Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жылтырсыз, жасандысыз тұнық әлем

Жылтырсыз, жасандысыз тұнық әлем

Әнге әуес өзге маман иелерін көптеп жолықтырдым. Бірақ толағай тұлға, алпамса денелі, Қазақстанға аты мәшһүр палуан, даңқты жаттықтырушының жаны мұнша терең һәм нәзік болатынын көрмей, өзгеден естіген болсам, сенбеуім мүмкін еді.
Жұмабек Құлбаевтың есімін бала күннен естіп өскен біз үшін спорт саңлағының ел аузының суы құрып айтатын бір-біріне ұқсамайтын белдесулерде қолданған өзіндік әдістері аңыз адамдай, кішкентай қиялда одан әрі тұлғалана түсетін. Кейін журналистік жолда оны танитындардың «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтініне уақыт өте келе көз жеткіздім. Тіпті бір жолы Халықаралық турнирде топта тұрғандардың рухын жанып, ешкімді бейжай қалдырмай, дүбірлі доданы дүр сілкіндірген әнді дәл осы Құлбаевтың жазғанын естіп, өзінен анықтап сұраудың сәті тумады. Сөз етіп отырған «Қазақтың спортшылары» туындысын мұнан кейін де бірнеше рет естідім. Ерекше әсерге бөлейтін рухты шығарманы тыңдаған сайын көкейде: «Осыны расымен ешқандай нота білмейтін адамның жазуы мүмкін бе?» деген пендешілік пейіл қылаң беретінін.
Осыдан 3-4 жыл бұрын қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, Халықаралық, Республикалық конкурстарда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүрген әнші Аллаберген Жақсыбаев ауданға гострольдік сапармен келгенде, Жұмабек Құлбаевтың өзге де әндері барын біле түстік. Сол күні танымал әнші Жүкеңнің бір әнін орындағанда, бүкіл көрермен ұзақ уақыт қошемет білдіргені әлі көз алдымда.
– «Әуенге әуестігім бала күнімнен басталды» десем жалған болар. Ауылда туған қарадомалақтардың барлығы дерлік ыңылдап әндетіп, спорттық қимылға ширақтана түседі. Оған кең дала, қоршаған ортаның ықпалы мол. Біз туған жердегі өзім тұстастардың көбі ән айтатын болғандықтан, оны өнерге санамайтынбыз. Мектептегі ән-күй сабағынан бестік баға алатынмын. Анам Ақыл Сейітбаева солақай домбырада жақсы ойнайтын. Өзіне тән әдемі даусы да бар болатын. Оның әпкесінің қос қызы, бөлелерімсіз ауылдың ешбір іс шарасы өтпейтін. Өзімнің туған ағам Әлібектің де домбырадағы шеберлігі көпті тәнті ететін. Бізге, асылында, өнер сол нағашы жұртымыздан берілсе керек-ті, – дейді кейіпкеріміз. Ал алыста қалған албырт шақтағы көмескі естелік ойына оралса, сәйкестікке өзі де таң қалады.
– Мен өскен жер шағыл құмда, темір жол бойынша орналасқан Бекбауыл стансасы. Күн сайын болат жолы бойымен өтетін пойыздың әрбірін кішкентайынан көріп өскен өскін үшін таныс жағдайға айналып үлгереді. Сол кезде ауыл үстімен 85, 95 нөмірлі пойыздар жүретін. Сонда өзім құралас балалар қосылып: «Сексен бестер-ай, тоқсан бестер-ай» деп пойыз дүрсіліне қоса дауыстайтын әуеннің кейбір иірімдері атақты күйші, композитор Секен Тұрысбековтің атақты «Көңіл толқынына» келеді.
Үйге келе жатып, ағаштан сындырып алған жас шыбықпен шарбақтарды дырылдатып, одан әуен тауып, әсем күйге бөленетінбіз, – деп еске алады.
Жігіт болып, ат жалын тартып мінген кезеңде гитарада ойнау сәнге айналған тұс еді. Сезімтал бала аспапқа ықыластанғаны сонша, айналасы 1-2 күнде жеті ішекті бағындыруды үйреніп алады. Осындай түбіт мұрт бозбалық кезеңнің бірінде құлағына алыстан бейтаныс әуендер келетіні есінде.
Оның мұнан кейінгі өмірі өзінің таңдаған саласына бағытталады. Техас шалбар, желкеден шашы түскен түлек гитарасын ауылға қалдырып, Алматыдағы физкультура институтына студент болып қабылданып, саланың ыстық-суығына бел шеше кіріседі.
Ал сана саңлауында қылаң беріп, үнемі жанын тербейтін әнге деген ынтызарлығы араға бірнеше жылдар салып, жігіт ағасы кезеңінде қайта оянады. Ол күндер туралы естелігінде Жұмабек Әлұлы былай деп тебіренеді.
– Бекбауылда Әбләзім Тұрғанбаев есімді сыныптасым, әрі досым болып келетін талантты азамат тұрады. 2010 жылы сол жігіттің шығармашылық кешін өткізу мақсатында ауылға бардым. Кеште Әбіләзімнің сөзіне жазылған Тәжібай Үмбетәлиев деген жергілікті сазгердің «Бекбауылым» атты тамаша туындысының тұсауы кесілді. Сол әннен алған әсерден қайтар жолда «Аяулы арулары ауылымның» атты төл туындым өмірге келді, – дейді ол. Туған жер туралы әнді тыңдағанда көз алдына әпкесінің құрбылары Күлпаршын мен Айсара сынды арулар оралады. Ой-ойды қуып, ескі естелік жанын ән болып әлдилейді.
1997 жылдан бері ауылда концерт өтпегенін біліп, көп ұзамай онда Қазалы қаласы өнерпаздарының ән сапарын ұйымдастырады. Сонда орындалған жаңа әнді жерлестері жақсы қабылдайды. Бұл авторды шабыттандырып, одан әрі ән жазуына арқау болады.
Бір қызығы, олардың көбіне өзі сөз жазып тастайтын қабілеті де бала күннен қалыптасқан дағды екенін болып шықты.
2011 жылдың 7 айы Құлбаев үшін шығармашылық шабытты шырқау шағына айналады. Көпшілік күлкі үшін айтатып ұтқыр сөзің бірі осы кезде айтылыпты.
Әнге әуестеніп жүргеннін естіген оған бастығы: «Сен я өлең жаз, я спортыңмен айналыс», – деп талап қояды. Сонда Жүкең еш мүдірместен: «Ой, Қуеке, Сіз де айтады екенсіз. Ән деген жексенбі күні туады ғой», – деп жауап беріп, елді күлкіге қарық қылыпты.
Жыл басында «Бала күнгі достарым» әнін шығарады. Оны әнші Аллаберген орындап, «Сүттіқұдық» атты киноға саундтрек болып, «Қазақ радиосында» орындалады. Сол жылы Жетіскен Мәкеналының сөзіне «Бабамның көзі Аралсың», «Атамекен», «Текті туған барысым», өзі әні мен сөзін тудырған «Туған жер вальсі», «Бекбауылым – текті ауылым», «Өзім туралы толғау», жарына арнап шығарған «Сағынышы жүрегімнің», жастарға арналған «Сұлуым», «Сұлу қыз», «Тамаша», Бақытбек Смағұлдың өлеңдеріне жазылған «Қос жұлдыз», «Тырнаның ұшқан тізбегі» лирикалық әні, Балзура Оңталапқызы сөзін жазып, немерелеріне деген ықыластан туған «Айналдым немеремнен», Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығына орай туған «Қияға ұшқан қыраным» әндері «Сағынышы жүрегімнің» атты авторлық жинаққа арқау болады.
Сұхбат барысында қалың жұрт танитын «Қазақтың спортшылары» әнінің туылу тарихына тоқталуын жөн санадық.
– Марш екпінді ән көпшілікке ұнамды, тіпті өзімнің де жаныма жақын. Бірақ бұл әнге мен тек сөз жаздым.
Ұмытпасам, 2012 жаңа жылды қарсы алатын уақыт. Аудандық мәдениет орталығы ол кезде қазіргі оқушылар үйі орналасқан ғимаратта еді. Шырша тойы сонда өтетін болып, қызықтауға барғанда, журналист Раушанбек Сейтенов, композитор Нұрмаш Алғашбаевқа ұшырасып қалдым. Аязды күннен тоңазыған үшеуіміз бойымызды жылытып алмақ болып, жол бойындағы асханалардың біріне барып, шай іштік. Шай үстінде Нұрекең маған: «Жұмабек, білесің бе, біздің спортшылар жарысқа шығарда олардың құрметіне Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні қойылып жүр. Осыны көрсем, ызам келеді. Бабында тұрған балуандардың одан әрі қанын қыздырып, жанына ұшқын беретін бірде-бір әнді жаза алмай жүргеніміз – бәрімізге сын. Біраздан бері мазамды алып жүрген жайды саған айтпасқа болмады. Тақырып жайын сенен артық ешкім түсінбесі анық. Сондықтан сондай отты шақты ойға оралтып, қазақтың делебесін қоздыратын маршқа сөз дайында. Мен лайықтап ән жазамын. Бұл істі екеулеп қолға алайық», – деді қызына. Әншейінде сабырлы ағамның намысын оятқан жайт мені де тұңғиыққа жетеледі. Алайда ол жолы не келіскен, келіспегенімді айтып, ештеңе демедім, – дейді.
Арада 5-6 күн өткен соң рухтас ағасының ойы сананы маздатқан Жұмабек композитор күткен сөзді жазып, әсем әннің дүниеге келуіне атсалысады.
Ауданда өтетін Республикалық, Халықаралық Елеу Көшербаев турнирі, басқа да байрақты бәсекелерде әнші Кенже-Әлі Асқар орындайтын әнге «құда түсіп», өз іс-шараларында орындауға қолқалайтындар қатары әлі де кемімеген. Тіпті бір жолы әнді естіген әлем біріншілігінің қола жүлдегері, белгілі балуан Ермек Көкетов: «Қандай керемет ән еді! Мынаны естіп, киіміді шешіп, бозкілемге белдесуге қайта шыққым келіп кетті», – деген пікірімен бүкпесіз бөлісіпті. Бұл әнге берілген баға, ортақ мұраға деген құрмет белгісі екені сөзсіз.
Сазгер соңғы жылдары тағы бір-екі ән жазыпты. «Мені де бар деп білгейсің» атты шығармасы студияда дайындалу үстінде екен. Оны алаңдататыны, жергілікті өнерпаздардың жаңа туындыларды танытудан гөрі, жұрт айтып, «жауыр болған» жаттанды әнді орындаудан жалықпайтыны. Жүректің нәзік пернесін шертіп, сезім иірімдерге жетелейтін кейбір саздың көрерменге жетпей, көмбеде көмулі қалатынына осындай немқұрайлылығымыз әсерін тигізетіні бар. Талғампаз тыңдарман барда, өнер өлмейді. Автор әндері аудан, облыс қана емес, Қазақстанға белгілі Қанат-Света Айтбаева сынды белгілі әншілердің репертуарына да енген.
Жылтырсыз, жасандылық жоқ, таза табиғи, тұнық әлем. Бұл Жұмабек Құлбаев шығармаларын тыңдап отырып кенелген әсерден шыққан сөз.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
08 ақпан 2022 ж. 503 0

Мен өмірді қалаймын

13 қараша 2024 ж. 67

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930