Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел ортасында болғаныма қуанамын

Ел ортасында болғаныма қуанамын

«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды». Бұл менің емес, бұрынғылардың сөзі. Аймаңдай жұрттың ардақтысына айналған ағалар біздің ауданда да жеткілікті. Соның бірі де бірегейі – Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның директоры Қасқырбай Әлімбаев деуге болады.
Бүгінде зейнетке шығып, қазыналы қарттардың біріне айналған, өнегелі өмір иесімен жуырда сұқбат құрудың, жүріп өткен жолына үңілудің сәті түскен болатын.
– Аға, уақытты бір сәтке кейін бұрып, әңгімемізді өзіңізден бастасақ. Балалық шақ дегенде есіңізге не түседі?
– Мен дарияның арғы бетіндегі Бірлік ауылында дүниеге келдім. Балалық шағымыз өте қиын болды деп айтуға болады. Әкеден жастай қалдық. Анамыз 5 баланы тәрбиелеп өсірді, азамат қылды. Қазіргі Қожабақы ауылындағы 25 мектепті бітірдім. Өндірісте 5 жыл жұмыс істедім. Ол уақыт еліміздің экономикаға бет бұрған кезеңі. Сол тұста экономист мамандығына оқуға түссем деген арманым болды. Әйтсе де жоғары оқу орнына бірнеше рет барып түсе алмадым. Үнемі сынақтан өтпей қалатынмын. Елге келіп трактор айдадым, механизатор болып жұмыс істедім. Бір күні ауыл директоры Жарылқасын Шарипов ағамыз шақырды. Жолдама келгенін айтты. Оқуға бардым. Орыс тілінен сүріндім. Бір кезде «Қызылордадан келген Әлімбаевсың ба?» деген дауыс естілді. Жер шұқып отырған басымды тік көтеріп, иә, мен деп едім, әлгі бейтаныс «Ертең 9-да ректордың кабинетіне кіресің. Қызылорда облысынан 4 бала қабылдауымыз керек еді, үшеуі құлап қайтып кетті. Жалғыз сен қалдың. Оқуға түсесің, дайындал!» дегенді айтты.
Ауылға келгеннен кейін анамның қуаныштан көз жасы мөлт-мөлт етеді. Құдды арқасүйері таққа мінгендей жүрегі орнында жоқ.
– Адамның ең бір бақытты кезі – студенттік шағы. Жастық шағыңыз қалай өтті?
– Студенттік шақтарда еркін күреспен шұғылдануға тура келді. Мұсабек Қапанов, Аманжол Бұғыбаев сынды жаттықтырушылар болды.Сонау Сырдың сағасынан, Қазалының түкпірінен келген балаға Алматы оңай емес. Үлкен шаһарда тіреп тұрған кімім бар дейсің?!
Көңіл пәс, қарын аш. Бір жақсысы, спортпен шұғылданғаннан еш жамандық көргенім жоқ. Республикалық жарыстарға қатысатын болсаң институт тарапынан сыйақыаласың. Мұның өзі кей жыртығымды жамаса, қалғанын ауылға жібертінмін. Сенбі-жексенбі күндері ет комбинатында қаражат таптым. Өзіммен қатар екі қарындасым оқыды. Соларға қарайласуға тура келді.
Жеңістің тәтті, жеңілістің ащы дәмін таттым. Ауыл шаруашылығы саласы студенттері арасында Орта Азия мен Қазақстан жеңімпазы атандым. Тағы басқа елішілік жарыстарда бақ сынадым.
Екіншіден, ел мен жер көрдім. Өзбекстан, Дағыстан, Грузия, Ресей, Украина, Қырғызстан астаналарына табаным тиді. Жалпы күреске деген сүйіспеншілігім осы уақытқа дейін басылған емес.
Қазіргі таңда Әйтеке би кентінде өз қаражатымнан салған екі ғимарат аудан жастарының игілігіне берілді. Келешек сол жерде ел намысын қорғайтын, көк байрағымызды көтеретін палуандар тәрбиеленіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
– «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп жатамыз. Әйтсе де, адам өмірінің бағдаршамы болатын ұстаздар болады. Сіздің өмір жолыңызда ерекше есте қалған ұстаздарыңыз бар ма?
– Әрине бар! Шүкір, жолыма жақсы азаматтар мен ұстаздар кездесті. Бір ерекше оқиғамен есте қалған ұстазым болды. Сол кісінің істеген жақсылығын әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
5 курсқа аяқ басқан кез. Оқу бітіріп, диплом алуға 3 ай қалғанда военкоматқа шақырды. Сол жылы институтта 27-ге толатын жігіттерді әскер қатарына алуға заң шығыпты. Бірнеше бала жоғарғы курстан әскерге кетті. Талай жігітті шығарып салдық. Өзіме кезек келгенін білмей қалыппын. Сабақты қойдым. Қазвоенкомға дейін бардым, орынбасары Мұхаметжанов деген полковник екен. «Заң ортақ, 2 жыл деген қазір өте шығады» дегенді айтты. Мен шешемнен бөтен ешкім жоғын, оның да шаршап жүргенін, елге барып тұралап тұрған тіршілігіне қолғабыс жасасам дегенді айттым. Өзімнің офицер екенімді, әскери кафедраны тәмамдағанымды, құжаттарының Мәскеуге кеткенін ескерттім. Бәрібір қасарысып тұрып алды. Өзім де, жолдастарым да қиналды.
Бір күні декан шақырып жатыр деді. Деканымыз Рахымжан Аутов деген ұйғыр азаматы болатын. Өзі жетім өскен, көп қиындық көрген. Жалпы тағдырымыз ұқсас сияқты. Жатақханаға келіп тұратын, көп сөйлесетінбіз. Деканатқа келсем іште екен. Менен неге сабаққа келмей жүргенімді сұрады. Мән-жайды түсіндірдім. Бірден Фрунзе ауданының әскери комиссарымен және облыс комиссарымен сөйлесті, болмады. Ақыр соңы ағайым ректорға алып кірді. Ректорымыз Хайдар Арыстанбеков деген белгілі кісі болатын. Кезінде министр болған деп еститінбіз. Сонда ректор деканға қарап тұрып «Рахымжан, сен осылай әр студенттің ізінен жүгіретін болсаң қалай жұмыс істейсің?» деді. Маған ректордың кабинетінен шыға тұруымды сұрады. Уақыт өтпейді, ойыма түрлі жаман ой келеді. Кенет есік ашылып, Рахымжан аға басын шығарып кір деді. Кірсем ректор телефонмен әлі сөйлесіп жатыр екен. Түсінгенім «министрмен сөйлестім, оның документтері офицерлікке өткен, ертең Фрунзе ауданының военкоматына барасың, повестканы тапсыр, әскерге бармайсың» деді.
Ертесіне 9-да бардым, военком повескамның бетін сызып, ортасынан бір бөліп, «алаңсыз оқи бер» дегенді айтты. Жүгіріп деканатқа келдім, Рахымжан ағам іште екен, кіріп бардымда қос қолыммен жыртылған повесткамды алдына әйнектің үстіне қойдым да жылап жібердім. Кейін ойласам, жастыққа тән албырттық, қанша күнгі уайым екен.
Оқу бітіретін тұста ұстазым «Бұл менің студентім емес, інім» деп құшақтағаны бар. Жолыма кездескен үлкен жүректі азамат деп айтуға тұрарлық жанның біреуі осы кісі.
– Еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?
–Институт тәмамдағаннан кейін Қожабақы ауылындаэкономист болып еңбекке араластым. Күрестен секция аштым. Ауыл балалары аудандық, облыстық жарыстарда бақ сынады. Кейін сол ауылдаеңбекақы жөнінде экономист болдым. Бір жылдан соң қазіргі Жалаңтөс батыр ауылына бас экономистретінде келдім.
1980 жылы ауданда бірқатар өзгеріс болды. Арада үш жыл өткеннен кейін сол кездегі Октябрь (қазіргі Түктібаев ауылы) совхозына директор болдым. Ол шаруашылық өмірлік есімде қалды деп айтуға болады. Себебі, менің алдымда 4 адам істі болып, талабы жүрмей тұрған уақыт еді. Мен барғаннан кейін көрші Майдакөл совхозын қосып алып, іс маңди бастады. Сөйтіп, 2500 гектар күріш ектік. 1500 бас сиыр, мыңның үстінде жылқы болды. Алты жылдай сол ауылды басқардым. Осы ауылда спорт секциясын ашып, тренажерлік зал ашудың сәті түсті. Алматыдан арнайы бапкер әкелдік.
Мұнан соң аудандық «Агроөнеркәсіп» бірлестігіне басшы, 1989-жылы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болдым. Ел тәуелсіздігін алған жылдары жаңа саяси ұстанымға сай қызмет еттік. Сол тұста Құмжиек ауылында директорлықты атқардым. Жекешелендіру уақытында Қызыл Ту совхозына жұмыс ауыстырдым. Содан бері аталмыш округтеміз.
– Сізді бүгінде ауыл шаруашылығы саласының майталманы ретінде, «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің директоры деп біледі. Қазіргі таңда аталмыш серіктестікте қанша адам қызметпен қамтылып отыр?
– Қазіргі таңда онда 100-ге жуық адам жұмыс істеуде. Жылына 700 гектардай күріш, 250 гектар жоңышқа, 200 гектар бидай егеміз. Сонымен қатар Басықара, Құмжиек мен Қазалы қаласында қосымша мал азығын дайындаймыз.
– Жалпы адам бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
– Бірінші, адамды сатпау. Ешуақытта да біреудің жасаған жақсылығын ұмытқым келмейді. Өмір болғасын әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Әйтсе де қолымнан келгенше адамдарға жақсылық жасауға тырысамын. Жалпы 1980 жылдан бері шаруашылықтың басшысы болып келе жатырмын. Бір адаммен соттасып, иә, бір адамды сотқа беріп көрген емеспін. Не болмаса бір кісіні ретсіз жұмыстан шығарып көрмеппін. Тек бір ғана оқиға орын алды. Ішімдік ішкен адамды ұнатпаймын. Әсіресе жұмыс барысында. Түктібаевқа барған жылы болса керек. Жастау уақыт. Бір бригадирді еңбек тәртібін бұзғасын жұмыстан шығардым. Кей кісілер «Беделді адам еді, орнында қалса...» деп жатыр. Мен де қасарысып тұрып алдым. Бір күні анам «Тұр-тұр» деп ұйқыдан оятты. Қабағы қатулы.
– Сен бір адамды жұмыстан шығарыпсың ғой?..
– Иә, шығарғанмын. Не болды? – дедім.
Сонда анамның айтқан «Сен біреуді жұмыстан босатарсың. Саған жеңіл болар. Бірақ оның артында 10 баласы бар ғой. Он баланы кім асырайды?» деген бір ауыз сөзі өмір бойы есімде қалды.
– Енді аға, өзіңіздің қоғамдық қызметіңізге қарай ойыссақ. Осы орайда депутат атанып, қоғамның бел ортасында жүргенде қандай қызметтерге араластыңыз?
– Жалпы депутат болу дегеніміз – халықтың өтінішін билікке жеткізіп, соның орындалуына ықпал ету. Бұл арада толық түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын. Себебі, ауданға келетін барлық қаражат бірінші әкімнің тікелей іскерлігімен келеді. Соны үйлестіруде халықтың өтінішіне қарап, маңыздылығына қарай қаражат бөлінеді. Осы кезде халық қалаулысы ретінде бөлініске салынғанда сол ортадан табылып, сенім артқан жұрттың өтінішін қанағаттандырсаң үлкен олжа. Белгілі бір аумақтан сайланғаннан кейін сол жердің дұрыс болғанын қалайсың.
Ең бірінші сайланған уақытта Басықара ауылында жиналыс өткізетін орын болмаған. Одан кейін мектеп салынды, амбулаторияның іргетасы қаланды. Қаншама жол түзелді, көшелерге жарық тартылды. Кейін демалыс орындары мен саябақтар ел игілігіне берілді.
Тағы бір есімде қалғаны, сол уақыттары Басықараның жағдайы өте нашар болатын. Қазіргі таңда ауданның ең көрікті, сәні мен салтанаты келіскен ауылдарының бірі.
Сондай-ақ өзім қызмет жасап жатқан Жалаңтөс батыр ауылында жаңадан мектеп, мәдениет үйі, балабақша, балалар алаңы бой түзеді. Халықтың күшімен мешіттің құрылыс бітті. Аяқ су мәселесі шешілді. Осының барлығы да халыққа жасаған депутат және азамат ретіндегі қызмет деп ойлаймын. Жоғарыдағыдай жүйелі жұмыстардың ортасынан табылғаным мен үшін үлкен қуаныш.
Кейіннен Абай мен Жанқожа батыр ауылдарынан сайландық. Ол ауылдардың да заманға сай құлпырып, көркейе түскені рас. Барлығын да өзім жасадым деуден аулақпын, бірақ кішкене болса да септігім тиген шығар деп ойлаймын.
Депутат болғандағы басты мақсатым – аудан басшылығына қолдау көрсету деп түсінемін. Барлық жауапкершілік, қаражат жұмсалуы әкімшіліктің еншісінде. Алауыздыққа бармау керек.
Өмір мен өндіріс болғасын бір жағы жетіп, бір жағы жетпей жатады. Кеңес Одағы кезінде де қызмет жасадым,қайта құру тұсында да елдің ортасында жүрдім. Сол тұстакөлікте, зейнетақы, айлық болмады. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізгеніме қанағаттанамын.
Қазіргі таңда еліміздің экономикалық қуаты артып, әлем алдында да беделі өсіп келеді. Оның үстіне биыл егемендік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік баянды болғай дегім келеді.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен,
Есет ТАБЫНБАЕВ
23 қаңтар 2021 ж. 725 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930