Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазалы атауы қайдан шықты?

Қазалы атауы қайдан шықты?

Әрбір жер-су атауының өзіндік сыры бар. Қазақ оны белгілі дүниелерге орайлас қояды. Астарына үңілсең көптеген деректі кезіктіресіз. Ұлан-байтақ қазақ даласында мұндай қастерлі орындар көп. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр бойында осындай жер-су атаулары жетерлік. Мәселен, өзіміз тұратын аудан туралы «Тарихы терең, тамыры кенен – Қазалы», «Қасиетті Қазалы», «Қазыналы Қазалы» деген тіркестерді жиі қолданамыз. Алайда бұл өлкенің не себепті Қазалы атанғандығы туралы өзгелер сұрай қалса, кейбір қазалылықтар жауап таппай қиналып қалады. Осы орайда оқырман назарына ел аузында жүрген «Қазалы» сөзінің мән-мағынасы туралы бірнеше болжамды ұсынып отырмыз.
Аудан дарияның жағасында қоныс тепкен. Өзеннің оң жағасында кішкене өзекшелер бар екен. Ондағы ел-жұрт балық аулауды кәсіп етеді. Ертеде қазіргідей балық аулайтын құрал-жабдық тұрғындарда қайдан болсын? Қолдағы бармен тіршілік жасайды. Жазда шанышқы, қыста қазамен әрекет етеді. Қаза – балық аулау құралы. Уақыт өте келе бұл кәсіпті меңгерген жұрттың қарасы көбейе береді. Оларды қаза басушылар деп атайды. Сырттағы ел қаза басқан жерді «Қазалы» деп атап кетеді. Негізінде, бұл жер кім-кімге де қолайлы болған екен. Тіпті осы маңайға Бұқара мен Хиуадан, Орынбор мен Қарқаралыдан саудагерлер мен көпестер келе бастайды. Дарияның жағасында бау-бақша өсірушілер де толайым табысқа кенеліп жатады. Осының арқасында аталмыш қоныс маңында жиналған жұрттың қарасы жылдан-жылға арта береді.
Қай заманда болсын халық қара қылды қақ жарған қазылар көмегіне жүгініп келген. Елдің арасында турасын айта білетін адамдар аз болмаған. Осындай төрелігін айтып, төрге озған адамдарды ел ерекше құрмет тұтқан. Аңыздарға сүйенсек, Қазалы жерінде жұрттың алғысына бөленген бір кісі болған екен. Жергілікті жұрт оны сыйлап, бастарына қиын-қыстау шақ туғанда соған жүгінгенге ұқсайды. Ол да ешкімнің бет-жүзіне қарамаған. Әрдайым әділдік іздеген әлеуметтің сөзін сөйлеген. Қарапайым халыққа тізе батырған төрелер оның алдынан сабасына түсіп, жеңіліп шыққан дейді көнекөздер. Осындай қазыны ардақ еткен бұл аумақ қазының қарауындағы жер деген дейді. Ол бертін келе өзгеріске ұшыраған. Одан Қазалы деген атау шыққан деген болжам айтушылар да бар.
Елдің аузында әлі күнге дейін сақталған тағы да бір ескі әңгіме мынау. Қазалы қонысының маңайында бұрындары айдыны шалқыған көл болған деседі. Онда көптеген көл құстары мекен еткен. Көлдің беті аққу мен қаздан көрінбеген екен. Осындай табиғат байлығына сүйсінген ел-жұрт аз болмаған. Қаздың көптігіне байланысты «Қаз елі» деген атау шыққан көрінеді. Бертін келе ол елдің аузында Қазалы аталып кеткен деседі.
Қазалы атауына байланысты мына бір болжам да аракідік айтылып қалады. Ол көне Жанкент шаһарына қатысты. Бұл қаланың тарихы жайлы айтылар әпсана аз емес. Солардың бірі – Бегім сұлу оқиғасы. Бегім – Жанкенттің билеушісі Санжардың әйелі. Көрікті жарын қызғанған Санжар оның бір қолы мен бұрымын қырқып тастайды. Бегім сұлудың ақтығы дәлелденіп, қолы мен бұрымы бұрынғы қалпына қайта келген екен. Қызының жазықсыз зәбір көргеніне көзі жеткен Қарабура әулие күйеу баласы Санжарға налиды. Жазықсыз жабылған жаладан әйеліне опасыздық жасаған ханның қаласына жыландар шабуыл жасайды. Қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандар көп болған екен. Сондықтан бұл аймақ Қазалы аталып кеткен деседі.
Қалай десек те Қазалы – тарихи қала. Қойнауы құтқа оранған қасиетті топырақ туралы көнекөздер осылай дейді. Бұл ауданда 80 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар егін өсіріп, төрт түлікті де түлетіп отыр. Дария бойындағы елдің тағы бір кәсібі – балық аулауға да көңіл бөлгендер бар. Бұл болжамның қайсысы да шындыққа жанасады? Қай-қайсысына да назар аударуға болатын секілді. Дегенмен толық қорытынды жасауға нақты дерек жоқ.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
23 қараша 2022 ж. 496 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930