Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғасырдың қойнауынан үн келеді

Ғасырдың қойнауынан үн келеді

Кез келген суретті әр түрлі жолмен салуға болады. Ал Қазақ халқының өмірін немесе өлкенің тарихын жан-жақты суреттеген қылқалам шеберлері өте аз. Өз туындыларында қазақтың тарихын, тұлғаларының кескін-келбетін қылқаламмен, майлы бояумен салып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған суретшілердің бірі Зейнуллин Орақ Зейнуллаұлы 1955 жылы 6 қыркүйекте Қазалы ауданына қарасты Майдакөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1962 жылы Карл Маркс атындағы савхоздың №25 орта мектебіне оқуға түсіп аталған мектепті 1972 жылы бітіреді. Совет армиясы қатарында екі жылдық борышын өтеп 1976 жылдың қыркүйегінде Алматы музыкалық училищесіне оқуға түседі. Училищені 1979 жылы бітіргеннен кейін 1980 жылы Қазалы станциясының №70 кәсіптік техникалық училищесіне (ГПТУ-70) өндірістік оқу шебері болып жұмысқа орналасып кейін (1982 ж) техникалық сызудан дәріс бере бастады. 1981 жылы училище директоры Оразғали Бекпановтың бастамасымен (Қазалының өндірісін басқа да тіршіліктерін айғақтайтын паспортының эскизін екі жерге, яғни көне Қазалыдан Қазалы станциясының (Әйтеке би кенті) шекарасына және Қазалы станциясына Қызылорда тас жолынан кіре беріс бұрышына қою үшін сыздыруға және «Ақбай» жағажайының эскизі мен безендіру жұмыстарын жасауға тапсырма беріледі. Суретші аудан, қала тарихының өткені мен бүгінін ұштастыра отырып, тапсырманы орындап аудан басшыларынан оң бағасын алады. Сондай-ақ,аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағы ашылар кезде әріптесі Қ. Ршымбетов екеуі 52 дана Ұлы Отан соғысы Батырларының портреттерін салған.
1989 жылы отбасы жағдайына байланысты жұмыстан өз еркімен шығып туған ауылы Карл Маркс атындағы совхоздың балалар музыка мектебінде сальфеджао мен баян аспабынан дәріс бере жүріп, осы ауылдағы №24 қазақ орта мектебінде сызу пәнінің мұғалімі болып сабақ береді. Кейін Бекарыстан би ауылдық мәдениет Үйінің директоры қызметін атқарады.
Ауыл маңындағы тарихи ескерткіштердің жағдайын зерттеп, Бегім ана, Нұрбай би, Асандар көтерілісі туралы сценарийлер жазып, өзі суретші, өзі режиссер міндетін мойнына алып, жастардың күшімен сахналануына қол жеткізді. Орақ Зейнуллин сегіз қырлы жан. Суретшілігімен қатар шебер музыкант болатын . Ол домбыра, баян, қобыз аспаптарында керемет ойнайтын. Ақындығы бір бөлек әңгіме, бірнеше тарихи дастандарды қағаз бетіне түсіріп дайындағанмен, өкінішке орай қаржы жоқтығына байланысты кітап болып жарыққа шықпаған. Бірнеше өлеңдерге ән жазған сазгер, драма жанрында да өзіндік қолтаңбасы бар. Әйел аналардың бас иер тұлғасы, адалдық пен тазалықтың символы Бегімсұлу Қарабурақызына арнап «Бегімана» сахналық көрініс дайындап, кейіпкерлеріміздің киетін киімдерінде өз қолымен тіккен мықты қолөнерші.
Мұншама өнерді қалай игеріп, қалай үйренгенсіз деген сұрағыма: -«Әкем Сейтжанұлы Зейнулланың шешем Садуаққызы Ықылиманың он саусағынан өнер тамған жандар еді. Әкемнің жазуды таспадай тізіп, сызуды дәлдеп сызатыны маған да дарыған болса керек Сондағы көргендерім елес болып әрқашан ойымда жүретін. Шешемнің жасаған ою-өрнектерін жаста болсамда жадыма түйіп өскенмін. Соданда болар сурет сырын оны мазмұндап салу әдістерін (техникасын) терең түсініп зерделеп жүрдім»- дейтін.
Бірнеше өнерді меңгергенімен суретшілік өнерін бәрінен жоғары қоя білген шығармашыл жан қылқаламның құдіретімен өмірге бірнеше туынды әкелді. Оның «Канал қазу», «Арал тағдыры», «Жұрт», «Ғани Мұратбаев»,«Ғани ауыл жастарымен бірге» т.б жұмыстары жоғары бағаланып, ауданға келген қонақтарға сыйға беріліп, біршама туындылары музей қорына тапсырылды. Сол туындылардың ішінде үш томнан тұратын «Ғасырдың қойнауынан үн келеді» атты тарихи дастаны бойынша Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік сериалы» атауымен салынған«Керей мен Жәнібек», «Есім ханның Қара Ертістегі жоңғарларды талқандауы», «Орбұлақ шайқасы», «Ақтабан шұбырынды», «Абылай ханның Сарыбелдегі шешуші жеңісі, «Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар», «Жанқожаның Арықбалықтағы көтерілісі», «1930-1931 жылдардағы Қазақстандағы аштық» атты батылдық жанрдағы туындыларының шоқтығы биік. Илляюстрациялар негізінен гуашь,худ, акварельмен орындалған. Акварель – қателесуге болмайтын өте ұқыптылықты қажет етеді. Өйткені ол майлы бояудай қайта жөнделмейді,материалға бірден сіңіп кетеді.Орақ Зейнуллин өз шығармаларын аса ыждаһаттылықпен орындаған шебер суретші.
Шығармашылық жұмыстары: Ауылда жүріп салған жұмыстарынан басқа негізгі жауапкершілікті жұмыстары осы Қазалыдан басталды:
Орақ Зиннулиннің Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің қорында сақтаулы тұрған туындыларына кезек берсек.
1)Алғашқы Қазақ хандығының құрылуы Керей көшкен
Мына иллюстрацияда алғашқы қазақ хандығының құрылуы «Керей көші»бейнеленген. биік төбе «Бас ақтөбе»деп аталады.Ал мына «Тұлпарсаз»деп аталатын жазықтық қазіргі Жамбыл облысы,Мойынқұм ауылынан басталып Қарабөгет деген ауылға дейін созылып жатқан Қозыбасы жотасы мен Шу өзенінің бойындағы ұзындығы 55-60 шақырым алқап.Сол атам заманнан келе жатқан Тұлпарсаз күні бүгінге дейін бар.Ұланбел мен Хантауы да осы алқапта екенін айта кету керек.Осы Тұлпарсазда Керейді ақ киізге отырғызып хан көтереді.Бұл 1456 «тышқан» жылы болатын.Содан бері сонау 1456 жылғы алғашқы осы Керей хандығынан бастап 1847 жылғы Кенесары ханға дейінгі аралықта бізде қазақта 33 хандық дәуір өтіпті.Орақ Зейнуллин бұл портретті тарихи–әдеби кітаптарды оқи отырып, тереңірек зерттеу нәтижесінде бейнелеген. Тіпті, туындыдағы алыстан бой түзеген асқар таулардың биіктігі арқылы Кенесары ханның беделінің жоғары болғандығын көрсетеді. Портрет илляюстрациялар негізінде гуашь, худ, акварельменашық түсті реңктері арқылы көруші назарын бірден өзіне аударады.
2) Ақтабан шұбырынды алқа көл сұлама.
Жұртты жеті ағайынды дейді әз-халқым.Талай жұрттың түр-түрін бастан өткерген бабаларымыз жұртқа дәл осылай атау берген.Олардың бірі соғыс жұртының сан ғасырлар жеті жұрттың тұманы сейілмеген қазағымның басына 1720-21 жылдардың қақаған азынауық күзінен бастап «Қайың сауған ақ тышқан»жұты келіп түсті.Осы тұс жоңғарлардың құдайы бергендей,олардың қазақтарға қайта шабуыл жасаудың оңтайлы сәті туды.Сөйтіп қайта хандық құрған жоңғар-қалмақтарының қонтайшысы ханы Суан Рабданның әскерлері жеті жерге бөлініп,жеті жақтан өзі жұттан арып-ашқан елімізге Ертіс, Тарбағатай, Арқас, Сарханд, Қапал, Ақсы, Лепсі арқылы қазақ даласына кенеттен басып кірді.Бұл 1743 «қоян» жылы маусымда басталатын әйгілі «Ақтабан»шұбырынды, Алқакөл сұламаның» басы еді.Осы алапат қырғында басқа елдерде бұрын-соңды болып көрмеген жауыздықтың жан түршігерлік небір түріОрн жасаған.Еркек көрінсе басын алып әйелдердің омырауындағы емізулі сәбилеріне дейін тартып алып лаулаған отқа лақтырған,бауыздаған.Өздерін шаштарынан байлап матап қамшылап малша айдаған.Содан ашынған әйелдерде қарап қалмаған. Сәбиі үшін басын ажалға байлап жасаған ерліктері аңыз болып халық жадында қалған. Ауыр жұттан кейінгі арып-ашқандық оған дейінгі Тәуке хан өлген соң ішкі талас-тартыс берекесіздіктен халықтың күйзелуі.Оның үстіне алапат жойқын күшпен тұтқиылдан жоңғарлардың сұрапыл шабуылы шынында да қазақ халқын есеңгіретіп тастады.Оларды бет-бетімен қашуға мәжбүрледі.Қатты қырғын,ауыр күйзеліс,ашаршылық қазақ халқының басында бұрын-соңды болып көрмеген зобалаңды алып келгенін,телім-телім болып жан-жақтан көмек тілегенін Алты Алашқа үндеу тастағаны тарихтан белгілі. Бірақ кейін мұндай көңілдегі бірлік болмай тек қазақтар ғана өз әлінше қармана қорғанды. Сондықтанда жоңғарлармен бұл соғыс ұзаққа созылып қырғыншылық үдей берді. Ұзаққа созылып қазақ халқын әлсіреткен бұл соғыс 1723 «қоян» жылы кіре басталып 1763 «қоян» жылына дейін созылып қырық жылдай бойы қан кешу қазақтардың түбегейлі жеңісі, жоңғарлардың тарих бетінен жойылуымен аяқталды.Миллионға жуық адамы бар қалмақтан 800 мыңнан аса әскері болған ақырында тірерге тұяғы қалмады.Азғантай ғана бала-шағасы 30 мыңдай Ресейді паналап қалған қазіргі Астрахан.Қазақта айтылатын «Қырық жыл қырғы болса да, ажалды өледі» деген сөз сірә осыған орай айтылса керек.
Бұл туындыда кенеттен келген топтың бала-шаға, әлсіз жандарғазәбір көрсету, қырып жояу сәті көрсетіліп тұр. Қараңғы түн уақытында тыныш ұйқыда жатқан адамды басып келіп, бірінің мал–мүлкін, бірінің үйін өртеп, қыздарды күң етіп, ерлерді еріксіз өлтірген көрініс берілген. Картинадағы драмалық көріністі жоғары беткейден түсіп тұрған күн сәулесімен, оған қыран құс боп жеткен періште арқылы бейнелей отырып, осыншама қиыншылықтан өткеннамысы өлмейтін қазақ халқының көк туының көкте самғайтынын, бабалардың батырлығын дәл жеткізен.
3) «Сарыбел шайқасы»1758 ж.
Суретте барша қазақтың ханы Абылай хан бастаған қазақтың үш жүзінің жасақтары жоңғар-қалмақ басқыншылары мен ұрыста түпкілікті жеңіске жеткен «Сарыбел шайқасы» бейнеленген.
Бұл Сарыбел жері-он үш бағаналы цияньлун картасында көрсетілгендей Қырғыздар Қонысына жақын Күрті өзенінің басталған тұсы,Кекілік тауы мен Суықтөбенің Қастек асуымен ұштасқан аймақ.1743 «доңыз»жылы жоңғар-қалмақ басқыншылары шабуылды үдетіп Орта жүз бен кіші жүзге басып кірген шақта жоңғарларға бір орталықтан бірігіп қарсы тұру үшін Орта жүздің ханы Абылайды ресми түрде барша қазақтың ханы етіп сайлайды.Абылайдан соққы алып шашыранды болған жоңғар-қалмақтары 1757 «сиыр»жылының жазында Сарыбелге жинала бастады.Осы жағдайға байланысты Қазақтың үш жүзінің жасақтары Сарыбелдегі бір жерге топтаса жиналған жоңғар қалмақтарын жан-жақтан қоршап қыспаққа алуды жоспарлаған Қазақ әскерлері Балқаштың оңтүстігінен аттанып, Балқаш көлінің мұз қатқан бетінен жүзіп өтіп одан әрі Сарыбел жеріне баруды көздеген.Әбілпейіз бастаған қазақ жасақтары «Көксу,Қаратал жерлерін басып өткен Ілеге жетуді мақсат етіп, 1757 жылдың қараша айында аттанған.Бұл бағыттағы топты Орта жүзден Сарытүгіл батыр,Үмбетай батыр, Ұлы жүзден Тұңғышы батыр бастап олар Қабанбай бастаған топпен Керібұлақ жерінде бас қосқан.Ал батыстан шығысқа қарай Шу өзенін бойлай Сарыбел жеріне баруды көздеген қазақ қолын Кіші жүзден Ералы сұлтан бастаған.Олардың бәрі Сарыбелді бетке алып жолға шығады.Осылайша дүйім алты Алаштың басы қосылған ақырғы айқаста ата жаудың ордасы талқандалған сәті.
Абылай хан көтерілісті ұйымдастыруда, әскери жинақ жасауда ерекше білімді болған. Ол өзінің білімі мен батырлығы арқасында үш жүздің басын қосуы айқын көрініп тұр.Портретте сол бөліктен сап түзеп жоғарыданқарсыластарға оқ жаудырып, оң бөлікте сарбаздар артқы шептен қыспаққа алып жатқаны. Сарбаздың қолындағы үш жүздің басының бірікенін білдіретін әскер жалауы.
4) 1931-1933 жылдардағы Қазақстанда болған аштық.
1931-1933 жылдары 5,5 миллион халқы бар Қазақстанда-2,3 миллион адам аштан өлді.Сол кездері КСРО-ның Сауда және халықты азық-түлікпен қамсыздандыру Халық комиссары,яғни министрі Анастас Микоян болатын.Міне сол Микоян егін аз егетін Қазақстанға жыл сайын 42-52 млн,пұт астың және өте көп көлемде ет тапсыруды міндеттеп соны орындатып та жүрді.Әрі-беріден соң ашаршылық шегіне жеткен 1932 жылы күзде «Қазақстан 52 млн.пұт астық тапсыруы керек» деген бұйрық береді. Халық аштан қырылып жатыр, ал оның онда шаруасы жоқ.Ет тапсырудан да сондай ақылға қонбайтын тапсырмалар беріп жатты. Бай-құлақтардың астығы мен малы біткен соң,қарапайым шаруа мен диқандардың соңғы дәні мен малдарын тартып ала бастады.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылымы қызметкері,тарих ғылымдарының кандитаты Қайдар Алдажұманов зерттеуінде. «Мәселен,сол кезде ОГПУ,НКВД деп аталатын ұйымдар Қазақстанда болып жатқан жағдайды ешқандай боямасыз жоғары жаққа,яғни Мәскеуге хабарлап тұрған.Әрине,ол кезде оның бәрі құпия болатын.Ал мен олармен 1991 жылы танысқанда,1931 жылдан 1934 жылға дейін қазақ халқы 2 млн. 531 мың адамға кемігеніне көзім жетті.Себебі сол мағұлматтар таблица арқылы көрсетілген.Бұл ресми құжат.Сол құжаттарға сүйеніп 1931-1933 жылдар бізде 2 млн. 200 мыңдай адам аштан өлді»деп сенімді түрде айтуға болады деп көрсеткен.
5) Арықбалық шайқасы.
Жанқожа тақырыбынан үзінді 1857 жыл.
Сыр бойының «Арықбалық»жерінде қазіргі Ақтан батыр ауылы 1857 жылғы қаңтар айының 9-10 күндері Жанқожа батыр бастаған 3000 жасақ қолымен ұлт-азаттық үшін көтерілісі барша қазақ еліне мәлім.Өзіміз тарихи мақалаларын іздеп жүріп оқитын белгілі журналист,қаламгер Жұмабек Табынбаевтың зерттеу материалына сүйене отырып жазылған.
Сол тарихи жазбаларда «1857 жылы қаңтар айының 9-10 күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді.Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өз көтеріп тұрды»-деген дерек келтіреді. «Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны үш мыңнан асты.Көтерілісшілерге қарсы генерал-майор,барон фитингоор бастаған құрамында 300 атты қазақ,мылтық пен қаруларға 320 жаяу әскер,зеңбрегі бар жазалау отряды аттанады деп жазады белгілі қаламгер Жұмабек Табынбаев.
Батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқан зеңбректердің снарядына және мылтықтың қалың оғына қарсы жанқиярлықпен шайқасқанымен төтеп бере алмайды.Әрине күш тең емес еді. Суретте Жанқожа батырдың туымызды түсірместен өзінің әскеріне рух берген сәті керемет бейнеленген.Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі батырларының бірі,елінің азаттығын аңсап,сол жолда аянбай күрескен,жасы сексеннен асқанша аттан түспеген Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ерлігі еш ұмытылмақ емес.
6)ТәуелсізЕгеменді еліміздің көк байрағы мәңгіге аспанда
Қан төгіспен өтсе-дағы өмірінің өткелі,
Қайсар ҚАЗАҚ аты қалды, бекерге қан төкпеді.
Талай ғасыр өтті ауыр, күн күнәсі көктегі,
Әлімсақтан арманына -Ата бабам жетті енді.
Қиындықты талай бастан өткеріппіз,
Өтпейді өмір босқа естеліксіз.
Көк түркіден тараған батырұлы,
Қазақ болып қайта өмірге біз келіппіз.
Тәуелсізбіз-Еркін елміз енді азатпыз,
Кешіп өткен талай тозақ біз ғажаппыз.
Ата-баба рухынан жаратылып,
Қайта туған ер намысты- ҚАЗАҚПЫЗ.
БІЗ ҚАЗАҚПЫЗ.
Орақ Зейнуллин «Тәуелсіздік сериалы» атты шығармасы арқылы соңғы картинаданҚазақ халқының ауыр жылдарды еңсермей өткенін, Қорқыт болып күңіреніп, Абылайлап атқа шапқанын. Елім-ай деп азып-тозған халықтың мұң-зарын, Ақша бұлтты Ақтан батыр мен Жанқожадай бабалардың елін қорғап мерт болғанын. Алаштың зиялыларының атылғанын, осыншама қиыншылыққа қарамастан, Желтоқсан желіненде аман өтіп Тәуелсіздікке қол жеткіздік Егеменді еліміздің көк байрағы мәңгіге аспандады деп жеткізіп отырған қария мен немерені көреміз.
Осыншама өнерді бойына жиа білген қолөнер шебері, музыкант, ақын Орақ Зейнуллин жары Дәметкен Молдабайқызымен бас қосып, өмірге екі қыз перзент әкелген ата-ана. Балаларынан немере сүйген ата-әже болды. Өзінен бірнеше жыл бұрын бақилық болған жарының қазасы шығармашыл адам үшін өте үлкен қайғы болды. Жалғыздықтың шырмауында қалған Орақ Зейнуллаұлы 2022 жылдың қазан айында 67 жасында өмірден озды.
Әлібек СЕРАЛЫ,
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі,
ғылыми қызметкер
13 қыркүйек 2023 ж. 561 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930