Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шынаркүл Женсікбаева: Азаматтық қоғам –мемлекетіміздің қозғаушы күші

Шынаркүл Женсікбаева: Азаматтық қоғам –мемлекетіміздің қозғаушы күші

Күн санап азаматтық қоғамда ҮЕҰ қатары артып келеді. Ол коммерциялық бизнес емес. Бұл бірнеше адам бірлесіп, қоғамдасып жұмыс істейтін топ. Олар тек пайда табумен емес, әртүрлі қызметпен айналысуы мүмкін. Ең бастысы, Үкіметтік емес ұйым – белсенділер. Олар қоғамда азаматтардың белсенділігін оятып, түрлі пайдалы жұмыспен айналысады.Сондай-ақ биылдан бастап «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» қайта жаңғырып, аудандарда оның өкілдері сайланған болатын. Ал бұлардың қызметі қандай? Осы және өзге де сауалдардың анық-қанығына жету үшін аудандық Азаматтық Альянс өкілі, сарапшы және «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығының басшысы Шынаркүл Женсікбаевамен әңгіме өрбіткен едік.
– Жалпы Азаматтық Альянс жайында қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ­бастамасымен ҮЕҰ рөлін арттыру мақсатында алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында І Азаматтық форум болып өтті. Содан бастап форумды екі жылда бір рет өткізу дәстүрге айналды. Ал Қызылорда облысында 2016 жылы «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» құрылды. Альянс облыс көлемінде жұмыс жасайтын ҮЕҰ әлеуетін көтеру мақсатында көптеген жақсы да, игі бастамаға қолдау көрсетті. Бұл бағытта атқарылған іс-шаралар аз емес.
2020 жылы Альянс аталмыш атауын өзгертіп, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» болып жаңа форматта қайта жаңғырды. Облыстағы белсенді ҮЕҰ мүшелерінің қолдауымен оның төрайымы болып А.Ж.Ізден тағайындалды. Ол бұл салада 25 жылға жуық қызмет етіп келеді және Қызылорда қаласындағы «Ұмай» қайырымдылық үйінің басшысы. Қысқасы 2016 жылдан бастап облыс пен аудандарда Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы жұмыс істейді.
– Бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылды?
– Жуырда Альянстың ұйымдастыруымен барлық аудандарда «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды қолдау: Даму мен өркендеу мақсатындағы серіктестік» атты форум өтті. Мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы, Қазақстан Халқына Жолдауында «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын», яғни халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға белсене қатысып, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауындағы міндеттерді орындауда Қызылорда облысының ҮЕҰ белсенді қатысуға шақыру. Мұнан бөлек аудандық және ауылдық үкіметтік емес ұйымдарының қызметін күшейту бағытында бірлескен шаралар қабылдау.
Форум барысында «Қызылорда облысы бойынша үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына талдау», «Әлеуметтік кәсіперлік», «ҮЕҰ қызметін қайта бағдарламалау» тақырыбында баяндама оқылып, ауданның белсенді жастары арасында дебаттық пікір-сайыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ ҮЕҰ мүшелері арасында «Жергілікті қауымдастық мәселелерін шешудегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында сұхбат алаңы болды.
Облыс орталығында 42 ҮЕҰ өкілдері, сарапшылар, облыс жастарының қатысуымен семинар, трениг, сауалнама жүргізіліп, жазғы мектеп, Zoom конференциялар ұйымдастырылған болатын. Соның нәтижесінде Азаматтық альянс атынан ауылдық ҮЕҰ қызметін жетілдіру, қалыптасқан мәселелерді билік өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың бірлесе шешуіне бағытталған нақты шара қабылдау мақсатында ұсыным әзіреленді. Ұсыныс барлық ауданда ұйымдастырылған форумда талқыланып, қабылданды.
– ҮЕҰ қатарында жүріп жеткен жетістіктеріңіз жайында айта кетсеңіз...
– 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап аудандарда Азаматтық Альянс өкілдіктері сайланды. Одан бөлек Қазалы ауданы бойынша Альянс сапаршысы қызметін қоса атқарамын. Мен басшылық жасайтын «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығы - қоғамдық қор болғандықтан ҮЕҰ санатына жатады.
Сонау 1995 жылдан бастау алған бұл орталықтың жеткен жетістігі өте көп. Орталық мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мемлекетпен, бизнес құрылыммен жұмыс жасау барысында Қызылорда қаласындағы «Петро Қазақстан» компаниясымен бірлесе жұмыс жасайды. Сонымен қатар Халықаралық қордың қолдауымен Қазалы ауданындағы мүгедек балаларды өмірге бейімдеу мақсатында 40-тан аса әлеуметтік жобаны іске асырдық. Әрине бұл ең бірінші кезекте орталық қызметкерлерінің ерен еңбегі. Жауапкершілік пен қиыншылыққа толы қызметті өзіммен бірге атқарған ұжымдастарым кез келген мақтауға тұрарлық.
2017-2019 жылдар аралығында Германия қаласындағы SES компаниясымен бірлесе отырып, Германия елінен 3 рет мүгедек балалармен жұмыс жасайтын сарапшы шақыртуға мүмкіндік алдық. Соның нәтижесінде орталықтағы балалардың жеке даму бағдарламасының жаңа авторлық нұсқаулығы жасалды.
– Алдағы уақытта осы бағытқа сәйкес атқарылатын жұмыстар қандай?
– Жаңа форматта құрылған Азаматтық Альянстың алға қойған жоспарлары өте көп. Қазалы ауданының өкілі ретінде ең бірінші кезекте ҮЕҰ жұмысында қаржылық тұрақтылығын орнату қажет деп есептеймін. Бұл бағытта ҮЕҰ саласын әлеуметтік кәсіпкерлікке бұру қажет. Мұның өзі Азаматтық Альянс жоспарында қаралған, яғни 2021 жылы Қызылорда облыстық «Атамекен» палатасымен меморандум жасай отырып, ҮЕҰ-ның ең өзекті әлеуметтік кәсіпкерлікке бағытталған үздік жобаларын «Атамекен» палатасымен бірлесе қаржыландыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан құрылған түрлі кеңес мүшелігіне ҮЕҰ мүшелерін тарту бағыты да Азаматтық Альянстың жоспарында қаралған. Бұл бағытта бүгінде аудандық әкімшілікпен бірлесе отырып, мемлекет тарапынан құрылған кеңес және олардың мүшелері туралы дерек зерттелуде.
2020 жылы Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Үздік әлеуметтік жобалар» сайысына ауданнан 5 жоба ұсынылды. Қазіргі таңда олар сарапшы тарапынан қаралуда. Жобаларды дайындау барысында ҮЕҰ мүшелері өте белсенді жұмыс жасады. Атап айтсақ, аудандық Ардагерлер кеңесі, Әйелдер кеңесі, «Өнеге», «Сауал» қоғамдық бірлестіктері белсенділік танытып, қазіргі таңдағы өзекті деген мәселелерді көтеріп, жобаларын басқармаға тапсырды.
Бұл Азаматтық Альянс жоспарларының бір легі ғана. Альянстың сарапшы ретінде 5 ҮЕҰ-на зерттеу жүргізіп, оның даму стратегиясын жасауға атсалысу, облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып қашықтан оқытудың қолжетімділігі, балалар шығармашылық сайысын ұйымдастыру. ҮЕҰ мүшелеріне ағылшын курсын ұйымдастырып, әрі пандемия кезінде зардап шеккен 65 жастан жоғары азаматтарға йога секциясын және т.б. бағыттағы жұмыстарды жалғастыру.
Азаматтық Альянс жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның артында жоспары айқын, халыққа қаржысыз қызмет жасап, ел таныған, ҮЕҰ саласын дамытуға өз үлесін қосқан апа-ағаларымыз бар. Сондықтан олардың сенімін ақтау – мен үшін міндет.
– Ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет!

ӘңгімелескенАбзал ЖОЛТЕРЕК
14 қазан 2020 ж. 805 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 55

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930