Ұлттық киім ұғымы
Өркениеттің ең ежелгі сатыларынан бері қарай замана ағымынан қалмай дамып, өзгеріске ұшырап отырған дүниенің бірі – киім. Ең алғашында адамға жылу берген жамылғының қайсыбір ұлыс, ұлтта өзіне тән табиғатпен біте қайнасып, қоршаған ортаның ерекшеліктерімен санаса тігілгені анық. Тарих парақтарына сенсек, батыс жұртының бұтына шалбар кигізген ғұндардың ұлы көші дейді. Бүгін біз осы ғұндардың заңды ұрпағы, көшпенді қазақтың ұлттық киімі туралы айтатын боламыз.
Ұлттық киімнің қалыптасуына тұрмыс жағдайының, құбылмалы ауа райының себеп болатыны сөзсіз. Оған діни наным-сенім, көршілес жатқан мемлекеттердің мәдениетін қосыңыз. Ұлы Жібек жолының бойында жайғасқан жұрт үшін әлемнің әр бұрышынан ағылып келіп жатқан керуен-көштің қоржынындағы түрлі сападағы маталар да таңсық болмаған шығар.
Киімге байланысты түсінік қазақ қоғамының даму кезеңдерінде береке, дәулет, байлық ұғымына саятын “құт” сөзіне қатысты тұтас идеологияның бір бөлігі болып келген. Қазақтардың қазіргі киімінің көбісі сақ дәуірінен бастау алады.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ойыл мен Сағыз бойын мекендеген қазақтардың киім-кешегін палеоэтнологиялық деректермен салыстыра зерттеген С.И.Руденко тіпті күпінің қазаққа, оның ата-бабасына кем дегенде екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі екенін дәлелдеп берді.
1740 жылы басып шығарылған Француз академиясының сөздігінде костюм адамға ерекшелік беріп, оған қоршаған ортамен үйлесімді қатынасын құруға көмектесетін, адамдардың осы әлеуметтік тобының әдет-ғұрпын бейнелейтін белгі ретінде түсіндіріледі. Костюм дегеніміз – ең алдымен белгілі бір дәстүр, танысу, білісу шарасы, индивидтік емес топтың белгілі бір таңбаларының білдірілуі.
Костюм – белгілі бір этникалық немесе әлеуметтік топтағы адамның жеке-даралығын білдіреді. Сондықтан костюм өркениеттің кез келген мәдени жүйесінің, тарихи типінің маңызды бір элементі болып табылады. Ә.А.Диваев өзінің «Этнографическое жизне описание казахов» деген еңбегінде қазақтың дәстүрлі костюміне суреттеме береді. «Одежда и украшения киргиз Казалинского уезда» тарауында қазақтың костюмін былайша суреттейді.
Ер кісілер жаз бен қыс мерзімдерінде бір ғана матадан (коленкорден) көйлек киеді. Ол кең әрі тізеге дейін жететін ұзындықта, жеңі білекке дейін созылып, жағасы қайырылады. Көйлектің түсі үнемі ақ болып келеді. Дамбал да сол матадан тігіліп, өте кең, бірақ соншалықты ұзын болмайды. Жоғарғы жағынан белі баумен байланады. Үйде де, жұмыста жүргенде де басын ақ орамалмен байлап, жаздыгүні жол жүргенде бастарына киізден тігілген қалпақ киеді. Ал қыста құлағын жауып тұратын әрі арқасына қарай түсірілетін тымақ киеді. Жоғары беті қандай да бір матамен, ауқатты қырғыздарда ол барқытпен жабылады. Тымақ әдетте қойдың, түлкінің терісінен тігіледі. Кейде жүнмен де қапталады. Бай адамдардың қалпақтары мен тымақтары зермен тігіледі. Қырғыздар мәсі-кебіс киеді. Қыстыгүні ішіктің сыртынан үлкен етік-киіз байпақпен жүреді. Көйлек пен дамбалдың сыртынан шалбар мен бешпент киіп, шалбар-дамбал сияқты тігілгенімен, басқа матадан болады. Әдетте бешпент пен шалбар бір ғана матадан, ал бай кісілердікі жүн мен теріден тігіледі. Осылардың сыртынан шапан деп аталатын хиуа халатын немесе жадағай деп аталатын қаптама халат, кейде капталмаған «сарт шапан» деп аталатын халат киеді.
Бешпенттің күміс ілгектері, көпшілігінде жай түймелер тағылады. Барлық киімдер оң жағыңа қарай түймеленеді, сол жағына қарай түймелену күнә болып саналады. Сол жағынан түймеленсе «Сен не орыссың ба теріс түймелейтін?» деп айтатын болған. Шапанның сыртынан қадама безек, сақина және т.б түрдегі әшекейленген былғары немесе бархыттан жасалған, кең белбеу, күміс жібек белбеу байлайды. Сыртқы киімдері көбіне қара түсті болып келеді, бірақ шапанның түстері әртүрлі реңде болады. Хиуа шапан – қызыл; сарт шапаны мен бұқар шапаны қара жолақты ақ түсті. Қыстыгүні бешпент пен шапанның сыртынан жабағыдан тігілген күпі киеді, күпінің пішіні шапан сияқты, төмен жағы жабағыдан, ал жоғары жағы қандай да бір матамен, әдетте шекпен немесе барқытпен жабылады. Қой терісінен тері шалбар мен тұлыптар жасайды. Мереке күндері және күнделікті киетін киімдер арасында айырмашылық жоқ.
Әйелдер де ерлердің киімдері сияқты пішілген көйлек пен шалбар киеді. Бірақ олардың көйлегі тобығына дейін жететіндей ұзын болып келеді. Көйлектің сыртынан жеңі жоқ бешпент-қамзол тұтынады. Мерекелік жағдайларда жібек шапан киіп жүреді. Қыздар бастарына қызыл орамал тартады. Орамалмен бастарын орап, арқа жағынан түйеді де ұзын бұрымдарын арқасынан төмен түсіріп қояды. Орамалдың жиектері шашақты келеді. Жастар ақ орамал тартып, оны иек астымен байлап алады. Ақ матадан тігілген жаулық (коленкор немесе жібек) киіп, оны алдымен иек астынан бастап, басын айналдыра орап бағады. Шаштарын бұрымдап өреді.
Қыздар 8-14 және одан да көп етіп өрсе, ал әйелдер 2-4 бұрым етіп өреді. Бұрымдарына шашбау байлайды, шашбауға күміс теңгелер бекітіледі. Әйелдер бұрымдарының ұштарын қосып қояды, ал қыздар бос жібереді.
Қазақтың халық костюмі композициясы жағынан қарапайым, атпен жүруге ыңғайлы. Өйткені бұрынғы кезде атсыз өмір сүру мүмкін емес болған, денесі суықтан, ыстықтан аптап желдерден қорғауға бейімделген болып келеді. Былғарының өңделуіне, тігісіне, құрылымына, түрлі әшекейлерді пайдалануына қарай көркемдік ерекшелігімен айрықшаланады.
Киімнің геометриясы, формасы күрделі философиялық идеяларды білдіре алады. Киім қоғам мен мәдениеттің дамуындағы маңызды өзгерістерді бейнелейді, ол уақыттың неғұрлым мәнерлі қасиеттерін ашық көрсете алады.
Дайындаған
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ