Дәстүрлі әнді неге жатсынамыз?
Біздің ішкі жан дүниемізді байытып, болмысымызды аша түсетін рухани құндылықтардың бірі – дәстүрлі ән өнері. Қазақтығымызды танытатын саз өнері орындаушылық ерекшеліктеріне қарай Арқа, Жетісу, Сыр және Батыс Қазақстан (Мұхит Мералиев) мектебі деп бөлінеді. Аты айтып тұрғандай әр өңірдің мақам, ырғағы бөлек. Ұлттық өнердің тыңдаушылары әнші қос ішекті домбыраны қағуынан-ақ оның қай мектептің орындаушысы екенін аңғарады.
Ал, қазір рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, мейірімі мен махаббатын, іңкәр ықыласын кейінгі толқынға жеткізетін құндылықтар тоғысқан дәстүрлі ән мен жыр-терменің тыңдаушысы кімдер? Оның дәріптелу деңгейі қандай? Жеңіл әуенді әндердің әсерінен дәстүрлі әнді жатсынып кетпедік пе? Осы ауал төңірегінде тыңдарман не дейді?
Райхан ЖҰМАҒАЛИЕВА, әже:
– Қазір теледидардан эстрадалық концерттер жиі көрсетіледі. Балабақшадағы немереме дейін олардың әнін жатқа айтып, өздерін бірден таниды. Оларды тыңдамау керек немесе төмен демеймін. Әркімнің ән орындаудағы өз бағыты бар. Менің пікірім, дәстүрлі әнге насихат көп керек. Қай арнаны ашсаң да эстрадалық әншілердің бейнебаяны не болмаса концерттері беріліп жатады. Тыңдарманның көпшілігі теледидардан көреді. Сондықтан, дәстүрлі ән өнерін насихаттайтын бағдарламалар қатарын арттырып, концерттерді жиі берген орынды деп ойлаймын. Мысалы, «Қазақстан» ұлттық арнасы «Мен қазақпын» деген жобаны қолға алыпты. Сол сияқты әр телеарна осындай бір бағдарлама ашуы тиіс.
Гүлбану ДОСАН, термеші:
– Халық арасындағы «Дәстүрлі әнді, жыр-термені тыңдамайды» деген пікірді өзіміз қалыптастырып тастағанбыз. Бұл бағыттағы әндердің тыңдаушысы аз болуы мүмкін. Бірақ оны тыңдайтын жанның ой-өрісі кең, таным-түсінігі мол. Ұлт байлығына байсалды қарап, құндылығын қадірлей білгендер.
Қазіргі эстрада әншілері тез танымал болудың жолын ойлайтын секілді. Сөзі жеңіл, әуезі ойнақы әндерді таңдайды. Кейбір әндерді мән беріп тыңдай қалсаңыз, бір сөзді бірнеше рет қайталап есіңді шығарады. Бір сөзбен айтқанда, мағынасы жоқ әндер толып кетті. Менің пікірімше, сондай жеңіл әндерді жеңіл ойлылар, мағынасы терең, айтар ойы бар дәстүрлі әндер мен термені салмақты ой иелері тыңдайды.
Бүгінде «хит» болып жатқан әндер уақыт өте келе ұмыт болып қалады. Ал, бұрынғы аталарымыздың айтқан әндері әлі күнге дейін өз биігінен төмендеген жоқ. Өйткені, ол әндерде елдік жайлы, ерлік жайлы, бірлік жайлы, қазақтың болашағы жайлы айтылады. Олардың ғұмыры өміршең.
Жастарымыз жастықпен мән бермей жүргенімен, кейін есейеді, санасы толығады, сол кезде еріксіз бабалар мұрасын тыңдайды. Дәстүрлі ән өнері өлген емес, өлмейді де.
Рахат ЕРМЕКБАЕВ, жас тыңдарман:
– Бүгінде дәстүрлі әнді ат төбеліндей шағын топ қана тыңдайды. Көбісі үлкендер. Бұрындары ауылды қаймағы бұзылмаған қазақы өнердің ордасы дейтін ек. Онда домбыра шертетін үлкендер, оны тыңдайтын жастар көп болатын. Қазір шыны керек, даңғара музыка, дарақы әншілер озып тұр. Бүгінде көпшіліктің талғамы солай дегенмен, дәстүрлі әннің насихаты жанданса, халықтың құлағын үйретіп, талғамын өзгертер едік.
Нұргүл ӘЖІҒҰЛОВА, кітапхана қызметкері:
– Рухани жаңғыру дегеннің өзі адамның жан дүниесін байытатын рухани мұраларымызды жандандыру. Оның ішінде дәстүрлі ән де бар. Дәстүрлі ән қазақ деген ұлт бар жерде бірге жасайды. Ол ұмыт болуы мүмкін емес дүние. Өйткені, біздің қанымызға, жанымызға, жүрегімізге жақын мағыналы дүние ол – дәстүрлі әнде ғана бар.
Жастар тыңдамайды, орындамайды деп кесіп айту дұрыс емес. Әркімнің талғамы бар. Мен Айда Елтай деген оқушы баланы білемін. Жыр-термені төгілтіп айтқанда құлағыңның құрышы қанады. Үні таза, дауысы зор. Міне, еліміздің болашағы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.