Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Журналист артқан жүк ауыр

Журналист артқан жүк ауыр

Қазалыдан қанат қаққан таланттар қаншама?! Соның ішінде қолына қалам ұстап, ел алдындағы аманатына ақ парақтай адалдық танытуды қажет ететін журналистика – көптің қолынан келе бермейтін, қиындығы да, қызығы да жеткілікті сала. Журналистер күніне орай Қожабақы ауылында туып өскен, қазір республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарып келе жатқан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Нұрперзент Домбаймен сұқбаттасқан едік.
– Нұрперзент аға, журналистикаға қалай келдіңіз?
– Мектептің жоғарғы сыныптарында оқып жүріп осы мамандыққа көңілім ауды. 8 сыныптан бастап сол кездегі аудандық «Ленин туы» газетімен тығыз байланыста болдым. Жазған дүниелерім үзбей жарияланып тұрды. Тілшілікке кәдімгідей төселіп, тәжірибе жинадым. Мектепті бітірген соң Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетіне оқуға түсу үшін тыңғылықты дайындалдым. Жолым болып, сол жылы студент атандым.
Ол кезеңде жолдама деген нәрсе бар. Мені Жезқазған облысына жіберіп, сондағы «Ұлытау» өңірлік газетінде еңбек жолымды бастадым. Алғашқыда тілші болып, уақыт өте келе бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, газет редакторының орынбасары сынды баспалдақтардан өттім. Бір жыл аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқарып, кейін тілшілік тіршілігім Жезқазғанда жалғасын тапты. 2008 жылдан бастап Алматыдағы «Ана тілі» республикалық газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметіндемін.
– Салалық журналистика туралы пікіріңізді білсек...
– Салалық журналистиканы қолдаймын. Шетелде бұл тәжірибе бұрыннан бар. Әскери, тарихи, медициналық тілшілер сол саланы кәсіби тұрғыдан білуімен ерекшеленеді. Бірақ маман тек бір саланы ғана жазуы керек деген қате түсінік туындамағаны жол. Журналистке жан-жақтылық керек. Мықты журналисте түрлі саланы жазуға қабілет те, қарым да жетеді.
– Қазалыдан шыққан ұлылар аз емес. Қалам ұстаған қасиетіңіз киелі топырақтан ба әлде ішкі қалауыңыздан ба?
– Бұл дарын қаннан жұқса керек. Әкемнің мамандығы гидротехник болғанымен газетке ара тұра мақала жазып тұратын. Өлеңдері де жарияланып жүрді.
Бала кезімде үйге газет-журнал көп келетін. Әкеме қызыққандықтан ба, мен де бірге оқитынмын. Мұның да әсері болған шығар деп ойлаймын.
Қазалы топырағы қалам ұстаған жазушылардан, өнерлілерден кенде емес. Жұртшылыққа танымал біраз журналист те шықты. Байжігіт Әбдіразақов, Сейіл Боранбай, Әлмәмбет Әлішов деп тізе берсек, жалғасып кете береді.
– Журналистің қаруы – ақпарат. Әлеуметтік желіде, түрлі сайттарда жалған ақпараттардың таралуына қалай кедергі бола аламыз?
– Әлеуметтік желі, сайттар – жаңа өмірдің жақсы жаңалықтары. Олардың пайда болуымен біраз нәрсе өзгерді. Болғаны жақсы. Бұл жерде мәселе ақпарат көздерін қалай пайдалануда болып тұр. Әрине, күн сайын қателіктер, артық сөздер кетіп жатады. Бірақ қате екен деп отыра бермей, түзеткеніміз жөн. Басқа жолы жоқ сияқты.
– Цензура жоқ дейміз. Қазіргі журналистика биліктен қаншалықты тәуелсіз?
– Бізде сөз бостандығы бар. Ол күмәнсіз. Әр азамат өз ойын ашық білдіруге құқылы. Билік ешкімге қой демейді. Бірақ сөздің де орнын білуіміз керек. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп аузына келгенді ақтара салу жөн емес. Не айтсақ та, не жазсақ та соның бәрі елдің өркендеуіне, бірліктің нығаюына көмектесуі тиіс.
– Қарапайым халық кейде журналистерді шындықты айтпайды, билікті мақтайды деп жаңсақ ойлап жатады. Өз үніңді жеткізу үшін міндетті түрде биліктің бір ұшынан ұстау керек пе?
– Олай болуы тиіс емес. Журналистің мақсаты – қоғамда болып жатқан жайттарға, мәселелерге өз көзқарасын ашық білдіру, түйткілді жағдайдың шешілуіне әсер ету, сөйтіп, халқына, еліне адал қызмет жасау. Бұл туралы Шерхан Мұртазадан асып айтқан ешкім жоқ шығар. «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» екені рас.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының елге тигізген пайдасы қандай?
– Бағдарламаның елге пайдасы көп. Кешегі уақытта қазақтың өмірі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін басталғандай көрінген. Қазір жобаның арқасында ұлт тарихының тереңде жатқанына көзіміз жетті. Мынау ұлан ғайыр жер жайдан жай аспаннан түсе қалған жоқ. Бабаларымыздың қайрат-жігері, даналығы арқасында қол жеткізген қазынасы – бұл. Ендігі біздің міндет – осы жерге ие болып, ұлттығымыздан, қазақтығымыздан айырылмау.
– Тәуелсіздікке – 30 жыл. Өзіңіз туып өскен Қазалының 30 жылдық ғұмырында айтуға тұрарлық қандай өзгерістер бар?
– Туған жеріммен байланысым үзілген емес. Жылына бір рет барып. Осы жылы бауырларыммен бірге Айдарбек батырға, Сартөбеде жатқан туыстарға тағзым етіп қайттым. Кейбір шараларға қатысып та жүрмін.
Ауданда отыз жыл ішінде бірқатар өзгерістер болды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей тәуелсіздік үшін жан берген бабаларымызды еске алып, тағзым етуде ізгі істер тындырылды. Соның дәлелі – «Жанқожа батыр» кесенесі, «Асандар көтерілісі» белгісі. Халық тұрмысының жақсаруында ауызсудың ауылдарға тікелей жеткізілуі, жолдардың жөнделуінің өзі – игі іс. Атқарылар іс бүгінгіден де көп екені анық.
Кейде ештеңеге қарамай ауылға тартып кеткің келеді. Бармасыңа қоймайды. Ауыл жүрекке мәңгілік орныққан. Қайда жүрсе де, «адамнан ауыл көшпейтіні» рас. Әрдайым қасыңда, жаныңда.
– Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ
26 маусым 2021 ж. 1 100 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 66

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930