Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жаңа күн жақсылығымен жарылқасын

Жаңа күн жақсылығымен жарылқасын

Жазиралы кең даланы еркін жайлаған қасиетті халқымыздың көңілі де соншалықты дарқан болған. Өмір көшінде бастарына қуанышпен бірге қандай қиындық түссе де бір-бірінен ізгі ниет, ақ пейілін аянып қалмаған. Ешқашан күнделікті дастарқаны батасыз жиылмаған.
Осы бір ежелден жеткен үлгілі, ұлы үрдіс атадан балаға әлі күнге жалғасын тауып келеді. Ұлттық құндылықтың берік сақталып, ел арасында өркен жаюына атсалысып, өзгелерге өнеге болып жүрген азаматтар аз емес. Солардың қатарында Әйтеке би кентінің тұрғыны, сексеннің сеңгірін бағындыруға иек артқан ақсақал Нұртай Базарұлын да атауға болады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ізбасар інілеріне ағалық жол көрсеткен батагөй қарияға жолығып, сыр-сұхбат құрудың сәті түсті.
Нұртай қазіргі Бозкөл ауылы жеріндегі «Коммунизм» аталатын колхозда 1942 жылғы шілде айының басында дүние есігін ашқан. Колхоздағы жетіжылдық білім шаңырағынан соң көршілес Қожабақы ауылындағы №25 мектептен орта білім алып шығады. Шаруашылықта ағаш ұсталығымен танылып, ортақ істі дөңгеленткен әкесі Базар мен үй шаруасындағы шешесі Масаты баласының жетістігіне ортақтасып, мәре-сәре күй кешеді. Әкесі көз алдынан кетпей, ауыл тірлігіне араласуға ақыл қосады. Көз ашқалы үлкеннің алдынан кесе өтіп көрмеген бұл ата-анасының ұйғарымын үнсіз қолдайды.
Көп ұзамай отар-отар шопан ата тұқымын өргізген қой фермасының сан түрлі жұмыстарының бел ортасынан табылады. Аудан орталығындағы шоферлар даярлайтын автомектептен арнаулы куәлік алғаннан кейін, желмен жарысқан темір тұлпарды тізгіндейді. Техника тілін шебер меңгерген жан бұдан әрі автомеханик, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, мұнай өнімін тарату базасының меңгерушісі қызметін атқарып, 2005 жылы зейнеткерлік демалысына шығады. Бозкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық жұмысын атқарып, аға буынның қоғамдық ортамен байланысын нығайтуға да шама-шарқынша үлесін қосады.
Отбасы жағдайына байланысты 2012 жылы Әйтеке би кентіне қоныс аударған Нұртай мен құдай қосқан қосағы Меруерт екеуі бүгінде қыздары мен ұлының қызығына бөленуде. Ұрпақтарынан немере сүйген олар ақ шашты ата, ақ жаулықты әже атанып отыр. Көрші-көлем, ағайын-туыстың сыйлы адамына айналып, ақсақалдық кезеңді абыройлы өткізген ағаға әңгіме арасында көкейге келген бірнеше сауалымызды қойдық.
– Сіздің балалығыңыз ауыл-аймақта қазақылықтың қаймағы бұзылмай тұрғанда өтті. Сол уақыттың әсерлі көріністері жайлы не айтасыз?
– Онда Ұлы Отан соғысынан кейінгі халықтың енді ғана ес жиып, тұрмыстық жағдайы там-тұмдап жөнделе бастаған еді. Тұрғындардың бір-бірімен қарым-қатынасы мықты. Менің әкем пенсия жасына жеткесін имандылыққа бет бұрды, «Дін – апиын» деп қадамына тұсау салынса да аталарымыз мұсылманшылық жолынан айнымады. Ауылда мешіт болмаған соң кезектесе үйді-үйді жағалап, намаз оқитын.
Аузы дуалы Жабағы, Теңізқұл, Айтжан сияқты көптеген ақсақалдардың шұрайлы тілімен сусындап, ақ баталарын алдым. Солардың терең мағыналы, мәйекті сөздерін баға жетпес қазынаға балаймын. Бүгінгідей аталық жасқа жеткенде бұрынғылардың үлгі-өнегесін жаңғыртуға ден қойып жүрмін. Біз де қазіргі өзіміздің ізімізден ерген жастардың бойында титтей де болса тағылым қалдырсақ дейміз. Батаның тұсау кесер, жас отау иелеріне, асқа, жолаушыға, көші-қонға, соғым, наурызға арналған түрлері көп. Соны көпшілік жеткізе білу – баршамызға ортақ міндет.
– Табиғат-ана көктем кіргелі жаңарып, жасара ­бастады. Наурыз мерекесіне айтар қандай лебізіңіз бар?
– Наурыз парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан шуағын шашар жаңа күн баршаңызды жақсылығымен жарылқасын! Мерейлі мерекеге нендей тілек айтсақ та жарасады. Бүгінгі мейрамда жерлестеріме төмендегі батамды арнаймын.
Құтты болсын, жыл басы – Наурыз мерекең,
Самарқанның көк тасы еріп,
Тоң кетіп, жер жібіген.
Наурызбен келген жылылық,
Қазағымды әлемге танытқан,
Бабалардан қалған бауырмалдық, ұлылық.
Ұрпағымыз өссін үлгілі,
Ұлылардың ұлағатты ұлы боп.
Ел басқарған азаматтар аман болсын,
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ­болсын.
Ақ жаулықты аналарымыз ұзақ жасап,
Бауырындағы балалары аман болсын.
Аузы дуалы аталарымыз аман болсын,
Берген баталары қабыл болсын.
Қосағымен қоса ағарсын,
Елдің ері қорғаның.
Жайқалып өссін егісің,
Қызылға толсын қырманың.
Төрт түлік малың түлесін.
Жайлаудағы, қырдағың.
Кәсіптерің көркейіп,
Жасара берсін ойларың.
Ынтымақ түбі – бірлікте,
Көгіңде желбіресін байрағың.
Жастарым тауып жарасым,
Көбейе берсін, тойларың.
Перзенттерің көп болып,
Бесіктен босамасын қолдарың.
Шаңырақтарыңа бақыт орнасын.
Бар тілек ниетті,
Алла өзі қолдасын!
Көпті көрген көнекөз ақсақалдың ақ тілегі қабыл болып, айтулы мейрамға аман-есен жете берейік!
Сахи ҚАПАР
21 наурыз 2020 ж. 1 113 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930