Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Салт-дәстүр сөйлегенде...

Салт-дәстүр сөйлегенде...

Бұрынғылар салт-дәстүр арқылы өзара қарым-қатынасын реттеп отырған. Бір-бірін ишаратпен түсініп, сыйласқан. Бүгінде сол дәстүрдің біразы ұмыт болды. Ықылымнан келе жатқан салт ағайын, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына және ынтымақтастықта өмір сүруіне жол ашқан. Солардың қатарында “көгентүп пен жиенқұйрық” салты бар.
– Бұл салт тек қыздан туған жиендердің құрметіне жасалатын. Ондағы мақсат құдалар арасында жиен немеренің де қадірлі екенін көрсету. Алыс жолға шыққан кезде ата-анасымен бірге еріп келген кішкентай балаларға бұзау, құлын, қозы-лақ атайды. Ол – көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүниеқоңыздық саналған.
Ал жиенқұйрық сол отбасына жиен болып келетін балаға жасалады. Яғни нағашы жұртына келген жиенді сыйлап, оның үш қалауын еш қарсылықсыз орындаған. Кейбір өңірлерде “қырық серкеш” деп атаған.
Бәсіре атау – ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап ен салған жас төлді “бәсіре” деп атайды. Бәсірені сол баланың қажетіне, тойына жаратады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмаған абзал.
Бұрынғылар дәстүрді тәрбие құралы ретінде қолданған. Сол арқылы баланы қайырымдылық, бауырмалдық, еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Бұл ұрпақ жалғастығына, әулеттің азып кетпеуіне, саналы ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы зор болған.
“Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды” – дейді қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай. Сондықтан көнелер дәстүр мен тәрбиені ұштастырып отырған.
Сондай-ақ ауылда киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде “қой басты-қой басты” деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бар ағарғанын береді. Әзіл-қалжың ретіндегі дәстүр болғанмен, сыйластыққа негізделген. Осыған ұқсас “тулақ шашу” дәстүрі бар. Жүн сабау біткен кезде үй иесі көмектескен әйелдерге сый-құрметін көрсету үшін дастарқанға шақырған.
Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлерді де кездестіруге болады. Солардың бірі – “Қазақ халқының салт-дәстүрлері” кітабында көрсетілген “деңгене” дәстүрі.
Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып “Деңгене! Деңгене жеуге келдік” деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішулері керек. Егер тауысып жемесе, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.
Қазақта аң аулау – үлкен мереке санаған. Бірақ аң аулаудың қанша қызығына түскенмен, ерекше белгілері байқалған аңдарды атпаған. Әсіресе мола басына жақын жерде жүрген жан-жануарларға тиіспеген. Өйткені әр аңның киесінен қорыққан. Ал қанжығаларын майлап, аң аулаудан қайтқан аңшы өзіне “Майлансын” деп айтқан адамға ойланбастан атып алған аңын сыйға тартқан. Аңшының сыйын “сыралғы” деп атаған. Ал қақпанға түскен аңды алу ұрлыққа жатпаған. Бірақ орнына бір зат қалдырып кету керек екен.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
25 шілде 2020 ж. 2 850 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930