Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен тарихты өшірмейік

Өткен тарихты өшірмейік

Аудандық «Қазалы» газетінің №29 (1021) 17.04.2018 жылғы санында жарияланған Қараша Қараманның «Ерімбет мешіті есепке алынды» атты мақаласын оқыған Қазалы ауданынан 4-5 азамат маған телефон шалды. Кейінірек бұл жөнінде Алматы, Жамбыл облыстарынан да хабарласқандар болды. Олардың амандық-саулық сұрасқаннан кейінгі айтатын әңгімелерінен ұққаным, «осы уақытқа дейін Ақишан мешіті аталып келген мешіттің, неліктен аяқ асты Ерімбет есімін иемденегені, оған менің қаншалықты қатысымның барлығы» мазалайды. Менің қандай қатысым болуы мүмкін. Бұл күтпеген жағдайға өзім де аң-таң болып отырмын.
Менің әкем Тілеуқабыл Қашқынбай­ұлы 1910 жылы дүниеге келген адам. Әкемнің айтуы бойынша, арғы аталарымыз Мекебай, Мешітбай, Мықтыбай­лар Ерімбеттің бабалары Итемген, Шағырай батырлармен замандас.
Бұны тәптіштеп жазып отырған себебім, біздің әулеттің ұрпақтары Ерімбет пен Ақишан, олардың балалары Құлахмет, Ысқақ мақсымдармен қоныстас, араласып тұрғанын олар туралы мол мағлұмат болғанына дәлел келтіру. Әкем 1894 жылы қазіргі Абай ауылының «Томай» елді мекенінде туған құйма құлақ шежіреші, ауданның көнекөз қарияларының бірі, кәнісбек төртқара Әліпбай Шоратайұлы ақсақалмен жақын қатысатын. Әңгімелері көбінесе Шағырай, Дабыл, Жанқожа батырларға, Ерімбет шайыр мен баласы Құлахметке, Жетес, Үмбет билерге, Ақишан мен баласы Ысқақ мақсымға байланысты айтылатын. Жасымызда қолдарына су құйып, қызмет жасай жүріп, тыңдап өстім.
Кейін шежіреші Қызылбай Қарабала­ев ақсақалмен, жүз жасқа келіп қайтыс болған Аймахан Байділдаұлы қожамен және Қарақалпақстанда тұратын Ерімбет пен баласы Құлахмет туралы жақсы білетін көптеген азаматтармен әңгімелестім. Құлахметтің немере туысы, әрі туған інісіндей болған Мәтсейітұлы Әбдімәліктің Ерімбет туралы жинақтаған қолжазбаларын 2001 жылы Қарақалпақстанға барғанымда баласы Нұрдананың үйінен оқыдым. Мәлімет беріп жүрген Рүстембектің әкесі Үрметбекпен де бірнеше рет үйінде қона жатып пікірлескенмін. Ерімбет­тің туған немересі Құлахметұлы Едіге­мен де Алматы қаласындағы үйін­де, ағайындардың той, құдай жолысында жиі кездесіп едім. Соның бәрін­де ол кісілердің аузынан Қараша Қараманның мақаласында жазылған­дай, бұрмаланған деректер айтылған жоқ.
1983 жылдан бастап Ерімбет жазған шежірені зерттедім, оны жалғастырып, толықтырып, үш рет кітап қылып шығардым. 2002 жылы «Қарасақал Ерімбет қоғамдық қорын» құрдым, 2000-2006 жылдар аралығында Ерімбетті насихаттау мақсатында он шақты баспасөз құралдарында мақалалар жарияладым. 2003-2006 жылдары Ерімбетті есте қалдыру туралы ұсыныспен аудан, облыс басшыларының қабылдауларында болдым. Ақыры сол кездегі Қазалы ауданының әкімі Нұрман Талқанбаевтың өкімімен «2006 жыл – Қарасақал Ерімбет жылы» болып, түрлі ұлықтау шаралары өткізілді.
Енді Рүстембек пен Қарашаның көңілге қонбайтын кейбір мәліметтеріне тоқталатын болсақ: «Сарыбас Бақтыберлі аталығының Ақшадан тарайтын он тоғыз отбасы ер азаматтарының көмегімен мешіт салыныпты», «Мешітке келгендерді алғаш Жабағы молда, ал бертінде Тоғымұлы Ақишан (Ақмамбет) оқытқан», «Молда мен имамдарға төнгелі тұрған қауіп-қатердің алдын алу үшін Ерімбет өзі бас болып салғызған мешітті шәкірті Ақмамбеттің есімімен «Ақишан» деп атауды, бала оқытуды жалғастыруды ұйғарады», «Ақмамбет пендешілікке салынып: «Ерімбеттің отбасын асырайтын қызметі бар. Біздің бала оқытудан тапқан табысымызды көре алмайтын сыңайлы. Сондықтан медресе қызметін тоқтатпаймыз», – дейді. Сөйтіп, қарамағындағы оқып жатқан шәкірттерге: «Мені бүгіннен бастап «Ақишан» атайсыңдар», – деп сес көрсетеді. Міне, осы күннен бастап азан шақырып қойған Ақмамбет есімі жанама атпен Ақишан аталады» – («Ерімбет шайырдың беймәлім қырлары», «Қаза­лы» газеті №60 (848), 30.07.2016 ж. Қараша Қараман, Ерімбет шайыр мұрасын жинап, зерделеуші»), – дейді.
Ерімбет шайыр мұраларын зерттеуші Қараша аға «Ерімбет шайырдың беймәлім қырлары» атты мақаласы арқылы Ерімбет шайыр мен Ақишанның төрдегі бастарын есікке сүйрегендей әсерде қалдырды.
Менің жоғарыда аталған үлкен кісілерден есіткеніме сенсек, мешіт­­ке азды-көпті үлес қоспаған жал­шы-кедейлерден басқа малы бар Қарасақалдан адам қалмаған. Мәтсейіт­­ұлы Әбдімәліктің қолында бол­ған қолжазбаларда Ерімбеттің өзі мешіт­ті салуға қомақты үлес қосқан 19 адам­ның есімін атап жазған қағазын Әбдімәлік­ұлы Нұрдана 2001 жылы Қарақалпақстанға барған сапарымда, маған көрсетемін деп іздеп, уақыт қысқа болып таппай қойды. 19 адамның негізгі көп бөлігі үш қарасақалдың байлары болғанымен, Ерімбетпен сыйлас болған 3-4 басқа да Әлім руларының азаматтары да көмек қолын созған. Пұсырман Қарасақал Күңбасұлы Қоспан бай 40 бас атан берген, құдасы әрі рулас Шіңгір Қарасақал Мұратбай болыс, Сарыбас Кәлмен бай, Пұсырман Айтас бай, Әйімбет бай, Сарыбас Ақжан бай, Шіңгір Сайлыбек бай және басқа да ағайындар қомақты үлесін қосқан. Ел сыйлаған Ерімбет барлық ағайын-туысты ортақ іске жұмылдыруға шақырған. Міне, бұл жерде «Сарыбас Бақтыберлі аталығының Ақшадан тарайтын он тоғыз отбасының ер азаматтарының көмегімен салыныпты» деген сөз тарихты бұрмалау болып табылады. Ерімбет мешіт салынғанда басында тұрып, құдық қаздырғаны, мешітті салған ұсталарға жұмысшы тауып берген болар, алайда 19 Ақша ұрпағының отбасы ғана мешіт тұрғызғаны бекер. Қарашаның жазуынша, мешітке алғаш Жабағы молда ал бертінде Тоғымұлы Ақишан (Ақмамбет) дәріс берген. «Бертінде» сөзі «кейінірек, соңында дегенді» білдіріп тұрғандай... Мүмкін Ақмамбет келемін дегенше алғаш балаларды лақ алып, Жабағы молда оқыта бастаған болар. «Ишан» дәрежесі діни орталықтан «шатырхат» алған адамдарға берілетін лауазым, қазіргіше айтқанда мектеп директоры, ал молда ишанның басшылығындағы мұғалім емес пе? (Ишан мен мектеп директорын салыстыруға келмес, бұл теңеу түсінікті болу үшін жазылып отыр). Ақмамбет келгеннен кейін де ишанның басшылығымен балаларды оқытқан болар. Үлкен кісілердің айтуынша, мешіт толық салынып біткен соң, көшпелі Қарасақал ағайынның арасындағы өмірден озған адамдарды ақтық сапарға жөнелту, балаларды сүндетке отырғызу, діни сауатын аштыру сияқты жол-жоралғыларды Хорезм медресесіне барып, мешіттің жұмыс істеуіне рұқсат алып, медресе шәкірті, алғырлығымен көзге түскен Тоғымұлы Ақмамбет атқарған. «Ақишан» мешітінен Қарасақал ағайындармен бірге Әлім руының балалары да оқыған. Есмырзаұлы Үрметбек ақсақалдың айтуынша: Ерімбет Ақмамбетті ертіп келгесін елді аралатып, халыққа таныстырып шыққан. Діни сауатты, көзі ашық Ерімбет, қазақ балаларының көкірек көзі оянғанын қалап, өзінің сөзі жүретін азаматтарды елдің әр аймағынан мешіт ашуға үгіттеген. Осындай халыққа жасаған насихатының нәтижесінде сол кезеңде қарасақалдардың «Ақишан», «Кәлен ишан», «Өтеп ишан», «Нұрымбет ишан» және Байту мешіттері салыныпты. Осы имандылық үйінің алғашқысы да, ең көлемі үлкені және білім алған шәкірттері көбі «Ақишан» мешіті болған. Бала оқытумен қатар, адам емдеумен де айналысып келген, жетім-жесір, қарастығы жоқтарға «шүлен қазан» таратқан.
Мешіт салынып, барлық жұмыс жолға қойылып, көңілі бірленгеннен кейін, Ерімбет Қазалы қаласына келіп, шығармашылықпен айналысып, кейін мұрап қызметіне кіріскен. Астана, Алматы, Қызылорда, Талғар, Арал қалаларында, Әйтеке би кентіндегі бір-бір көшеге, Бозкөл ауылындағы орта мектепке Ерімбет есімі берілген. Ерімбеттің тірі кезінде де, 140 жылға жуық уақыттан бері халық «Ақишан мешіті» атап келген мешітті, аяқ астынан «Ерімбет мешіті» деп, әруақтарды қозғап өзгертуге әрекет еткендердің қалай түсінуге болады. Кезінде ағайынның ауызбіршілігімен салынған Асандардың ішінде «Орымбет ишан мешіті», Матай Төртқаралардың «Матай ахун мешіті», Бозкөлде Жиенейлердің «Бала ахун мешіті», Шөмекейлердің «Ер Мағзаман мешіті», Шобан төртқаралардың «Үсен ишан мешіті», Қарасақалдың қарақұмда «Өтеп ишан мешіті», қызылда «Кәлен ишан мешіті», «Нұрымбет ишан мешіті» – халыққа қызмет жасаған дін қызметкерлерінің есімімен аталып жүр емес пе?!
Мешіттердің қай-қайсысын да ишандар салмаған, керісінше қажеттілік туындаған ағайын өздері мешітті бірлесіп салып, арнайы «шатыр хаты» бар ахун, ишандардың немесе сауаты бар молдалардың иелігіне беріп, сол кісілердің есімімен атау ертеден келе жатқан дәстүр. 2010-2012 жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне барып, Қуаңдария бойындағы «Ақишан» мешіті мен Ақша батыр қорымы, мұнарасын және 2006 жылы Қазалы қаласындағы қоғамдық қордың есебінен салынған Қарасақал Ерімбет кесенесін тарихи-мәдени мұра нысандарының алдын-ала есепке алу тізіміне енгізу туралы мәлімет берген болатынмын. 2018 жылы меншік иелері жоқ ескерткіштерді қала, ауыл округтерінің теңгерімдеріне беру туралы №148 Үкімет қаулысы шығып, «Қарасақал Ерімбет кесенесі» Қаза­лы қаласының, «Ақишан» мешіті (Ерімбет) Бозкөл ауылдық округінің теңгерімдеріне беріліпті. Енді «Ақша батыр бейіті мен мұнарасы» да Бозкөл ауылдық округінің қарауына алынса, дұрыс болар еді.
Бұл күнде бастамашы 3-4 адам­ның «Ақишан» мешітін тұрғындар талқысына салмай, «Ерімбет» мешіті болып өзгертілуі, Қарасақал ағайын мен бірнеше ғасырлар бойы сыйласып, құда-жекжат болып келе жатқан Қарахан қожа ұрпақтарының арасына сызат түсіргендей болып отыр.
Өткен тарихты өшірмей, көптің сұрауы бойынша мешіттің бұрынғы атауы­мен «Ақишан» мешіті болып қайта өзгертілуін аудандық ономастикалық комиссиядан сұраймыз.
Төлепберген ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ,
еңбек ардагері

07 тамыз 2018 ж. 2 490 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 75

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930