Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Ежелден дала заңын қастерлейтін қазақ халқы ұлан-ғайыр жердің иесі болатын ер балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Сондықтан да оның нағыз жігітше қалыптасуымен әке айналысқан. Оған 10-15 жас арасында әр нәрсені үйрете бастаған. Төрелік айтуға, іс басқаруға дағдыландырған. Осы кезеңде баланың келешекте кім болатыны, неге қабілеті барлығы анықталған.
Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбаев сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған “әжесі” Зеренің таусылмайтын қазынадай аңыз-ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, жөн-жобаға жетік анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай өлең жазуды 10 жасында бастаған. Әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды.
Абайдың басқа балалардан алғырлығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады.
“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген қағиданы мықтап ұстанған қазақ отбасында әкелер бар өнерін ұрпағына үйретіп, мерген, аңшы, бір сөзбен “сегіз қырлы, бір сырлы” етіп тәрбиелеген. 15-тен асқан соң болашақ отау иесі ретінде тәрбиелеп, шаруаның қыр-сырын үйреткен. “Сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқасүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен!” деген сөздерді ылғи айтып отырған. Әке ер баламен ақылдасып, оған бала емес, келешек отау иесі ретінде қараған. Баланың пікірін тыңдаған, онымен санасқан. “Әке – балаға сыншы” деген осыдан қалса керек. Өзін-өзі бағалауға, қадірлеуге үйретіп, жора-жолдастарымен сыйластықта болуға тәрбиелеген.
Сондай ұлы, әрі тарихи тұлғаның бірі – Абылай хан бүкіл өмірін қазақ халқының егемендігі үшін арнады. Ауыр “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” жылдары Абылай 12 жасында жауынгерлердің қатарына қосылады. 15 жасында жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен. Осындай ержүрек өжеттілігінің арқасында оны сарбаздар батыр, әрі қолбасшы ретінде қабылдайды.
Содан да болар бұрынғылар “Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса, он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас” деген тәмсілді санаға мықтап құйған.
“Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы” деген бар. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып, ішетінін үйреткен. Ұл балаға жеті атасын жаттатып, ел батырларының ерлік хикаяларын әңгімелеген. Адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың ойына сіңіріп отырған. Бұзақы болмауға, үлкенді сыйлауға баулыған. Отбасындағы ер баланың үлкендеріне енші беріп, бөлек шығарған. Кенже ұл шаңырақ иесі болып есептелген. Ағалары шаңырақ иесі болып қалған кенже інілерін қадірлеген. Жасы кіші болса да, жолы үлкен деп сыйлаған.
Ал Әлімұлы тайпасының төртқара руынан шыққан қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке Байбекұлы. Әмір-Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты “Синесоф буа” – жаны пәк жан атанған Сейітқұл әуелиенің үшінші ұрпағы. Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүздің сөзін ұстаған қазақтың биі. Есім хан тұсында Самарқанды билеген Жалаңтөс батырдың жақын туысы. Әйтеке бес жасында молдадан оқып сауатын ашқан. Шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалдары тиеді. Жеті жасынан бастап Әйтеке Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның тәрбиесінде болады. Ол алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі “Тіллә-кари” Алтынмен апталған, “Шердор” Арыстанды медресесінде білім алады. Нәтижесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп, Кіші жүздің бас биі болады. Ол өткір тілділігі мен әділ үкімімен дүйім жұртқа сыйлы болған.
Міне осылай өн бойына қасиет тұнған бабаларымыз отбасы тәлімінде ер адамға сегіз өнердің аздығын түсіндіріп, ат-көлік, қару-жарағы толық, аты-затына сай азамат болуына ерекше мән берген. Ат жалын тартып мінген әрбір ер “бес серік” табу керек деп таныған. Сондай темірдей қатты тәрбиенің арқасында қаншама қазақ балалары батыр атанған. Мәселен, сұрапыл соғыс заманында дүниеге келген Райымбек баба жастайынан ерлігімен көзге түсіп, батыр атағына ие болады. Талайлаған қалмақтың бетке ұстар батырларын жеңген.
Райымбек Ханкелді деген атақты батырдың немересі болған. Әкесі Түке де жүрегінде түгі бар өжет болыпты. Тіпті, нағашылары да жауға дес бермес қайсар болған екен. Райымбек не бары бес жасқа келгенде ат құлағында ойнапты. Небір асауды бағындырған деседі. Жастайынан топты жарып, талабымен көзге түскен Райымбекке разы болған нағашысы Орақ батыр бір күні көк тайын атайды. Сондай-ақ жігіттің бес қаруын сайлап, сыйға тартады. Нағашысы берген көк тайды ерттеп мінген Райымбек Ханкелді атасынан жауынгерлік шеберлікті игере бастайды. Жеті жасында садақ атып, найзаласып, қылыштасу өнерін игереді. Әлгі көк тайына “Көкойнақ” деген ат қояды. Ат үстінде шауып келе жатып жердегі тиынды іліп алу, жол жиегіндегі шыбықтарды атта отырып-ақ шауып түсуге машықтанады. Осылайша тай кезінен Райымбектің “жат”, “шап”, “қарғып түс” секілді бұйрығын бұлжытпай орындаған текті сәйгүлік жауға шапқанда да сүрінбеген екен. Ел ішінде: “Көкойнағына мініп атой салғанда, күркіреген үнінен дұшпаны күңіренген батыр” деген сөз қалған.
Өнер ғылым, үлгі-тағылым табу және барлық өнерді жетік меңгерген, қандай да бір жұмыстың қажетінен шыға алатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болу шарт. Адамгершілігі жоғары, адал да ақылды, іскер жар таңдауды ескерген. Өйткені ақылына көркі сай, адал да, арлы жар ер жігіттің жігерін тасытып, мерейін өсіреді. Өмірге деген құштарлығын арттырады. Тапқанын тәтті, еңбегін сәтті етеді. Жаман әйел жігітті қор, еңбегін сор қылады деп қабылдаған.
Астында мінер тұлпары болуын қадағалаған. Себебі аты өзіне сай болмаса жігіт өкініште қалады деп білген. Ер сыналар сәтте қуса жете алмай сағы сынып, меселдесі қайтады. Қашса құтыла алмай, жігері құм болады. Сол себепті де “Жаман ат мінгеннен – жаяуым тыныш, жаман қатын алғаннан – бойдағым тыныш” деген сөз содан шыққан.
Шымыр дене, шыңдалған ақыл-айласы болу. Шымыр дене мен күш-қуат, ақыл-айла – жаумен айқасқанда ер жігіттің мерейін үстем етеді. Қас жауыңды қас қағымда табаныңа салады. Еңбегіңді жемісті, шаруаңды келісті етеді.
Қару-жарағы сай болу, яғни ер қаруы бес қарудан тартып, әртүрлі шаруашылыққа қажетті құрал-сайман, ат әбзелдері толық болу бұлар жігітке өмірлік серік болады деп ұғындырады.
Мұндай жауапты тәрбие мәселесінде ұрпақтың үйреніп, өз бетінше ізденуіне деген белсенділігін жоғарылатып, өнер-білімге ынта-ықыласын күшейтеді. Перзенттерді талғампаздық пен мұқияттылыққа баулиды. Жасөспірімдерді шынықтырып, түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаттарын артырып, сау денелі, тепсе темір үзетін атпал азамат болып өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасайды. Осылайша ата-бабалардың бала тәрбиесіндегі көрегендігі мен келешектің кемел болуын ойлайтындығы байқалып тұрады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА