Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аңызға айналған Бегім ана

Аңызға айналған Бегім ана

Қазақ елі текті, киелі, қасиетті, дарынды тұлғалардан кенде емес. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, Қоңыр ана, Қарамолда әулие, Қарабура әулие секілді көптеген қасиетті есімдер жалпақ жұртымызға кеңінен танылған. Бүгінгі біздің әңгімеміздің арқауы Қарабура әулие мен адалдықтың символы болған Бегім ана және өмір сүрген ортасы – Жанкент қалашығы жайында болмақ.
Қарабура әулиенің туған жылы, өмірі, шыққан тегі, руы жайлы ешбір жерде нақты дерек жоқ. Бірақ әр түрлі пікірлер көп. Қарабура әулиенің Қожа Ахмет Яссауидің серігі, екеуі замандас екенін білеміз. Қожа Ахмет Яссауи ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген. Олай болса, Қарабура әулие де осы дәуірде ғұмыр кешкен.
Қарабура деп аталу себебі Қожа Ахмет Яссауи өлер алдында отбасына, туыстарына: «Мен пәлен уақытта жан тәсілім етемін. Мені оң жаққа қойғаннан кейін көп кешікпей денем суымай тұрғанда бір қара бура мінген кісі алып кетіп, мәңгі жататын орныма өзі ақ жуып арулап қояды. Мені алып бара жатқанда: «Қайда алып барасыз» деп оның қолын қақпаңдар», – деп ескертеді.
Сол айтқанындай, Яссауи дүние салысымен қара бура мініп келген бір кісі оның денесін бурамен алып кетеді. Содан бастап ол кісіні Қарабура Әзім деп атаған.
Қарабура хан өзінің бірінші қызын Бегім сұлуды Оғыз қыпшақтарының ханы Санжар сұлтанға ұзатқан. Екінші қызы Әмбар бибіні ислам дінінің ірі өкілі, ғұлама ғалым Сүлеймен Бақырғаниға ұзатып, одан туған немере қызы Айша бибі Сүлеймен Бақырғани өлген соң екінші әкесі Зәңгі бабаның тәрбиесінде болған. Ол Тараздағы ғашық жары Қарахан патшаға барар жолда жылан шағып өмірден озған. Айша бибі кесенесі Тараз маңында. Қарабураның қыздары Ташкенттен 12 шақырым жерде Әмбар бибінің, Қызылорда облысында Бегім сұлудың кесенелері бар. Қарабура ханға қойылған белгілер Қытайда, Қашқарда, Иранда, Түркияда, Тәжікстанда, Қырғыз елінде аз емес.
Ал енді Санжар (Шанжар) хан жайында айтып кетейік. ХІ ғасырдың басында түріктер көтеріле көшіп, Каспий теңізінің төңірегіне қоныстанып, Селжұқ деп аталатын мемлекет құрды. Сосын Хорасан патшалығына шабуыл жасап оны күшпен басып алады. Селжұқ әскерінің қол басшысы Тоғурул Бек Хорасан мемлекетінің сол кездегі патшасы Махмуд Ғазнауйдың баласы Масхудтың әскерін талқандайды. Тоғурул Бектің өзі Хорасанға хан болады. Сонымен қатар, Селжұқтар Хорезмді, бүкіл Иран мен Әзербайжанды, 1055 жылы Араб халифатының астанасы – Бағдатты басып алады. Бағдатқа Тоғурул Бек сұлтан болып отырады.
Тоғурул Бектен кейін Алып Арсланның сұлтан болған және оның баласы Жәлеледин Мәлік шахтың патшалық құрған кезінде Селжұқтар қатты күшейген. Қытайдан Жерорта теңізіне, Кавказдан Йеменге дейін созылып жатқан жерді игереді. Мәлік шах өлген соң орнына баласы Санжар отырды. Кемеліне келіп күшейген Санжар астанасын Хорасаннан көшіріп Мервке (Түркіменстан) әкелді. Мұнда біраз жыл отырды. Оның құрметіне Мервте күмбез орнатылды. Орнатылған күмбез осы кезге дейін құламай тұр.
Бұдан соң Санжар орталығын Сыр бойына көшіріп Жанкентке орналастырады да, оны мықты бекініске айналдырады. Сол кезде Санжар Қарақұмды жайылым және демалатын орынға, Қаратауды аң аулап, саяттайтын мекенге айналдырады. Сондай бір сейілдік құрып жүрген күндерде Қаратаудың бетпаққа қараған етегінде Созақтың маңайында өмір сүрген Қарабура Әзімнің қызы Бегімге үйленіп бас қосады.
Санжар хан Жанкентке қоныс теуіп, Бегім сұлуды қалыңдық етеді. Ал, одан кейінгі оқиға әртүрлі баяндалады. Бірақ бәрінің басталуы мен аяқталуы бірдей. Яки Санжардың аңшылыққа шығып, томағасын (кей деректерде қанжарын) ұмытып кетуімен басталып, Жанкент халқын жыланның шағып қыруымен тынады. Бұл оқиғаның әр деректе әр қилы айтылуы бұл жайттың халыққа ауызекі тарауынан секілді. Себебі, әр адам өз естігеніне ойын, қиялын қосып басқаға жеткізген. Бірақ нақты бір ғана нәрсе бар. Ол – Бегім ана кесенесі және онда ер адамдардың кіруге болмайтыны.
Қазір Қазалы ауданының Үргеніш жақ даласында бұрынғы Арал теңізінің жағасы деп аталатын жерде ондаған ғасырларды басынан өткерген Бегім ана мұнарасы тұр. Бегім ана ескеріткіші шамамен ХІІ ғасырда салынған және бұл орынға ер кісілерге баруға болмайды. Себебі, кезінде Санжар ханның Бегім сұлуды себепсіз жазалуынан кейін Бегім ана еркек атаулыға қарсы болған. Тіпті, бұл ескерткіштің шырақшысы да әйел адам.
Қазақстандағы Халықаралық мұсылман әйелдері қоғамдық қауымдастығы бірлес­тігінің Қазалы ауданындағы филиалының басшысы Қарлыға Алдажарқызы: «Мен 1959 жылы Қазалы ауданында жұмысшы отбасында дүниеге келдім. 20 жасымда көзім қаріп болып, түсімде Қожахмет баба аян бергеннен кейін жанарым ашылды. 29 жасымда сал болып жаттым. Онда да түсіме еніп аян берген Бегім анамыз еді. Бұл 1992 жылы болатын. 1993 жылдың қараша айының 19-нан бастап әулие анамыздың пәктігін, адалдығын насихаттаумен келемін. Әулиенің рухы бәрімізге жар болғай», – дейді.
Бегім ананың шапағаты тиіп, Алладан перзент сұрағандардың тілегіне тілеу қосып, перзентті болған аналардың саны қазір 18-ге жетіпті. Жалпы, Бегім ана жайлы қарапайым халықтан, басына барып дұға еткен жандардан сұхбат алып та көрген болатынмын.
Қалалық ауруханада 40 жыл жұмыс атқарған зейнеткер, Бақытгүл Наурызалы: «Мен өзім таманың қызымын. 2014 жылы тамалар жиналып, Бегім ананың басына барып, құрбандық шалып, құран оқытатын болған. Біз де қалмай сол жылдың жазында Бегім ананың басында болдық. Жұбайым науқастанып жүрген, денсаулығының дұрысталуын тілеп, құран бағыштадық. Бізбен бірге 3 ер адам барған. Бірақ, олар ананың басына жақындаған жоқ. Олар құрбандыққа мал шалып, Бегім ана кесенесінен алыста жүрді. Аллаға шүкір, сонан бері жарымның денсаулығы оңалды», – деген сырын ақтарды.
Әйтеке би кентінде тұратын атақты халық, емшісі Ақтолқын Тұрғанбай: «Бегім ананың басына ниет еткендерді талай алып бардым. Солардың бірі – Владивостокта тұратын ерлі – зайыптылар. Олар елінде жүріп, Бегім ана жайлы интернеттен біледі. Сонан соң Алматыға, Алматыдан – Қызылордаға, Қызылордадан – Қазалыға маған келді. «Апа, әйелім бала көтермей жүр. Сол үшін тілек тілеп, Бегім ананың басына дұға етуге келіп едік», – деп өтінді әлгі орыс азаматты. Қонақтардың бетін қайтармай, «Жарайды» деп түнделетіп жолға шықтық. Содан Бегім анаға барып, дұға тілеп қайттық. Әлгі ерлі-зайыпты отандарына қайтты.
Сонан бір жылдан соң 20 наурыз күні маған бір бейтаныс нөмір хабарласты: «Апа, телефоныңызды көтерсеңізші, әлгі орыс жігіт сізді ала алмай жатыр», – дейді. Әлгі жігіт маған «Апа, әйелім егіз тапты» деген қуанышын жеткізді.
Тағы бірде маған Қызылорда қала­сындағы «Дарын» мектебінен мұғалім әйел келді. Жасы есейген шағында үй­леніпті. Балалы болғысы келіп, дұға етпекші екен. Онымен қоса, күйеуі екеуінің арасы жақсы бола қоймапты. Жұбайы үйге күнделікті қонбайды, бірде бар, бірде болмайтын көрінеді. Бегім ананың басына апарып түнеттім. Сонда түсінде күйеуін аппақ арқанмен байлап, оның ұшын әйелдің қолына беріпті. Сонан кейін ол балалы болды, қазір күйеуімен де арасы жақсы, – деп көкейкесті пікірін ағытты.
Қазалылық журналист-жазушы Әл­мәмбет Әлішев өз шығармасында: «Ішкі жағы саздан құйылып соғылған, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған, биіктігі он-он бес метрдей... Ескерткіштің төменгі жағында әр түрлі өлшемдегі қыш кірпіштер жерде шашылып жатыр. Бізбен бірге барған адамдар қыш кірпіштен алып жатыр. Мен ішімнен: «Бисмилла! Бегім ана, кешіре гөр» деп сыйынып, керамика кірпіштің екеуін қолыма ұстап, бір-біріне тигізіп едім, кәдімгі таза хрустальдың сыңғырындай әсем үн шықты.Әлгі кірпіштерді өз орнына қайта қойдым.
...Осы арада ерекше атап өтер жәйт: сол жолы әулие ананың ескерткішінен кірпіш сынығын алғандардың бәрі көп ұзамай, түрлі бақытсыздықа ұшырады.Бірінің қызметі төмендетілсе, бірі дарияға шомылуға барғанда іс-түссіз жоғалып кетті, кейбіреулері жол апатынан қаза тапты. Мұны Бегім ананың құдіреті демегенде не дейміз?!», – дейді.
Аңыз әңгімелерде Бегім ана есімі – Бегім ана, Бекмана, Бикем деп аталады.Бұның қайдан шыққаны жайлы мынадай түсінік бар: Оны хан Бегім атауы мүмкін. Себебі, қазақ халқы ежелден ханның әйелін ханым атағаны секілді, биліккке араласқан бектің әйелін бегім деп атаса керек. Менің пайымдауымша, халық арасында бұл үш атау да кездесе береді. Халық Бегім ана сөзін өздерінің ыңғайларына қарай, орфоэпиялық өзгеріске ұшыратып жіберген секілді. Мысалы, орыстың уезд сөзін ояз, август сөзін ағұст дегені секілді.
Тіпті, Қарабура әулие теріс батасын берген Жанкент қаласынан ұзақ уақыттар бойы жыландар кетпеді. 1963 жылы Энгельс сов­хозы құрылып, «Жанкент», «Өркендеу» ауылдары сол совхоздың бөлімшесі болған кезде совхоз есебінен ауыл орталығынан үйлер көптеп салынды. Соның бір-екеуінде ордалы жыландар пайда болып, басына ақ құйса да үйден шықпаған. Тіпті бір отбасы жаңадан салынған үйді жыланнан қорыққаннан тас­тап та кеткен.
Қазалылық белгілі шежіреші Өмірзақ Ахметов өз мақаласында: «Шаһар халқының жылан сорып апат болуы аңыз болса да дәлелді тұстары мол. Шаһар халқын опат еткен ығылым жылан кешегі күнге дейін Жанкент шаһарының бұзылған іргесінде үйір-үйір болып жүрді. Қысы-жазы ой-шұқырда қордаланып жатқанын «Өркендеу» совхозының жергілікті адамдарының бәрі де біледі.
Мен оны көзіммен көрдім. 1950 жылы сәуір айында Жылуан арығын 150 адаммен қазғанда сол жұмыстың басында болғаным бар. Сонда ордалы жыландарды көріп оның куәгері болғанбыз. Сәске кезінде жыландар мекенжайынан қозғалып дариядан су ішіп қайтуға бәрі бет алып шұбырғанда ізінен жұқа шаң көтеріліп, жыланның үстімен жүріп отырғанын сан рет көрдік. Соншама жылан жолымен барып суын ішіп, жолымен қайтып мекеніне келіп жатады. Ешкімге тимейді, залалы жоқ. Сол жыландар 1970 жылға дейін жайлы қонысында болды да одан соң бір түнде жоқ болып кетті», – деп жазады.
Терең зерттеле қоймаған, біреулер біле бермейтін Қарабура әулие, Бегім ана, Жанкент шаһары жайлы көнекөз қарттар, ақпарат көздері, газеттер осылай баяндайды. Мен әр жерден керекті деген маңызды, көп айтылмаған тың деректерді жинап һәм өз ойымды да қосып, жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Нұрбол ШЫНЫБАЙ,
Әйтеке би кенті.
21 шілде 2018 ж. 6 890 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031