Түркияға барған қазақстандық туристерден коронавирус анықталды
Пандемияға қарамастан Түркия билігі маусым айының ортасынан бастап ішкі және сыртқы туризм маусымын қайта жандандыруға кіріскен болатын. Енді сол туристердің алғашқы легінен-ақ коронавирус анықталып жатыр.
Хабар 24 телеарнасының айтуынша, олардың ішінде қазақстаннан барған туристер де бар. Телеарнаның мәліметінше, Анталияға демалуға барған төрт отандасымыздан COVID-19 анықталған. Қазіргі таңда олар Анталиядағы қалалық ауруханада жатыр. Басқа жолаушылар уақытша оқшаулануға жіберілген.
«Түрік жағалауына келгеннен кейін қазақстандық туристердің дене қызуын өлшейді. Егер дене қызуы 37-38 градустан жоғары болса туристер коронавирусты анықтауға арналған тесттен өтеді. Одан кейін диагноз расталса, оларды ауруханаға немесе жағдайы қанағаттанарлық болса өзін-өзі оқшаулауға жібереді. Анталияда аурухана жеткілікті, шамамен 18 емхана бар. Алайда туристер денсаулығын қадағалап отыруы керек», - дейді Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы.
Ұзақ уақыт карантиннен кейін Алматы-Анталия бағыты бойынша алғашқы рейс 21 маусымда ұшқаны белгілі.
Түркия билігі биыл туристердің қауіпсіздігі мақсатында арнаы COVID-19 сақтандыруын іске қосқан болатын. Түрік үкіметінің айтуынша, бұл медициналық сақтандыру полисі шілде айынан бастап жарамды. «Сақтандыру полисінің бағамы 13-23 еуро көлемінде. Оған әуекомпания немесе әуежайдың өзінен онлайн түрде қол жеткізуге болады. Ол 2-7 мың еуроға дейінгі шығынды көтереді», - деп атап өткен Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой.