Басты міндет – қызмет алушылардың құқығын заң аясында қалпына келтіру
Мемлекеттік қызмет жүйесінде халықтың өтініштері мен сұраныстары басты басымдықтардың бірі болып табылады. Әрбір азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы - мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттарының бірі, әрі қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын маңызды тетік. Осы тұрғыда Департамент өз қызметінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға айрықша мән беріп, өтініштерді заң талаптарына сәйкес, әділ әрі уақтылы қарауды тұрақты назарда ұстап келеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өңір аумағында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган ретінде халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды негізгі міндеттердің бірі деп санайды. Осы бағытта мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету, қызмет алушыларға қолайлы жағдайлар қалыптастыру, қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру және цифрландыру, сондай-ақ азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Бұл шаралар мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға және қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Департаментке мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қатысты қызмет алушылардан келіп түскен шағымдар заң шеңберінде қаралып, тиісті шаралар қолданылуда.
Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айында Департаментке қызмет алушыдан жерге орналастыру жобасын бекіту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі тарапынан негізсіз бас тарту фактісі бойынша шағым келіп түсті.
Атап айтқанда, қызмет алушының жер учаскесіне жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын бекітуден бас тартуға үшінші тұлға болып табылатын азаматтың аталған жер учаскені заңдастыруға қарсы екендігі жөніндегі арызы негіз болған.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы
3 маусымдағы №180 бұйрығымен бекітілген «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидаларының» (бұдан әрі - Қағида)
2-тармағы 12)тармақшасына сәйкес үшінші тұлғалар - жерге орналастыруды жүргізу кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi қозғалатын тұлғалар болып табылады делінген.
Алайда, қызмет алушының жер учаскесі мен шағым беруші азаматтың учаскесі арасында ортақ пайдаланылатын бос жерлер болуына байланысты шекаралас емес екені және үшінші тұлғаның құқығы қозғалмайтыны анықталды.
Қағиданың 13-қосымшасындағы жер учаскесін келісу схемасында (жоспары) үшінші тұлғалардан келісім алу міндеттілігі көзделмеген.
Аталған шағымды зерделеу аясында Департамент тарапынан жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тартылғаны анықталды.
Тексеру нәтижесімен, Департамент тарапынан енгізілген ұсыну негізінде қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, өтінімі бойынша жерге орналастыру жобасы бекітіліп ұсынылды.
Мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі белгіленген мерзімдерде көрсету, сондай-ақ олардың нәтижесінде қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің толық сақталуы мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы талаптардың орындалуы - халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін арттырудың маңызды алғышарты.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесі алдағы кезеңде де Департаменттің тұрақты бақылауында болады. Заңнама талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалау, анықталған бұзушылықтарға уақтылы және тиісті шаралар қолдану – Департамент қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде жалғасын табады.
Егер мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінде заң талаптарының сақталмау фактілеріне жол берілген жағдайда, атап айтқанда қызмет көрсету мерзімінің бұзылуы, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, артық құжаттар талап ету немесе белгіленген тәртіптің бұзылуы орын алса, әрбір азамат өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін Департаментке жүгінуіне құқылы. Азаматтарды қабылдау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде, Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1 мекенжайы бойынша жүзеге асырылады.
Динара ТЛЕПБАЕВА,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша
департаментінің бас маманы
Фото: ашық дереккөзден алынды













