Ел ертеңін ойлаған Елбасына мың алғыс
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай аудандық балалар кітапханасында «Ел ертеңін ойлаған Елбасына мың алғыс» тақырыбында мерекелік кеш өтті.
Кешке ата-аналар, ұстаздар және кітапхананың тұрақты оқырмандары жиналды.
Елбасы Н.Назарбаев: «Мен Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына сенемін. Мұндай кезде адамдардың бір-біріне алғыс білдіріп, өздеріне жасаған жақсылықтарды еске алуы аса маңызды. Бұл жақсылықты бағлай білуге, оған жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің келешегі кемел.
Мен Алғыс айту күнін осындай мақсатпен белгіледім. Адамдар бүгінгі күні кемшіліктер болса, қатты сөздер айтылса, өкпесі болса кешіруі қажет»,– деген болатын. Міне, бұл күннің маңыздылығы айрықша.
Осындай айтулы мерекені ерекше көңіл күймен қарсы алған балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары, яғни мектеп оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері әннен шашу шашып, жергілікті ақындардың жырын оқыды. «Ақниет» балабақшасының бүлдіршіні Айлуна Еділ қазақ, орыс ұлтының билерін билеп, көпшіліктің көзайымына айналды.
Мерекелік кешке келген ата-аналар, ұстаздар балабақша ұжымына алғыс айтып, ізгі тілектерін жеткізсе, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі А.Айтжанова өнерлі балалар мен кеш қонақтарына сый көрсетті.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ.