Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қожаназар ишанның кереметтері

Қожаназар ишанның кереметтері

Қазақстанның кең байтақ жерінде қасиетті орындар көптеп кездеседі. Ондай жерлерді қадірлеп-қастерлеу дәстүрі ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Осы үрдіске берік болғанның арқасында біршама тарихи маңызы зор құнды ғимараттар бүгінгі күнге дейін кейінгі буынға аманат ретінде қаз-қалпында сақталды. Соның бірі Әйтеке би кентіндегі – «Қожаназар ишан» мешіті.

Қожаназар ишанның есімі Арал, Шалқар, Қазалы, Қармақшы тұрғындарына жақсы таныс. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Қожаназар мешітте діни іліммен сусындап жүргенінде, өзімен тетелес балалардан озық оқып, зеректігімен ерекшеленеді. Ауыл мешітінде біраз сауат ашқаннан кейін, әкесі оны Бұхараға жібереді. Сондағы діни жоғары оқу орнында 7 жылдай терең дәріс алып, діни ғұлама болып елге оралады. Өз ауылында Сырдария өзенінің жағасынан қыш кірпіштен мешіт салдырады. Имандылық үйін айнала қоршап, оған тал, терек, қайың, алма, өрік, тағы басқа да жеміс-жидек отырғызып көгалдандырады. Сырдарияның екі бетіндегі балалардың барлығы осы мешітте мұсылманша сауаттанады. Оның тәрбиелеген шәкірттері ауылдарға молда болады. Мешіт ұстап, бала оқытады.

Өз заманының нағыз халық қамқоршысына айналған Қожаназар ишан «Өліні – жебеп, тіріні демеп» отырады екен. Сөзіміз дәйекті болуы үшін бір мысалды келтіре кетейік. Қожаназар ишанға орта жүзден Бөрібай деген байлығы мол кісі келіп:
– Менің жеті атамнан бері қарай, өлгендерімізді жерлегеннен соң, көрбақ жеп құрта береді. Содан айығу үшін Сіздің елге көшіп келіп, маңайыңызда болуға рұқсат етіңіз. Сауабыңыз тиер. Сол пәледен құтылар ма екенмін? – дейді.
Ишанның рұқсатымен көшіп келген Бөрібай Сырдария өзенінің жағалауындағы Қожаназар ишанның ескі мешітінен бір шақырымдай жерден қыш кірпіштен үй салдырады. Бөрібай өлген соң оның денесі соның маңайына жайғастырылады. Екі-үш күн өткенде, Қожаназар ишан мешітте намаз оқып отырғанда қолын оң жағына қарай оқыс сілтеп қалады. Намаз біткесін жанындағылар «не болды?» деп сұрағанда, «келді әлгі пәле, Бөрібайға» депті. Үй тамға кіргендер көрбақтың жерді бел ортасына дейін қазып үлгірген сәтінде екі бөлініп қалғанын көреді. Қожаназар көріпкел әрі әруақты адам болған. Жынданған, талма, басқа да ауру түрлерін тап баса білген. Алдына неше адам, не ойлап келе жатқандарын алдын ала сезіп отырған. Келгендерді емдеп сауықтырған. Әлі күнге дейін оның бейітіне сырқаттанғандар барып зияраттайды. Басында түнеухана салынған.
Қожаназар Бұхарадағы діни оқуды бітіргендігі туралы шатырхаты бар, халқына қадірлі, өте сыйлы жан болған. Тірісінде Меккеге үш рет қажылыққа барған. Алғашқысында 1874 жылы, сонан соң 1910, ақырғысында 1916 жылы жол тартқан екен. Осы Меккеге барған соңғы сапарынан қайтып келе жатқанында қарақшы мауыздап кеткен үстінде жолшыбай кірекештер тауып алған көрінеді. Жүйрік тұлпарына қызыққан қарақшы атын алып қашқан екен.
Қайырымды жолаушылар Қожаназардың мойнындағы жарақатын таңып, қанын тыйып, жолға өздерімен бірге ала жүреді. Аман қалған Қожаназар ишан оларға:
– Қарақшы ұзамаса керек еді, – депті.
Айтқанындай бір төбеден асса қара ниетті қарақшы өліп жатады. Жүйрік ат, ер-тоқымы, артындағы кітап салған қоржыны да түп-түгел қолына тиеді. Кірекештер Қожаназар ишанды танымаса да әулие кісі деп біліп, ерекше ізет көрсетеді. Ол 1897 жылы қазіргі «Қожаназар ишан» мешітін салдырады. Қазір мұнда балалар мұсылманша оқып, араб тілінде дәріс алуда. Кеңестік дәуір кезінде аталған имандылық үйін жаптыру жөнінде билік орындарынан тапсырма берілген. Дегенмен, Қожаназар ишанның өте беделді жақын туысы Рысалы мешіттің діни насихат таратпай, мұсылмандық рәсімдерді ғана орындауына Мәскеуден рұқсат алған деседі.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
06 желтоқсан 2022 ж. 569 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 82

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 143

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 146

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031