Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нәзия Жоямергенқызы: Шындық – көпшілік үшін сүйкімсіз

Нәзия Жоямергенқызы: Шындық – көпшілік үшін сүйкімсіз

Бейсенбі күні Түркітілдес журналистер қоры ауданда болып, орталық кітапханада БАҚ өкілдеріне арналған «Аймақтық журналистика: кәсіби шеберлік және этика» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Шара соңында белгілі журналист, «Түркітілдес журналистер қорының» президенті, жерлесіміз Нәзия Жоямергенқызымен қазіргі қазақ журналистикасының жағдайы, келешегі мен кедергілері туралы аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

– Нәзия Жоямергенқызы, Түркітілдес журналистер қоры туралы тарқатып айтып өтсеңіз...
– Түркітілдес журналистер қоры 2014 жылдың 11 қарашасында, осыдан жеті жыл бұрын құрылды. Біздің басты мақсат – Қазақстандағы журналистердің, жалпы түркі әлемі, сонымен қатар бүкіләлемдегі БАҚ-пен байланыс орнатуына ықпал жасап, олардың кәсіби шеберлігін шыңдау. Осы мақсатта жеті жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Біздің ондаған жобамыз бар. Ел ішінде, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркияның бірнеше қаласында семинар-тренинг, пресс-тур, экскурсиялар өткізіп келеміз. Стамбулда түркітілдес журналистердің бірінші медиа-форумын өткіздік. Екіншісі Алматы қаласында осы жылы өтеді деп күтілуде.
Карантин уақытында вебинарларды бастадық. Оған себеп барлық жерде сыртқы жақпен байланыс үзіліп қалды. Сондықтан да Шеврон компаниясының серіктестігімен «Әлеуметтік журналистика, БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» деген тақырыпта бес айлық вебинарлар сериясын бастадық. Оны 200-ге жуық журналист бітіріп, сертификат алып шықты. Осы салада жүрген, бірақ журфакта оқымаған әріптестеріміз үшін бір айлық «Журналистика негіздері» атты курс өтті. Бұл курс сұранысқа жақсы ие болғандықтан осы жылы жалғасын табады.
Одан бөлек қазақ журналистерінің әлемдік деңгейде ақпарат таратуына ықпал ету үшін ағылшын тілі курсы «Engilish for Media»-ны ұйымдастырып жүрміз. Бес айлық оқыту нәтижесінде біздің әріптестер қазір британдық серіктесіміз «Avropatimes.com» деген сайтқа мақалаларын жариялай бастады.
Ең бастысы, кәсіби шеберлік, жалған ақпаратпен күрес, БАҚ өкілдерінің байланысы, нетворкинг мәселесіне жете көңіл бөлеміз.
2020 жылға Еуропалық сапар ­ойластырып қойған едік. Оның бәрі карантинге байланысты кейінге шегерілді.
Түркілтілдес журналистер қорының жанынан медиа-тренерлер мектебі ашылған. Бұл жақта Қазақстандағы, сырт мемлекеттердегі білікті, тәжірибелі мамандар сабақ береді. Мысалы, былтыр біз Қазақстанмен қатар Британия, Бельгия, Германия, Швейцария, Нидерланды, Италия елдерінен тренерлер шақырып, аудармашы арқылы қазақ журналистеріне ана тілінде әртүрлі тақырыпта вебинарлар өткіздік. Әріптестер тәжірбие алмасты.
Қазіргі таңда қордың жанынан жас журналистер мектебі ашылған. Ол мектепте журналистикаға қызығушылығы бар оқушыларды бір ай оқытып, содан соң портфолио дайындауға көмектесіп, ­журналистика факультетіне түсетіндерге мінездеме, анықтама береміз. Түрлі сайттарға мақалаларын жариялауға ықпал жасаймыз. Буындар сабақтастығы үзіліп қалған біздің журналистиканың аға, орта, жас буындарына осындай мүмкіндіктер беруге тырысамыз.
Қор жанында әйел журналистер клубы бар. Қазір журналистикада бүкіләлемде әйелдердің үлес салмағы басым.
– Кәсіби журналистердің нанын блогерлер жеп жүрген сияқты. Сіздің ойыңызша бұған кім кінәлі?
– Әрине журналистер кінәлі. Себебі, егерде біз заманның ағымына, жаңа үдерісіне ілесіп отырар болсақ, онда ешкімге есе жібермес едік. Блогерлер несімен ұтады? Олардың айтатын әңгімелері журналистердің қаузайтын тақырыптары сияқты салмақты, салиқалы ақпарат емес. Бірақ олар әлеуметтік желіде белсенді. Трендтен қалмайды. Сол арқылы ақша табуға бейімделген. Журналистердің де қолынан келеді бұл іс. Бірақ оған әріптестеріміз мән бермейді. ­Мәселен, бір жерге барып мақала жазып келсеңіз, болмаса белгілі тұлғадан сұқбат алып, өзекті тақырып аясында сараптамалық мақала жазсаңыз, соны қысқаша мәтінмен әлеуметтік желіге салып отыратын болсаңыз сіздің жазылушыларыңыз көп болар еді. Аудитория, контент қалыптастырар едіңіз. Бос ниша тауып алып, содан ақша табар едіңіз. Бүгін біздің түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған семинар-тренингте «Әлеуметтік медиа» туралы презентация жасағанымыз бостан бос емес. Журналистер де осы заманауи ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалануы керек.
– Сіз үшін қазақстандық топ 5 журналист...
– Айта алмаймын. Өйткені олардың саны мен үшін бестен көп. Және ешкімді бөле-жарғым келмейді. Тағы бір себеп – әлемдік деңгейде жұмыс істеп жүрген ел ішіндегі журналистерді білмеймін. Менің талаптарым өте жоғары. Мықты әріптестеріміз жоқ емес, бар. Бірақ олардың біреуі мемлекетке қызмет етеді де, тек қана позитивті жазады. Ол мықты журналист. Тағы бір мықты әріптесіміз оппозицияға қызмет етеді де, тек қана негативті бағытта жұмыс істейді. Ал менің ұғымымдағы журналист кәсіби тұрғыда өте шебер және бейтарап болуы тиіс. Билікке де, партияға да қызмет етпегені жөн. Белгілі бір лоббистік топтардың мүддесін қорғамай, азаматтық позициясын бейтарап ұстағаны жөн.
– Белгілі журналист Қасым Аманжол фейсбукте «Кей замандас егер билікшіл медиадағы журналист тәуелсіз БАҚ-қа ауысса, пікірі еркін болар еді немесе қазір азатпын деген журналист мемБАҚ-та болса әуселесін көрер ем деп жатады» деген жазба қалдырды. Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз...
– Бұл бұрыннан айтылып жүрген әңгіме. Иә, қазір журналистерді заңдық шеңберде қос өкпеден қысып тастаған. БАҚ туралы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу арқылы журналистердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі талқыланып жатқан аккредитациялау туралы ережелердің өзін өзгертуі БАҚ өкілдеріне кедергі тудырады. Журналистикада мықты жанрлар жоғалып кетті. Журналистік зерттеу, репортаж, тәуелсіз ойды айтатын сұхбаттардың өзі өкінішке орай қазір жоқтың қасы. Белгілі бір журналист азаматтық ұстанымын білдіріп, тәуелсіз болуға ұмтылатын болса, психологиялық тұрғыдан қысымға ұшырайды. Кейде тіпті айыппұл төлетіп, заңмен қорқытулар орын алып жатады.
– Елде тәуелсіз медиа бар ма? Атап көрсете аласыз ба?
– Тәуелсіз медиа ешбір елде жоқ. Біз керемет санайтын BBC-дің өзі Англияның патшайымына тікелей бағынады. Мен бір ай Американың бірнеше штатында жұмыс істеп келдім. Ол жақтан да байқағаным осы. Тәуелсіз медиа деген абстрактылы ұғым. Қандай медиа болмасын белгілі бір мүддеге бағынады. Бірақ заңдық тұрғыда жұмыс істеу әлбетте басқа әңгіме.
– Уолл-стрит журналы Пулитцер сыйлығын 30 рет, ал Нью Йорк Таймс 117 рет алған. Қазақ басылымдарының осы бағалы сыйлықты алуға мүмкіндігі бар ма?
– Қазақ журналистикасының кәсіби деңгейі төмен. Оны жоғарылату үшін жалпы қоғамдағы журналистерге және осы салаға деген көзқарасты өзгерту керек. Елде бұрын белгілі бір деңгейде журналистиканың ықпалы болатын. Қазір олай деп айта алмаймыз. Журналистер қоғамды жедел, нақты ақпаратпен қамтамасыз етуші ғана емес қоғамдық пікірді қалыптастырушы топ. Ал оны қалыптастыру үшін әрбір редакцияның, журналистің өзіндік көзқарасы болуы керек. Және олар қаржылық тұрғыда тәуелсіз болғаны жақсы. Ой еркіндігі сақталғаны дұрыс. Плюрреализм, пікірлер алуандығы болғаны абзал. Бұл қоғамдағы бізге жетіспейтін басты мәселеміздің бірі.
– Қазақ журналистикасының алтын дәуірі өтіп кетті ме?
– Қазақ журналистикасының алтын дәуірі болмаған. Олай дейтінім, Кеңес Одағы құлағаннан кейін бізде бұл сала құлдырап, дағдарысқа ұшырадық. Осы тұста қазақ журналистикасын жасаушылардың өздері білімді қалай жетілдіру керектігін білмеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен журналистиканы бастадым. Ол кезде қазіргідей курс, семинар-тренингтер, вебинарлар болмады. Әріптестеріміз кіммен қалай жұмыс істеу керектігін білмеді. Тіл білу жағы нашар болды. Әлемнің қақпағы ашық болғанымен, біз неден ­бастау керектігін білмедік.
Айта кету керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сөз бостандығы болған еді. Одан кейін билік өзіне қажетті медианы заңмен өзгертіп алды.
– Шындық қашанда сүйкімді. Жалған ақпаратты ажырату жұрт үшін неге маңызды?
– Шындық керісінше, көпшілік үшін сүйкімсіз. Ақиқаттың астарында біреулерге жақпайтын ақпарат, қылмыс, жемқорлық жатуы мүмкін. Ал шындықтың ашылуына мүдделі емес топтар көп. Шын ақпарат қашанда біреудің басын жарып, көзін шығарады. Фактчекинг мәселесі қазір біздің қоғамда жиі айтылып жүр. Бірақ оны ескеретін журналис аз. Жалған ақпараттың пайдасынан гөрі зияны көп. Адам өміріне қауіп төндіріп, ұлттық тұтастыққа кері әсер етуі мүмкін. Біреудің репутациясын бүлдіріп, ар-намысына тию арқылы оны өлімге итермелеуі мүмкін. Жала жабу қашанда жақсылыққа апарған емес. Кез келген журналист ақпаратты беретін кезде бірнеше дерекөзден тексеріп, көз жеткізіп барып таратуы керек. Сіздің білместікпен жасаған қателігіңіз заңдық тұрғыда жауапкершіліктен босатпайды. Азаматтық кодекс, қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылады.
– Қазақ журналистикасының келешегі қандай?
– Келешек жарқын. Мен жастарға сенемін. Заманауи ақпараттық технологияларды мықты меңгерген, бірнеше шет тілін білетін, сырт жақта оқып келіп жатқан қоғамдағы әрбір салаға өзгеріс енгізуге құлшынатын, ел болашағын дамытуға мүдделі жастар көп. Ал мұндай жастар бар кезде кез келген сала дамиды.
– Әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұқбаттасқан
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ


13 ақпан 2021 ж. 1 380 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031