Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Малайсары бидің батасы

Малайсары бидің батасы

Уақыт өткен сайын ретімен бас қоса қалғанда ұлтымыздың өткен тарихынан, ескірмейтін қазынасы – елі мен жерін қорғаудағы ата-бабаларымыздың таңғажайып ерліктері мен даналық асыл сөздерін майын тамыза қызықтыра айтып отыратын көкірегі сайрап тұрған құймақұлақ қария-ағаларымызды аңсайсың. Күн санап олардың қатары сиреп бара жатқанда ізбасарлары жоқтың қасы екендігі өкінішті. Десек те көпке топырақ шаша алмайсың. Бар кінәні өткен қилы-қилы заман ағымы қалыптастырған қоғамдық жүйеге артасың да қоясың.
Осындайда қолың қалт еткен уақытыңды босқа өткізбей, жеке кітапханадағы жылдар бойғы жинақталған кітаптарды парақтап, рухани нәр алғаннан артық ештеңе жоқтай көрінеді.
Сондықтан сөз ұғатын құлақ болса, аталған олқылықтың орнын толтыруға жарар деген ниетпен қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуші, ғалым Балтабай Адамбаевтың 1976 жылы ­баспадан шыққан «Халық даналығы» атты кітаптан есте қалғанын, бүгінгі таңда әрбір санында өмір талабына сай мәселелерді жиі көтеріп, түрлі-түсті безендірумен шығатын аудандық «Қазалы» газетінің оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдім.
Сырым батыр жас кезінде Малайсары биге сәлем бере барса, қарт балаға күнсалып қарап:
– Уа, бұл қай баласың? – депті.
– Даттың баласымын, – дейді Сырым.
– Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол болармысың?
– Болсақ болармыз, бірақ бір құшақ отыннан бір оқтық шыбық шығады деуші еді. Әкем жаман болса сондай-ақ болар.
– Бала, әкең нашар болғанмен шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні ренжітпей аттандырушы еді, шешеңе тартқан боларсың,
– Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да би түсетін үйі болыпты. Шешем күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні ренжітпей аттандырса қырық кісі екен, қырықтың бірі қыдыр деген, онда қыдыр дарыған болар. Шалдың үш түрі болады деуші еді: қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырма шал. Соның қайсысы ­боласыз?
– Балам, сынайын деп айтқан сөзімді көңіліңе ауыр алып қалдың-ау! Жаманнан жақсы туады – адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады – бір аяқ асқа алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып сын қойдың ғой. Ердің қадірін өзінен сұрамас болар. Қадірсіз десең – халқымнан сұра, қыдырма десең көршімнен сұра, қазымыр десең кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді келген жұмысыңды айта бер, – депті Малайсары.
– Аулыңның алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең; аулыңда ақылды қарт болса, жазулы хатпен тең деуші еді. Сәлем беріп, бата алғалы келдім, – дейді Сырым.
– Жарайды, балам! Жайыңа енді түсіндім. Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар? Атқа мініп қол бастайын деген бала екенсің, топқа кіріп сөз бастайын деген бала екенсің. Зады ақыл жастан, асыл тастан шығады. Азуын шалып, ақылын танып отырған шалда не ақыл бар дейсің. Барымды аямаспын, батамды да берермін. Тек көңілімде жүрген бір іс бар еді...
– Айтыңыз, ата!
– Айтсам, Байұлының барымтаға барған бір баласын Әлімнің жігіттері өлтіргелі екі-үш жыл болды. Сол ер күні бүгінгі дейін іздеусіз, жоқтаусыз кетіп барады. Ердің құнын жастың жайсаңы даулайды, не кәрінің сайтаны даулайды деуші еді. Қартайғанда қазымыр атанып Әлімнің Ақсуат биіне бара алмадым, жастан жайсаң шығып, ағасының құнын сұрап ала алмады. Содан екі рулы ел араз болып, бұрын ауыл аралас, қой қоралас отыратын ағайын, жегжат біріне-бірі қатынасудан қалды...
– Онда алдымен осы тапсырмаңызды орындап келейін.
Сырым қасына он шақты кісі алып, Әлім руының ақсақалы Ақсуат бидің аулына келеді.
Ақсуат ат тұяғы шаңдатады деп аулына аттылы кісіні түсірмей, ауыл сыртына әр жерден қазық қақтырып, арқан кергізіп тастайды екен. Жолындағы кермені көргенмен Сырым бастаған топ аялдамай бидің аулына атпен келеді.
Сонда сыртта тұрған ақ шұнақ шал ақ таяғын көтеріп, ақырған екен.
– Уа, тоқтаңдар, шаңқай түсте шабатындай ауылымның үстін шаңдатып келе жатқан бұл кім түге? Елмісіңдер, жаумысыңдар?
– Уа, би! Ел десең – елміз, жау десең – жаумыз. Алты қырдың астынан аулыңа жаяулап келетін Байұлы Әлімнің келіні емес, бізбен дұрыстап сөйлес! – дейді Сырым.
Осылайша Сырым атағы жер жарған айбатты Ақсуат бидің танысқаннан кейін сынай берген сұрақтарына мүдірмей жауап беріп көңілінен шығады. Арасында құн дауында айтып үлгереді. Бұған риза болған Ақсуат би бұл даудың төрелігін айтуды Сырымның өзіне береді...
Сонда Сырымның «Мен ел арасына бүтінші-бітімші болайын деп келдім. Жортуылда болған жазым болса, ұрының құны жарты құн, елуқара болсын» дейді. Екі жақта осы төрелікке тоқтайды. Ақсуат би: «бірінші айтқан билігің екен, әділдігің үшін жолыңа нар бастаған тоғыз байлатып қойдым, бұдан былай сенің жолың бас тоғыз болсын!» деп қоштасыпты.
Сырым елу жылқыны елге айдатып, олжасының басқасын жолдастарына үлестіріп, қалы кілем жабылған қара нарды Малайсары қарттың босағасына әкеп байлайды.
Малайсары Сырымға разы болып қой сойып, қонақ қылады. Сөз арасында Сырымға:
– Кеудең толған бауыр болсын,
Арқаң қара нардай жауыр болсын.
Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың жетпіске жетпесін, –
дейді қарт.
«Жасын жетпіске жетпесін» дегенді Сырым көңіліне алып қалады.
– «Кеудең толған бауыр болсын» дегеніңіз – өкпеші болма, кешірімді, кең бол, ат төбеліндей азғана қазақты алыс-жақын деп бөле-жарма, ала-құла көрме дегеніңіз болар. «Арқаң қара нардай жауыр болсын» дегеніңіз – ел бастайтын ердің жүгі ауыр, арқама батты деп ауырсынба, сабырлы, шыдамды бол дегеніңіз болар. «Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін, құлағыңнан сыбыр кетпесін» дегеніңіз – жора-жолдасың көп болсын, ел мұңына, жетім-жесірге құлағың түрік, есігің ашық болсын дегеніңіз болар. Ал «жасың жетпіске жетпесін» дегеніңізді түсінбедім, – деген екен Сырым.
Сонда Малайсары қарт ашуланыпты.
– Мен жасым жетпіске жеткелі жеті пәлеге кездестім.
Асусыз тауға кездестім,
Арылмас дауға кездестім.
Аямас жауға кездестім,
Өткелсіз суға кездестім,
Елсіз шөлге кездестім,
Табылмас жоққа кездестім,
Дауасыз дертке кездестім.
Мен сені сол жеті пәлені көрмесін деп едім. Сен соған түсінбеген екенсің ғой. Әйтпесе, мен саған бір жетпіс түгіл жүз жетпісті көпсінермін бе? – дейді қарт.
Сонда Сырым жадырап Малайсарының жұмбақтап айтқан сөздерін былай деп шешкен екен:
Асусыз тауға кездессеңіз,
Тізеңіз қалтырайтын болар,
Таяқ ұстасаңыз – таяныш болады.
Арылмас дауға кездессеңіз,
Балаңыз тыңдамайтын болар.
Аямас жауға кездессеңіз,
Келініңіз сыйламайтын болар.
Келін мен балаға керең болыңыз,
Тілсіз, үнсіз- терең болыңыз.
Өткелсіз суға кездессеңіз,
Көзіңізді мұнар шалған болар.
Елсіз шөлге кездессеңіз,
Қатарыңыз аз болған шығар.
Табылмас жоққа кездессеңіз,
Орындалмаған арман болар.
Дауасыз дертке кездессеңіз,
Опасыз жалған болар.
– Тауып айттың, балам, тап шыным солай! Енді есіңде сақтайтын үш сөз бар, олар: обал, сауап, борыш. Осы үш ұлы сөзді есіңнен шығармасаң айналаңнан ел кетпес, елің сүйсе, сыртқы дұшпан ештеңе етпес, – деп Малайсары батасын беріп Сырымды аттандырған екен.
Қарт қош айтысып тұрып қолын шошайтып:
– Ей, Сырым, – деп саусағымен өз басын нұқыпты.
Сырым жымиып күліп тілін көрсетіпті. Ауылдан былай шыққан соң жолдастары:
– Әй, Сырым, Әлгі шалдың қолымен басын көрсеткені несі? Сенің тіліңді шығарғаның не? - деп сұрапты.
– Ой жігіттер-ай! Ол – шал емес, дана ғой. Дана маған басын нұсқап: «басқа пәле неден?» – деп ымдады. Мен тілімді көрсетіп: «басқа пәле тілден!» деп жауап бердім. Сонда ол басын изеп, қолын бұлғады. Онысы «бақыт та тілден, пәле де тілден, тіліңе сақ бол» дегені емес пе? – депті Сырым.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

10 қазан 2020 ж. 4 688 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930