 жылы еліміз бойынша алғаш күрделі жөндеуден өткен тепловоз жұмысымыздың батыл бастамасы, шынайы жемісі еді. Осылайша бұрын шекара асатын теміржол көліктері өз елімізде жөндеуден өте бастады. Сырттан келетін қосалқы бөлшектер де Қазақстан көлемінде дайындалды. Өзіміздің зауыт бұл күнде өндіріске жұмсалатын материалдар мен қосалқы бөлшектердің 30 процентін цехтарда дайындайтын дәрежеге жетті. Тәуелсіздік біздің саланы да түбегейлі түлетті. Барлық теміржол көліктерін жөндеуге қауқарлы Атбасар электровоз жөндеу зауыты, Құсмұрын қаласындағы зауыт, біздің зауыттың іске қосылуы, шын мәнінде, Тәуелсіздіктің нәтижелі жемісі еді.
– Үйлестіре білген ұтады. Табыстарыңыз туралы білсек...
– Өткен жылы 2,2 миллиардқа қол жеткізсек, үстіміздегі жылдың 5 айының қорытындысымен локомотив жөндеу бойынша 920 238 мың теңге көлемінде табыс тауып, қазынамызды қомдадық.
– Қарбалас сәтте уақыт тауып, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА