Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тарихи маңызы зор мәдени мұра

Тарихи маңызы зор мәдени мұра

Аудан көлемінде тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Қазіргі таңда Қазалы ауданында республикалық маңызы бар мемлекет қорғауына алынған – 6, 55 жергілікті дәрежедегі және 41 алдын-ала есепке қойылған 102 тарихи-мәдени жәдігер бар.
Бүгінгі күнге дейін 102 ескерткіштің 21-нің қорғау аймағы белгіленсе, 93-не қорғау тақталары орнатылды. Төлқұжаттары жасалып, теңгерімге алынған. Осыған орай ауданда рухани жаңғыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қаншама деректер жаңғыртылып, тың мәліметтермен қайта толықтырылуда. Көнеден келе жатқан ескерткіштер қалпына келтіріліп, мемлекет бақылауында. Сондай жәдігерлер киелі де, қасиетті Қазалыда көптеп кездеседі. Соның бірі – Бақатам кесенесi. Ол Сарбұлақ ауылынан солтүстiкке қарай жүргенде 75 шақырымдай жерде орналасқан. ХIХ ғасырда салынған архитектуралық ескерткiштің ерекшелігі – ішіне оншақты қабірдің қатар қойылуында.
Бақа би Айбекұлы Шөмекейдің Аспанының Төбеті руынан шыққан. Аспан руының атақты биі 1837 жылы дүние есігін ашып, 1906 жылы Сарбұлақ өңірінде көз жұмады. Сөзінің өткірлігімен көзге түскен жан 1865 жылы халықтың қолдауымен би болып сайланады. Бақа би ата-баба дәстүрімен жетім-жесірлерге көмектесіп, әділдігімен ел есінде қалған. Ерекше еңбегі мен адалдығы үшін 1875 жылы Түркістан генерал-губернаторының бұйрығымен алтын медальмен және Станислав лентасымен марапатталған. Орыс тілін жетік меңгерген, өте сауатты болған. Ол 1884 жылы Николай ІІ патшаның таққа отыру тойына қатысқан. Өз заманында 33 жыл болыс, қоғам қайраткері болған тұлға деседі.
Деректер бойынша Бақатам кесенесін жергілікті жердің тұрғыны Төре Әлпейіс ұста салған. Оның басқалардан айырмашылығы әрбір кірпішке қолдан өрнек салып өруінде. Ұстаның ұсынысымен Бақа би ескерткіші тұрғызылатын маңнан кірпіш күйдіретін орын ашылған. Әлпейістің аса шеберлігі сонша, тұрғызған кесенелері бір-біріне ұқсамайтын. Осы кезге дейін ұстаның қолымен көтерілген құрылыс сапасын жоймауының себебі – жылқының сүтіне жалын қосып илеп дайындалған кірпішті пайдалануында. Ауыл адамдарының сөзінше, кірпіш зауытының сұлбасы әліге дейін сақталған.
Ел аузындағы әңгімелерді баяндасақ, Қуаң бойының бір байы үйіне қонақ келгенде -жырау алдыртып, түнімен жырлатады. Таңертең уәделескен ақысына бір қойды өнерпазға бермей қояды. Мұндай әділетсіздікке шыдамаған өнерпаз Бақа биге барып шағымын жеткізеді. Би байды шақырып алып, неге сыйын бермегенін сұрағанда, бай оның термелерінің сөзі дұрыс болғанымен, мақамы ұнамағандығын айтады.
Би оған: “Жақсы, сөзі ұнаса дұрыс, бірақ жыраудың саған ұнамаған мақамын өзіне қайтарып бер”, – дейді. Бай бұл іс қолынан келмейтінін мойындайды. Бақа би байға: “Онда қойға қоса, жыраудың астына ат, үстіне шапан, кесімін айтқан биге бір ат бересің!” деп төрелігін білдіреді.
Осыған байланысты Бақа биден қалған баласы “Әбілбекке айтқаны” деген шешендік-билік сөзі сақталған. “Қазақтың дау-жанжалы өмірде бітпейтін беймәлім іс. Оған билік айту ауаға ау құрғанмен бірдей. Ақылың жеңіп, алдынан қайырмасаң, қашағандап бой бермей кетеді”. Билік пен шешендіктің шегі: “Кісінің көңіліне тиетін сөз айтпай, ақ-қараны ашып беруі. Менің батырып билік айтуым, бай малдың бетіне қарап емес, азаматтың басын бағалап, сыйласын. Жыраудан елге мін, ерге сын сөз қалмасын. Бейәдеп іс, жамандарға жол болмасын. Би қартайған екен, билігін түзу, жөнді сөз бере алмайды деген сөз қалмасын. Бала би мен шала бидің заманы келеді. Өзің би болғанда саған сабақ болсын дедім” деген өсиет сөздері ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған.
Кейінгі буынға үлгі-өнеге болсын деген дана Бақа бидің мұндай кесімді шешімдері қазірде де өз маңызын жоймаған.
Бүгінде тарихи маңызы мол мәдени мұраны 1986 жылы “Қазпроектреставрация” институты есепке алып, құжаттарын дайындаған.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
18 наурыз 2023 ж. 1 314 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 66

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930