«Мені өледі деген сөздер ертегі»
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қазақтың талантты да тағдырлы ақыны Әділ Ботпановтың 50 жылдығына орай және ақын шығармашылығын насихаттауға арналған «Мені өледі деген сөздер ертегі...» атты поэтикалық жыр мерекесі болып өтті.
Жыр кеші ледэкраннан көрсетілген ақынның өмірінен сыр шерткен естелік бейнебаянмен басталды. Қызылорда жастар театры артистерінің ақын өлеңдерін оқи отырып жасаған сахналық көрінісі тамшаланды.
Ершат Қайырханның орындауындағы Ә.Ботпановтың сөзіне жазылған Қ.Құрманәлінің «Сәлеметсіз бе?» әніне түсірілген бейнеклип көрерменді ерекше сезімге бөледі.
«Таңда гүлдеп, шамда үзілген» таланттар қазақ өнерінде жүздеп саналады. Алпысыншы жылдардан бері тарамдасақ: Төлеген Айбергенов, Марат Отаралиев, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Артығали Ыбыраев, Бауыржан Үсенов оралады еске...
Біздің айтпақ сөзіміз сәл өзгешелеу. Өнердің дүбірлі додасына дүлдүл арғымақтай арындай қосылып, ізім-қайым жоғалғандар қаншама? Оларды лап етіп жанып, күлге айналды деуге ауыз бара қоймас. Алайда, саф таланттың кейде өз отына өзі өртеніп кететіні бар.
Бұл – табиғи қуаттың тасқыны. Солардың бірі де бірегейі, Сырда туған талантты ақын Әділ Ботпанов болатын. Жиырма жеті жасында ғайыпқа айналып сала берді... Бәлкім, періште жүрегі пенделік ғұмырға сыймады ма?
Сен ренжіме,
мәңгі өлеңнің өрнегі,
Буырқанған алапат
күш мендегі.
Тегі бөлек Тәңірекең
болмаса,
Менсінбейді пендені, –
деген тәкаппар ақын санасына сағыныш ұялатқан, жапырақ жауған бір күзде өзгеше сап-сары бір ғаламды іздеп кетті ме екен?
Бүгін осындай қиял қисынымен жүрген Әділ жырларының оқырманы дарынды ақынның әлі арамызда жүргеніне жүрек көзін жеткізді.
Мынау өлең –
Бұйырып Хақ жазаға,
Қойыны толып азаға,
Шәһит болған шаһарларға
– жаназа.
Мынау өлең –
Болмай сол тұс тоқтауы,
Жалмап кеткен от-жауы,
Мешіттердің,
Мешіттердің жоқтауы, – осындай өлеңдерді оқушы кезінде-ақ жазып, үлкен ақындарды еріксіз мақұлдатқан Әділ ақын С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен болатын. Бірақ ол оқуды аяқтамастан арамыздан алыстап сала берді. Оны бүгін жұрт өз өлеңдерінен тапты. Ол бүгін оқырманымен жүздесті.
Ақтөбеден арнайы келген кеш қонағы қазақтың көрнекті ақыны, Әділдің албырт шақтағы досы Бауыржан Бабажанұлы осы мазмұнда тебірене сөз сөйледі. Әділдің ешкімге ұқсамайтын ер мінезділігін, ерекше білімділігін жыр қылып айтты.
Мұнан соң «Әділдің жыр әлемі – жүрегімде» деп аталған республикалық жыр мүшәйрасына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мүшәйрада рухты өлеңдер оқылды. Жас ақындар тыңнан сөз тауып, тереңнен ой қаузай білетінін, әсерлі, Әділше жазуға бейімділігін байқатты.
Жыр бәйгесі Бауыржан Бабажанұлы, Оңталап Нұрмахан, Мұхтар Ниязов секілді елге белгілі өнер майталмандарының қазылық етуімен қорытыланды.
Бірінші орынның жүлдесіне қазір Нұр-Сұлтанда тұратын жерлесіміз Биболат Сәтжан ие болды. Екінші орынды павлодарлық ақын Алтынбек Елемесұлы алды. Үшінші орынға түркістандық Тілеубек Батысұлы мен Қазалы ауданынан келген №90 орта мектептің оқушысы Әлихан Махашев лайық деп танылды.
Орын алмаса да, қатысқандардың бәрі ақшалай сыйлық алды.
Мүшәйраның жүлделерін қазылар алқасымен бірге белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, ақынның досы Аманжол Сақыпұлы тапсырды. Сондай-ақ, ол мүшәйра жеңімпазы Биболат Сәтжанның алғашқы жыр жинағын өз қаражаты есебінен шығарып беретінін айтты.
Сонымен бірге ақынның туған ағасы Данабек Әнуарбекұлы және ақынның отбасы – жары Гүлсім, ұлы Ақназар, қызы Меруерт сахнаға шығып, көпшілікке, кештің ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. Мүшәйра қатысушыларының бәріне Әділ ақынның «Домбыра-жүрек» аталатын өлеңінің бір жолы жазылған домбыра сыйлады.
2012 жылы «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев Ә.Ботпановтың «Өмірзая» атты тұңғыш жинағын 1000 данамен тегін шығарып берген еді. Мұнан соң қызылордалық белгілі кәсіпкер Нұрмұрат Ерманов өз қаржысына осы кітаптың тағы бір 1000 данасын шығарған болатын.
Алматыдан келген ақынның досы, белгілі театр және кино актеры Әділжан Шомбалов Ә.Ботпановтың «Өмірзаясын» жаңадан тағы 500 дана шығарып әкеліп, оқырманға тарту етті.
Жыр мерекесін «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды және демеушілік жасады.