Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Хан шатыр

Хан шатыр

Астананың жиырма жылдығына орай елордадағы ғажайып ғимараттармен таныстыруды жалғастырамыз. Бұл жолғы айтпағымыз Хан Шатыр. Шынын айту керек, Хан Шатыр бас қаламыздағы шығыс бояуын білдіретін, көшпенділерден шыққанымызды еске салатын әзірге жалғыз ғимарат. Ол өзінің осы бірегейлігімен ерекше.
Астананың іргесі қалана бастаған кезде әлемдегі әйгілі ғимараттардан кем түспейтін жаңа нысандар салу үшін бас қалаға жер жүзіне танымал сәулетшілер шақырылған болатын. Солардың бірі Америка, Біріккен Араб Әмірліктері, Италия елдеріне зәулім де әсем ғимараттар жобасын жасаған сәулетші лорд Норман Фостер еді. Міне, осы Фостердің қиялынан туған Хан Шатыр сәулеттік өнер туындысының сәні мен салтанатын жарастырып, Астана келбетінің айшықты көрінісіне айналды. Ғимарат Ақорда мен Министрлер үйі кешендерінен бастау алатын қаланың басты белдеуін аяқтап тұр. Осы белдеудің қақ ортасында «Бәйтерек» монументі, екі қапталында сулы жасыл желек жолы, «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз» ұлттық акционерлік қоғамдары және «ҚазМедиа» орталығы және басқа ірі компаниялардың биік ғимараттарының орналасқанын ескерсек, Хан Шатырға келетіндер жолда бас қаламыздың басты нысандарының әсем көркіне тәнті болады.
Хан Шатырдың биіктігі 150, аумағы 127 мың шаршы метрді құрайды. Алыстан қарағанда кішкентай болып көрінгенімен, қасына келгенде зәулім болып шыға келетін Хан Шатырдың киіз үй пішіндес болып салынуына басты назар аударылған. Оны сіз шатырдың ішіне кіргенде де байқайсыз. Әсем ғимараттың қақ ортасында алып найзадай болып қадалып тұрған тіреу бар. Осы тіреуге керілген болат жіптерге арнайы мөлдір жабулар жабылған. Олар киіз үйдің үзіктеріне ұқсайды. Арнайы химиялық қоспалардан жасалған бұл жабындылар ауа-райының кез келген жағдайына төтеп бере алады. Шатырдың ішкі сән-салтанаты дала жағдайында оңтайлы тігілетін алып киіз үйдің үлгісімен бүгінгі ғимараттардың заманауи, технологиялық жетістіктерімен үйлесімін тапқан. Осындай озық технологиялық шешімдеріне байланысты Хан Шатыр әлемдегі ондық эко-ғимараттың қатарына енді.
Шатырдың іші кеңдігімен, әрбір бөлшегінің өз орнын тапқандығымен, қайталанбас әсемдігімен көздің жауын алады. Бірнеше қабаттан тұратын шатыр ішіне әр түрлі сауда-саттық орындары, ойын-сауық алаңдары, фирмалық дүкендер мен бутиктер, компания офистері, дәмханалар мен мейрамханалар, кинотеатрлар мен аквапарк орналасқан. Аквапарктің қолдан жасалған жағажайына кіргенде, жаңа ғана дүкеннен шыққаныңа сенбей қаласың. Жағажай құдды табиғи теңіз жағасындай, 35 градус жылы температура еш өзгеріссіз тұрады. Ал мұндағы құм Мальдив аралдарынан әкелінгеніне сенер ме едіңіз? Сенсеңіз жер түбіндегі Мальдив аралдарына бармай-ақ, Хан Шатырға аяқ бассаңыз жетіп жатыр. Одан басқа шатырдың өне бойына тартылған шағын темір жол арқылы «америкалық төбешіктермен» зымыраған балалардың күлкілері де жаныңды жадырататыны анық.
Бір қызығы, Хан Шатыр атауын әркім әр қалай түсінеді екен. Көбі «Ханның шатыры», «хан шатыры», «хан тіккен шатыр» дегенге жақындататын сияқты. Осының нүктесін әу бастан-ақ, Елбасының өзі қойғанын бұл күндері екінің бірі біле бермейді. Қалай дейсіздер ғой. Бірде Елбасының қатысуымен өтіп жатқан алқалы жиында жоғары лауазымды шенеуіктердің бірі Астанада ашылатын жаңа ғимараттар туралы айта келіп: «Хан шатыры» деп қалады. Оның сөзін бөлген Елбасы: «Осы сендер қазақша дұрыс сөйлегенді қашан үйренесіңдер? Бұл «Ханның шатыры» дейтіндей ілік септігі емес. Дұрысы – «Хан шатыр». Атау септік бұл, түсіндіңдер ме?» дейді. Қазақша оқымаған, қазақша сөйлей алмайтын шенеуік қазақтың атау, ілік септігін қайдан білсін, тек басын шұлғып: «Иә, дұрысы – «Хан шатыр» дей беріпті.
Шынында да бір ғана әріптің қосылуы әсем атауды мүлде өзгертіп тұр, «ы»-ны қоссаң, «хан шатыры» болып шығады, оны қоспасаң «хан шатыр» – «дара шатыр», «шатырдың үлкені» дегенді білдіреді. Бұл бір жағынан Елбасының кейбір шенеуіктердің не нәрсені болса да «ханның шатыры», ханның салғаны дегенге тели беруді тоқтатайық дегені де емес пе?! Өкінішке қарай, осындай астарлы сөздің, қазақы сөздің мағынасын түсінетін шенеуіктеріміз табыла қойса жақсы.
Қалай болғанда да Елбасы атаған әдемі атау – «Хан Шатыр» үлкен ғимараттың маңдайшасына жазылды. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан, Ресей, Түркия, Ұлыбритания мен Германияның ірі компаниялары күні-түні жұмыс істеді. Басқарушы әріптес түріктің «Rixos Hotels» компаниясы болды, ал бас мердігерлікті «Sembol» компаниясы атқарды. Сөйтіп, әлемде теңдесі жоқ алып шатыр қазақстандықтарға пайдалануға берілді.
Иә, бұдан сегіз жыл бұрын Астана күніне орай Елбасының қатысуымен ашылған «Хан Шатыр» бұл күндері Астана тұрғындары мен қонақтарының ең көп баратын көрікті орнына айналды. Қазіргі озық технологиялармен жарақтандырылған «Хан Шатыр» келбеті күндіз де, түнде де әсем түстермен құлпырып, өзінің көркімен айналаның ажарын келтіреді. Бұл Сарыарқа төсіне тігілген, ұлы даланың өзіне лайық киіз үйіне ұқсайтын – бас шатыр, хан шатыр. Бас қаладағы хан шатыр осындай болса керек.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ
09 сәуір 2018 ж. 7 477 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930