Қызыл өрік
Асығып келемін. Бір түрлі бір нәрсем ұмыт қалғандай. Сол жерге жете бере тоқтай қалдым. Бірақ жаңағы әсем әуен қайта естілмеді. Көктемнің таңғы шапағымен таласа естілген сол бір ән сазды да, мұңды еді. Естіліп қалар деген дәмемен әскери аурухана ауласындағы зәулім ғимарат жанындағы қаз-қатар тұрған орындықтың біріне жайғастым.
Жаңа көтерілген күн сәулесі зәулім ғимараттардан асар-аспас халде, ғимарат көлеңкелері ұзара түскен. Салқын самал еседі. Айнала бүршік жара бастаған жас ағаштардың иісіне толы. Тек жаңағы сазды әуен ғана жетіспей тұр. Мына көлеңкелі зәулім құрылыс сол бір жанды баурар әсем әуенді жұтып қойғандай. Біраз отырдым. Ән қайта естілмеді.
«Кім болды екен... Қандай жан?... Үнінде мұң, сағыныш жатқандай-ау..»
Менің осы ойымды күтіп тұрғандай әсем әуен қайта шарықтай жөнелді. Сол дауыс, сол ән. Домбыра үніне ұқсас аспап сүйемелдеуімен жанды тербетіп-ақ барады. Ән сөзі қазақша болмағанымен түсінуге болатын сияқты. Ырғағы мен сазы естіліп жүрген әндерге ұқсайды. Осы әсем әуен жан жарасының ләззат емі сияқты.
... Кундогудей кулундоп мага кара,
Коштасуга кол берип келдим сага
Атыр жытын жыттай ы-ы-ы ...Осынау «ы» әрпіне ілініп қалғандай шарықтай созылған ән естіліп тұрған терезе алдына мен жақындай берген кезде кілт үзілді. Ашық тұрған терезеден орыс тілінде амандасқан ер адамның дауысы есітілді де, жаңағы жанды жабырқаңқы ойға бөлеп, арман асуының тұңғиықты тұнығына бойлатып, жан қиналысын, жаралы жүрек соғысының лүпілін сыртқа ән болып шашып тұрған жартылай ашық тұрған терезені ақ халатты жас қазақ қызы келіп жаба бастады. Қара көзінің тұңғиығында әлдеқандай сыр жатқандай. Қара торы жүзіндегі мейірімділік пен ойлылық есімде жатталып қалды.
***
Ойда жоқта әскери аурухана ауласында сол қызды кездестірдім. Толықша келген қараторы жүзіне үстіндегі ақ халаты жарасып-ақ қалған. Қара көздері, бояусыз-ақ өзіне тартарлық табиғи әрі бар еріндері, дене бітімі көз сұқтандырарлық сұлу болмағанымен сирек кездесетін нәзік арудың өзіне тән әдемілігін аңғартады. Науқастар арасында болып, жан жарасының зардабын сезе білген адам болса керек. Менің үстімдегі науқастар киімі әсер етті ме, жатсынбай сөйлесіп кеттік. Өзін көргелі есімнен кетпей тұрған ән сырын ұққым келген мен:
– Қарындас, айып етпесеңіз, өзіңіздің әдемі ән естіліп тұрған терезені жауып жатқаныңызда көргенмін. Ән мен әннің орындалуы көңілімді толқытқан. Мүмкіндік болса соны орындаған жанмен жолықтыра алар ма екенсіз?
– Әуелі, амандасар болар. Бізде тәнінің ауырғанына қарамастан, жанына жақсы әнді серік қылған қыз-жігіттер көп. Сіз қай қыздың әніне тәнті болдыңыз екен?
– Кешіріңіз, саламатсыз ба? Қыз емес, жігіттің әуені болатын. Қателеспесем қырғыз әнін айтты ғой деймін...
– Ә..ә.. Сіз Төлегенді сұрап тұр екенсіз ғой. Иә, қырғыз ұлтының жігіті. Есімі – Төлеген. Бірінші хирургия бөлімшесінде. Қазір сізді онда жібермейді. Әзірше ол жігітпен кездесе алмайсыз. Дауыс ырғағына қарағанда жігіт жарасының зардабы қыз жүрегін де сыздататындай-ау...
Ойлы жүзін төмен салып, аурухана есігіне еніп кетті. Ашық есіктен ақ халаттың етегі ғана көлбең етті. Қыздың атын сұрауға үлгермедім. Бастысы, ән иесінің кім екенін білдім.
***
Төлегенге жиі баратын болдым. Әңгімеміз жарасты ма, әлде дүниеге, өмірге деген көзқарасымыз сәйкес келді ма, келмей кетсем ол мені іздеп отыратын болды.
Күн өткен сайын жарасы жазылып келеді. Үстіндегі күйік таптары да қайта бастаған. Ота сәтті өтіпті. Қолының аман қалғанына сондай қуанышты.
Қазір аз-аздап қомызын да шертіп қояды. Кей кездері ақшыл кішкене үстел үстіндегі әйнек астында тұрған майлы бояумен салынған суретке күлімсіреп, кейде ойлы жүзбен үнсіз ұзақ қарайды. Ол кезде жанындағы мені де ұмытып кетеді.
Сол кездері күйіктен қалған бетіндегі тыртығы жыбыр етіп қозғалғандай болады. Соны ауырсына ма, жоқ еркінен тыс бетінің жыбырлағанына қапа бола ма қабағын түйіп, терең күрсінеді.
Ол суреттен бірдеңе ұққым келгендей мен де ұзақ қараймын. Төлегеннің өзі салған ақ қағаз бетіндегі қос өрік ағашының ортасында қызыл орамалын бұлғаған қыз бейнесі қимас жанға деген жүрек лүпілін, сағынышын жеткізіп тұрғандай.
Бертін келе ол маған қырғыз әндерін үйрететін болды. Жай ыңылдап айтады. Дауысын көтеріп айтуға дәрігерлер рұқсат етпейді.
– Өлең айтпақ түгілі қомызды палатаға әкелгізбейді. Есебін тауып Әсем әкеліп береді, – дейді Төлеген күлімсіреп. Аурухана ауласында кездескен қыз атының Әсем екенін сонда білдім.
– Оның жарамайды. Әсемге не болған. Аурухана тәртібін сақтау керек қой. Әлі-ақ талай ырдайсың, – деймін сөзіме қырғызша араластырған болып.
Әсемнің атын атағанда Төлеген әлде бір ой жетегінде кетіп бір сәт үнсіз отырады да:
– Достым, Әсемді кінәлі қылма. Сол сен ән еститін күннен бір күн бұрын кешкілік кезекшілікте тұрған Әсемнен науқастардың заттары сақталатын қоймадағы (әскери қызметін аяқтаған қызметтес жігіттер әскери бөлімшедегі менің заттарымды осында әкеліп берген болатын) қомызымды әкеліп беруді сұрадым. Ол маған таңдана қарады. Асқынған күйіктің зардабынан қолымды әзер қозғап жатқан менің өтінішімді таңданбай тыңдау мүмкін емес еді. Туған елден жырақтағы менде бірақ таңдау болды. Ол оң қолсыз қалу. Сәл ойланған Әсем, басын изеп шығып кетті.
Кейін Әсем: «Анадай қалде жатып қомызды тартады деп ойламаппын. Соңғы рет ұстағысы келген шығар», – деп ойладым деді.
Әсем қомызды әкеліп бергенде ойым он саққа бөлінді. Қомызды соңғы рет ұстауым, ал қылқалам соңғы рет ұстаусыз қалды-ау. Жазып жатқан «Ала тооудың бооуыройундағы «Кок жоойлау» көрінісі аяқталмай қалған соңғы шығармам болғаны ма? Тән жарасынан, жан жарасы жаныма қатты бататындай.
Отаға дайындап еккен дәрінің күші болу керек келеңсіз ойға берілмей қатты ұйықтаппын. Таң ата ғана ояндым.
Жанымдағы қомызды қолыма алуым екен «Қызыл өрік» әнін өзіме де белгісіз шабытпен еріксіз әлденеше шырқадым. Әлде бір құдірет, әлде кеше кешкілік еккен жан ауыртпас дәрінің әсері ме, икемге келмей жатқан қолым қомыз ішегін шертуге жарады. Жанымның ауырғаны сәлде болса байыз тауып, тәнімнің ауырғаны шығар жанарымнан жас парлады...
***
Өрт дабылы қағылғанда аға сержант Төлеген офицерлер үйінің көркем сурет бөлімі бөлмесінде төл шығармасына шабыттана кірісіп жатыр еді. Әскери қызметтің соңғы айларын өтеп жүрген Төлеген әскери ансамбль мүшесі болумен қатар жазған картиналары әскери округ бойынша өтетін конкурстарда жүлделі орындар алатын. Жақында болатын кезекті конкурсқа елге деген сағынышының белгісі мына картинасын ұсынбақ.
Өрт дабылын есітіп жүгіре шыққан Төлеген жапсарлас бөлмеден шыққан балалар дауысын естіді. Бүгін әскери қалашық балаларына дәріс беретін көркемсурет студиясының кезекті сабағы өтетіні есіне түскенде жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Қою қара түтінде сол жақтан шығып жатыр.
Бөлме есігін ашуы мұң екен жалын шалқи жөнелді. Үрейден бе, әлде түтіннен бе қақалып-шашалып бөлменің бір шетіне жиналған балаларды есіктен еңбектетіп шығара бастады. Жалын бөлменің жоғарғы жағын шарпып жатқан болатын. Соңғы шыққан қыз бөлмеде апайлары Наталья Осиповнаның құлап қалғанын айтты. Төлеген ішке ұмтылды. Бұл кезде түтіннен ештеңе көрінбей қалған. Еңбектей жүріп оқытушылар тұратын тұсқа жетіп, құлап жатқан адамды сүйрелей есікке жақындатқан кезде жалын кеулеген төбе ағашы үстіне құлағанын ғана біледі. Есін осы әскери ауруханада жыйды.
Бұл еңбектей сүйретіп әкелген жанды жан екпінмен сыртқа итерген кезде өзі ішке шалқалай құлаған, жанған ағаш бұның басына түскенде, жалын үстіндегі киімге тиген. Бұл кезде Төлеген есін білмейтін еді. Өрт сөндірушілердің келгенін, әскери ауруханаға қалай әкелгенін, өзі құтқарған Наталья Осиповнаның ажалдан аман қалғанын есін жиғаннан кейін ғана естіді.
Жатқанына айдан асса да денедегі күйік жеңілдегенмен қолына түскен күйік зардабы қайтпаған. Әсіресе шынтақ терісінің бітуі қиынға айналған. Еті жетілмеген. Сондықтан ет жапсырмаса болмайды, семек болып бітеді. Бітпеген жағдайда зардабы денеге жайылуы мүмкін. Ондай жағдайда қолды буыннан кесу керек. Өз денесінде оған жарайтын еті жоқ. Елге, ағайын-туғанға білдіргісі келмеді. Анасының дімкәс жүрегінен қорықты. Әсемге қомызын әкелуді қолқалаған күні өзінің өмірі мен науқасының тарихын жақсы білетін дәрігер:
– Жолдас Баялиев, әншіні қомыздай серігінен, суретшіні қолынан айырғаннан артық не қаталдық бар тағдырда?! Жассың, өмір сүру керек. Тағдырмен күресе білсең ғана қаталдығын жеңесің. Қолымыздан келгенше көмектесу біздің міндетіміз. Оған сенің өзіңнің де бізге көмегің керек, – деп бар жағдайды түсіндіріп, қолын кесуге көндіріп, келісімін алған болатын.
Ойламаған жерден бәрі де сәтті аяқталған. Өзіне күнделікті міндетті қызметін жасап жүрген ақ халатты жанының нәзіктігінен туған ерлікті ол кезде Төлеген сезбеген. Бұлай болар деп ешкім де ойламаған.
Махаббатқа, әсем әнге, әдемілікке құштар қыз көңілі осы бір жас өмірді қасірет құрығынан құтқарғысы келді ме екен ота жасаушы дәрігермен ақылдасып, тексерулерден өтіп, бас дәрігердің келісімімен үш сағаттың ішінде ота жасау бөлмесінде Төлегенмен қатар жатты.
Өзімен таныс болғалы осы жайларға қанық болған маған әйнек астындағы суретке қарап отырып:
– Түсінесің бе, дос! Мына суретке қарасам жүрегім сыздайды. Сол жанмен қосылып шырқайтын «Қызыл өрік» әнін айтып отырғанымды өзім де сезбей қаламын. Осы суретке көзі түссе Әсемнің жүзінде әлдене құбылыс қылаң береді. Адамгершілік құдіреті, мейірімділік мерейімен астасып жатқан махаббат құдіретін де көргендей боламын. Етіме еті жамалғандықтан ба, әлде жүрек түкпіріндегі өзіме де әлі беймәлім бір ыстық сезім толқынысының әсері ме екен?!
Ол маған сұраулы жүзбен қарады. Мен не дерімді білмедім.
***
Сырқатымнан айығып әскери ауруханадан шығып барамын. Аулада менімен қоштасқан екеу тұр.
Толықша ақ халаттысы – Әсем. Жанындағысы қолы таңулы арық жігіт Төлеген. Мен қимай қарай беремін. Олардың алдағы тағдыры алаңдатады.
Осы оқиға есіме түскен сайын қырғыздың ақын қызы Нинахан Жундубаеваның бізді табыстырған «Қызыл өрік» әні жылдар өткен сайын сол жандардың тағдырының елесіндей ойыма еріксіз орала береді.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті