Адалдан жеген ас тәтті
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбекқорлығымен еңсесін тіктеп, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, атағы күллі республикаға жеткен қазалылықтың бірі – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Ажаркүл Алдажарова биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Ересен ерік-жігерінің арқасында еңбектен бақыт тапқан жанмен жуырда сұқбаттасудың реті келді.
– Құрметті Ажаркүл апай, мерейлі мерекеңіз құтты болсын! Сіздің атақ-даңқыңызды аспандатып, беделіңізді үстем еткен – маңдай теріңіз. Жалпы еңбек жолыңыз қалай басталды?
– 1968 жылдан өндіріске араластым. 1973 жылы Қызылту және Құмжиек совхоздары қосылды. Кейін Құмжиек ауылы қой шаруашылығымен, Қызылту күріш егумен айналысты. Сол уақыттан бері күріш өсіруге ғұмырымның 29 жылын арнадым. Алланың берген абыройының арқасында жетістікке жеттік. Біреуден бірдеңе алайық, атақ-даңққа қол жеткізейік, көзге түссек деп жұмыс жасамағанымыз рас. Көктемде көшіп, күздің қара суығында қайта келіп жүріп, бала-шағаны өсірдік. Қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Соның нәтижесінде 4 мәрте облыстық депутаттыққа сайландым. Екі мәрте облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болдым.
– 1968 жылдан өндіріске араластым. 1973 жылы Қызылту және Құмжиек совхоздары қосылды. Кейін Құмжиек ауылы қой шаруашылығымен, Қызылту күріш егумен айналысты. Сол уақыттан бері күріш өсіруге ғұмырымның 29 жылын арнадым. Алланың берген абыройының арқасында жетістікке жеттік. Біреуден бірдеңе алайық, атақ-даңққа қол жеткізейік, көзге түссек деп жұмыс жасамағанымыз рас. Көктемде көшіп, күздің қара суығында қайта келіп жүріп, бала-шағаны өсірдік. Қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Соның нәтижесінде 4 мәрте облыстық депутаттыққа сайландым. Екі мәрте облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болдым.
– Еңбегіне қарай өнбегі. Оның шын құлшынған адамды шыңға шығармай қоймайтыны тағы бар. Сізге қандай марапат сыйлады?
– 1978 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, 1981 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алдым. Ақ күріштің атасы саналатын Ыбырай Жақаев атындағы алтын медальмен марапатталдым. Аудан басшылары «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.
1990 жылы Одақ тараудың алдында Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланып, 4 жыл бойы егемендіктің алғы шарттарын жасасуға, Ту, Елтаңба, Гимн және барлық заң жобаларын қабылдауға араластым. Елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге атсалыстым. 1995 жылы 6 баламен, ауылшаруашылығында 25 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым.
– Сіз қызмет еткен тұстары күріш басындағы адамдардың хал-ахуалы қандай еді?
– Бүгінгідей емес, ол уақытта соңғы үлгідегі техника, көліктер көп болмады. Үнемі жетіспейтін. Барлығы қарапайым еңбек адамдарының күшіне, тиянақты ісіне байланысты атқарылатын. Көктемнен бастап диқандар күрек-кетпенін ұстап борық алу секілді жұмыстарға жең түре кірісетін. Каналдардың барлығын қолмен қыршитынбыз. Әдепкіде 24 гектар болса, кейін инженерлік жүйеге түскен соң 50-60 гектарға дейін күріш егіп жүрдік. Ауыл тірлігі мал шаруашылығымен ұштасып жатқасын оған да жұмсайтын. Күзде оның қорасын өңдеу, шөбін турау, малға шетен тоқу, қырманның астын тазалау сынды шаруалардың бәрінен шет қалмадық.
Сол кездегі кедергілер мен ауылшаруашылық саласындағы қиындықтарға төтеп бердік. Үлгердік. Күріш егетін жер көлемі де үлкен болды.
– Осындай қызу тіршіліктің ортасында жүріп, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленгенде қандай сезімде болдыңыз?
– Біздің арман-мұратымыз ортақ істі өрге сүйреу еді. Барлығымыз егіс басында елдің игілігі, берілген тапсырманы орындауға күш біріктірдік. Бәріне тек өзім қол жеткіздім деуден аулақпын. Қатарлас күрішшілер, бригадир болды. Жылма-жыл еңбектен қол үзбедік. Балалы болып жатсақ та, егін ектік. Бригадир Қани ағамыздан көп нәрсе үйрендім. Марапатты алдымен ауданнан берді. Кейін Алматы қаласына шақырды.
– Егіс басындағы жұмыс ерте көктемнен басталып, күздің қара суығына дейін жалғасады. Осы аралықта есіңізде қалған ерекше оқиғаны айтып өтсеңіз?
– Әрине, ондай оқиға көп. Күйеуім бригадир болып қызмет атқарды. Егіс басында алдымен 70 гектар жер аламыз. Сол маңға күріш сеуіп болғаннан кейін келесі алқапқа қарай кетеді. 70 гектар жердің алдында 35, артында 35 құлағы болады.
Бір күні топан әкеліп түсірді. Кетпенімді арқалап келсем топанды ортадағы жолға орналастырудың орнына алқаптың аяғына тастапты. Оларды әр атыздан өтіп, жеткізу көк бейнет. Содан ашуланып, дәл осы топандарыңды тасымағаным деп ерегесіп, олардың барлығын өртеп жібердім. Бәрі жан-жаққа жүгіріп жатты. Кейін көпке дейін маған топан түсіріп бермей жүрді. Қазір қарасаң сол күндердің барлығы сағынышқа айналған, қызықты сәттер екен.
– Бүгінгі таңда жұмыссыздық мәселесі белең алып тұрғаны жасырын емес. Ауылдағы ағайынның айтатыны да сол. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Қазір біздің кезіміздегідей қайнаған жұмыс жоқ. Барлығы жекешелендіруге кетті. Ол уақыттағыдай мынау малшы, мынау күрішші деп бөлінбейді. Ауыл мен қаланың айырмашылығы да болмай қалды.
Кең көлемдегі күріш түгілі бақшаның өзін егуді қойдық. Адамдар бейнеттенгісі келмейді. Үкіметтің жұмысына ілініп кетсем, бөлінген аз-мұз ақшаға ішіп-жеп жатсам деген ой басым. Мүмкін, заманына қарай амалы шығар. Ауылдағы келіндер бар ұнның өзінен нан салмайды. Бәрін дүкеннен сатып алуға әуес. Пішен орып әкелмейді. Ауылдағы жұртшылық мал асырауды да доғарды. Әрбірінің аузында бір-бір сылтау бар. Масылдық пен жалқаулыққа бой алдырып барамыз.
– Адам ұрпағымен мың жасайды. Өсірген ұл-қызыңызға, әулетіңізге тоқталсаңыз?
– Жұбайым 1996 жылы қайтыс болды. Құдайға шүкір, екеуміз 6 балалы болдық. 4 қыз, 2 ұл өсірдік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Екі келінім де мұғалім. 22 немере, 14 шөберем бар. Немерелер де қызметке араласып жатыр.
– Адам бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
– Жаратылысымнан адам алаламаймын. Үлкен де, кіші де бәрі маған дос. Сыртта жүргенде де, атақ-абыройға ие болып жатқанда да жаттық, менменсіну, көкірек көтеру, өзгеру секілді қасиеттер болған емес. Бәрімен тіл табыстым. Біреуі – аға, біреуі – іні болды. Жақсының жаттығы жоқ. Көп адаммен араласып сыйластық.
Елбасымен суретке түсу құрметі бұйырды. Жоғары Кеңеске депутаттыққа сайланғанда ел тізгінін ұстаған кісілермен үзеңгілес жүрдік. Өз өтінішімді айтып, ешкімнің есігін қаққаным жоқ. Барлығы сол қарапайымдылықтың арқасы шығар деп ойлаймын.
«Ұлық болсаң – кішік бол» деген ұстанымдағы кішіпейіл, қарапайым жандарды жақсы көремін. Сондай қасиеттерді жоғары бағалаймын.
– Бүгінгі қоғамда сізді не алаңдатады?
– Әйелдердің қоғамдағы орны өзгеріп барады. Осы мәселе алаңдатады. Азаматтың алқымынан ала түсіп, ер кісілерді құрметтемеу кездеседі. Кейбір жиналыстарда аңғаратыным – әйелдердің дарақы сөйлеулері, ұятсыздыққа баратыны бар. Солар айтарын айтып, айналаны базар қылғанда бетімізді басып, ұялып отырамыз.
Ана, әйел – отбасының ұйытқысы, ошағының иесі. Қай заманда оның беттен алып, төске шапқанын көргеніңіз бар? Бүгінгідей қой үстіне бозторғай қонған заман қашан болып еді? Мына қарапайым ауылдың өзінде бәрі жеткілікті. Мектеп те, балабақша да, клуб та, тіпті спорт алаңдарына дейін жаңа. Кешегі Кеңес үкіметінің өзінде халыққа мұндай жағдай жасалмады.
«Есектің артын жусаң да мал тап» деген Абай атамыз. Жүк жеңіл болған сайын, әйелдер де шектен шыға бастады. Осы дүние ойландырады, қынжыламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Есет ТАБЫНБАЕВ
Есет ТАБЫНБАЕВ