Мақсатым – туризм маманы болу
Қазіргі таңда шетелде білім алып, біліктілігін арттырып жүрген студенттер қатары аз емес. Солардың бірі – Алтынбек Қәдір. Бүгіндері Босфор бұғазында орналасқан бауырлас Түркия мемлекетінде жүрген жерлесті әңгімеге тарттық.
– Алтынбек, Жерорта теңізінің жағалауына жету жолыңыз қалай болды?
– 2017 жылы Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейді бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясына «мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандығына грант негізінде оқуға түстім. Аталған білім шаңырағындағы факультет деканынан Анталья қаласында екі дипломдық жүйе бойынша білім алу мүмкіндігі бар екендігін білдім. Қажетті құжаттарды тапсырып, 2018 жылдың маусым айында Түркияға аттандым.
– Антальядағы алғашқы кезең жайлы әсеріңіз...
– Ұшақтан мені жергілікті оқу орнының қызметкері күтіп алып, үш жұлдызды қонақ үйдің біріне орналастырды. Бастапқы бес ай аралығында сол жерде тәжірибеден өттім.
Жұмыс барысында Демир деген түрік азаматымен таныстым. Бір қызығы, ол жиырма бес жыл ғұмырын Шымкент қаласында өткізген болып шықты. Туған елден жырақта жүрген мен үшін бұл кездесу айрықша қуаныш сыйлады. Демир де көмегін аямай, бар білгенін айтумен болды.
– Түрік тілін үйренуге қанша уақытыңыз кетті?
– Толық төрт ай дегенде еркін меңгеріп алдым. Тарихы қазаққа етене жақын, туыс халықтың тілінде сөйлеу аса қиындық туғыза қоймады. Алғашында қателік жібергеніме қысылатынмын, уақыт өте келе қонақ үй қызметкерлерімен, дүкен, сауда орталықтарындағы сатушылармен диалогқа түсу арқылы тілдік қорым жақсара түсті. Бұл күндері еркін сөйлеуге әбден машықтанып алдым.
– Биыл Түркиядағы екінші жылыңыз, осы күні қай қаладасыз?
–Антальядан он бес шақырым қашықтықта орналасқан Бельдиби деген қалашықтамын. «Чемпион» атты отбасылық демалысқа арналған бес жұлдызды қонақ үйде меймандармен жұмыс менеджері болып еңбек етіп, сол жердің дәм-тұзын татып жүрген жайым бар.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Менде негізі уақыт тапшы. Кейде шаруадан қолым босай қалса, Анталья мен Аланья шаһарының әр түкпірін аралауға асығамын. Әсіресе ескі бөліктерінде болуды ұнатамын.
Мұндағы Византия, Осман патшалығы тұсында салынған мұнара мен қамалдар, тар көшелері орта ғасыр өмірін көз алдыңа әкеліп, ерекше әсер қалдырады. Жергілікті тұрғындар бабаларынан мұраға қалған осындай үлкен мәдени ескерткіштерін бұзбай, бұрынғы қалпында сақтауға айрықша көңіл бөледі.
– Туризм саласының біздегіден нендей айырмашылығы бар?
– Бағасы арзан, қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде дамыған, осы сала бойынша әлемнің озық елі саналатын түркиялықтардан үйренер, үлгі етіп алар құндылықтар өте көп. Бұнда кірістің жарты бөлігін туризм құрап тұр десе таң қалмаңыз. Бұл саланың артықшылықтарын, мыңдаған халықты жұмыспен қамтып, экономиканың аяққа тұруына үлкен ықпал ете алатындығын олар ерте түсінген. Біздің жас мемлекетке де Тәңір сыйлаған Жер-Ананың сұлу табиғатын, географиялық ерекшеліктерін тиімді пайдаланатын нәтижелі қадамдарға бетбұратын кезек келіп тұр.
– Болашақта Қазақстанға оралып, еңбек ету ойыңызда бар ма?
– Әрине, жинаған тәжірибе мен алған білімімді елге барып, отандық туризмді дамыту жолына жұмсағым келеді. Қазақстанда басқадан тарихы да, табиғаты да кем түспейтін көрікті өңірлер жеткілікті.
Кең байтақ ел аумағында туризмнің барлық бағытын жетілдіруге әлеуеті жететін осындай орындардан қолжетімді баға, озық инфрақұрылым мен визалық жүйені жолға қою арқылы адам аяғы арылмайтын демалыс кешендерін жасап шығуға болады. Осы жүйенің білгір маманы атануды армандайтын мен қатарлы жастардың мақсат-мүддесі – жаһандық туристер ағынын елімізге тартудың соны соқпағын салу деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ