Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәуелі шаһардағы медиа форум

Мәуелі шаһардағы медиа форум

Өткен аптада Алматыдағы Тhe Ritz-Carlton кешенінде дәстүрлі XVI Еуразия медиа форумы өтті. Әлемнің 60-қа жуық елінен 500-ден астам делегат қатысқан дүбірлі жиын «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» тақырыбына арналды.
Ақ басты Алатау баурайындағы халықаралық шараға облыстық «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты қалалық, аудандық газеттердің бас редакторлары мен тілшілері қатысқан болатын. Сол арнаулы топтың ішінде біз де болып, журналистиканың жілігін шаққан қаламгерлер мен әлемдік саясаттың бел ортасында жүрген белгілі тұлғалардың бүгінгі таңдағы медиа нарық, әлемдік саясат туралы кесек ойларын көңілге түйе келгенбіз. «Естігеніңді емес, көргеніңді айт» демекші, қырағы оқырманға көңілде қалған оқшау ойлармен бөлісуді жөн көрдік.


Арал – әлем аузында, Семей – жаһан жадында

Арал теңізінің бүгінгі таңда халықаралық түйіткілді мәселе болып отырғанын алты құрлықтың зия­лы өкілдері біледі. Бұл экологиялық түйін тек қазақ жұртына ғана емес, Орта Азия елдеріне де шаншудай қадалып тұрғаны рас. Заманында адам қолымен тартылған теңіздің тағдырына қатысты алаңдаушылық мұнда да айтылмай қалмады. Оны форум басталмас бұрын түрлі елдерден келіп шеберлік сағатын өткізген сарапшылар ішінен франциялық Нельсон Грейвс айтып өтті. «Экологиялық журналистика» туралы сөз қозғаған ол 25 жылдай әлемге әйгілі «Reuters» агенттігінің корреспонденті, редакторы, аймақтық бюро жетекшісі болып қызмет еткен. Өз кезегінде сарапшы бүгінгі таңда экологиялық проблемалардың қауіп-қатерін алдын ала болжау аса күрделі шаруа екенін сөз етті. Өйткені қоршаған ортаның күн тәртібіндегі мәселелердің себебі мен салдарын неше жылдан бері зерттеп жүрген халықаралық ғылыми орталық мамандарының өзі бұл сала бойынша нақты болжам, яки шешім екенін алға тартады.

«Журналистердің экологиялық ғы­лым мен қоғамның арасын байланыстыра алатын үлкен күші бар. Мәселен, қандай да бір экологиялық проблемадан зардап шеккен тұрғындардың тағдырын баяндау арқылы журналист үлкен мәселенің сипатын жасай алады. Десек те, журналист экология құрбандарының тағдырын баяндаумен шектеліп қалмауы қажет, бұл орайда ғалымдардың зерттеуі, тиісті мекемелердің дерек-дәйектер мен адам тағдыры дейтін үш таған бір арнада тоғысуы шарт. Содан кейін ғана тиімді әдістеме талап етуге, яки қажетті нәтиже күтуге журналистік құқымыз бар», – дегенді тілге тиек етті.

Мұнан соң, танымал сарапшы қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, тұжырымды ойларын ортаға салды. Айта кетерлігі, аталмыш шеберлік сағатында Арал проблемасымен қатар, Семей қасіреті жайлы да қатысушылар тарапынан сөз қозғалды.

Нельсон Грейвстен кейін «Моңғол», «Көшпенділер», «Кавказ тұтқыны» сынды фильмдерімен әйгілі ресейлік танымал кинематографист Сергей Бод­ров, «әл-Жазира» телекомпаниясының құрамындағы «Contrast» агенттігінің жетекшісі, үндістандық Захра Расул, Ұлыбританиядан келген тәуелсіз журналист Дженни Климан өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ал, түстен кейін өткізілген шеберлік сабақтарын «Фотожурналистика құпия­лары» атты тақырыбымен ТАСС фото­ақпарат редакциясының жетекшісі – бас редактордың орынбасары ре­­сей­лік Григорий Дукор бас­тады.

Бүгінгі медиа технологиялардың қарқын алған тұсында суретке түсіру өнерінің маңызы арта түскені анық. Фотоөнердің тың трендтері турасында кеңірек білу, анық түсіну – қазіргі заманауи журналиске міндет десек, Григорий Дукордың фотожурналистиканың құпияларын ашатын авторлық дәрісінің маңызы зор.

«Фотограф суретке түсірмес бұрын нақты нені нысанаға алатынын түсінуі керек» дегеннен бастады маман өз кеңесін. Бір суреттің бүткіл бір оқиғаны, тарихты, тағдырды баяндай алатын құдіреті бар десек, оның жоспарланған сценариі, идеясы болуы шарт.


Алдын ала даярланған сауатты жос­пардан сапалы суреттер шығатынына сендірген маман «Егер әрбір сурет тарих пен тағдыр жайында сөйлеп тұрса, ешқашан зеріктіріп жібермейтіні анық» дейді. Бүгінгі фотографтардың тұтынушы тарапынан сұранысқа ие болып отырғанының себебі де – осы. Тәуелсіз суретшілердің көпшілігінің басымдыққа алған ісі – сурет арқылы тарихты, тағдырды сөйлету» деген ойын білдірді.

Бейнеден тарих тудыруды қолдайтын тағы бір дәріскер – колумнист, продюсер, журналист Австралиядан келген Иво Бурум жалғастырса, Еуразия медиа форумының алғашқы күні – шеберлік сыныптар легін Бірінші арна мектебінің жетекшісі Елена Афанасьева қорытындылады.

Жаһандану дәуірінің жаңа тәсілдері

Келесі күні XVI Еуразиялық медиа форумының ресми ашылу салтанаты өтті. «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» тақырыбына арналған халықаралық жиынға сенат спикері, форумның негізін салушы Дариға Назарбаева қатысты. Шара шымылдығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды, ресми хатты Ақпарат және коғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқып берді. Онда: «Бұл форум халықаралық, аймақтық деңгейдегі қордаланған мәселелердің мәні мен мазмұнына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Еуразия қоғамы үшін өмірлік маңызы зор ауқымды шараға айналды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – сандық дәуірдің дәурені мен бүгінгі әлемдегі ақиқат трансформациясы. Тұрғындардың аталмыш кезеңнің сын-қатеріне қарсы тұратын иммунитетін қалыптастыру қажет, бұл – күн тәртібіндегі аса өзекті мәселе» делінген.

Форумның ресми бөлігі бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселелерді қамтитын мәжілістерге бөлінген. Бірінші пікірталқы «Жаһандану(сыз): әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Модератор өз сөзін қазіргі уақытта саяси және экономикалық күштер арасалмағындағы түбегейлі өзгерістердің куәсі болып отырғанымыздан бастады. Әлемдік экономикадағы көпжылдық жаһандану үрдісінде «кері қозғалыс» байқалатынын айтқан маман «Жаһандық дағдарыс жағдайында қандай мүмкіндіктер пайда болады?» деген сауал тастады.

Бірінші боп сөз кезегін алған Армения президенті Армен Саркисян алдымен форумның маңызына тоқталды: «Еуразия медиа форумы жеке институт ретінде қалыптасты, бүгінде журналистік ортаға ғана емес, бүткіл Еуразия аумағына ықпал ететіндей күші бар». Расында, Еуразия – экономика, бизнес пен саясаттың бүгіні мен болашағы. Жаһандану заманындағы жаңа құбылыстардың орталығы десек, «Қазақстан тек география, экономика және саясат тұрғысынан ғана Еуразияның жүрегі саналмайды, бұл екі ұғымның байланысы терең. Осы аймақта ғаламдық серіктесудің алғашқы идеялары туып, бүгінде шындыққа айналды», – деді Армения президенті.

Мұнан соң бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Халықаралық қатынастар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Др.Байге Жао жаңа жаһанданудың бұған дейінгілерінен айырмашылығы зор екенін айтты. «Біз қыры мен сыры әлі құпия болып отырған жаңа кезеңге қадам бастық. Ғаламданудың жаңа мүмкіндіктері мен тың тетіктерін меңгеру адамзат үшін мүмкін дүние. Бастысы қоршаған ортаға, ондағы қоғамға пайдалы болатын құндылықтарды анықтап алу», – деп атап өтті Др.Байге Жао.

Медиа форум қатысушыларына бүгінгі дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілердің бәсекесі төңірегіндегі сауалдар қызықты болды. Спикерлер бір ауыздан бұл екі таған болашақта бір арнаға бірігетіні туралы жеткізді. Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі (2013-2017), Премьер-министрдің ЕО жөніндегі бұрыңғы кеңесшісі Айвэн Роджере: «Әлеуметтік желілерді бір тәртіпке салып, реттеп отыру, сонымен бірге оның бүгінгі қарқынды дамуына тосқауыл қою мүмкін емес, бірақ оны диалог алаңы ретінде пайдалануға болады», – дейді.


2006 – 2016 жылдары Эстония президенті болған саясаткер Томас Хендрик Ильвес смартфондар пайда болған уақыттан бастап ғаламторды тұтынуға деген сұраныстың артқанын айтып, бұл толқынға тосқауыл қою мүмкін еместігімен келісті. Өйткені әлемнің әр төртінші тұрғынында телефон бар. Десек те, сапалы контент ұсынуда дәстүрлі БАҚ үлкен басымдыққа ие екенін атап өтті. «Дәстүрлі БАҚ тарататын ақпараттың 90-95 проценті шындыққа жанасады, өйткені онда жауапты тұлғалар болады. Бұлар жаңа технологияны меңгеруге жұмыс істеуі керек. Ал әлеуметтік желілер сапалы контент қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Әйтпесе, онда тек хаос. Сонда ғана екі ақпарат таратушының арасында сыйластық туады», – дейді маман.

Ал Др. Байге Жао қытайлық huawei компаниясының негізгі промоутері бүгінгі медиа болғанын мысал ретінде келтірді. Бұл компания Times ұсынысы бойынша, Forbes сияқты көптеген халықаралық рейтинг агенттіктерінің көрсеткіші бойынша үздік деп танылған. «huawei – жаңа жаһанданудың үздік мысалы. Ол түрлі медиа технологияларды қолдану арқылы ғаламның кез келген тұтынушысының назарын алуға болатынын дәлелдеп берді. Бүгінгі дәстүрлі БАҚ осы компаниямен ықпалдасу арқылы өзін дамытуға болатынын түсінуі қажет. Өйткені БАҚ адамзаттың сапалы құндылықтарын сауатты талдайтын бірден бір құрал», – деп атап өтті Др.Байге Жао.

Есет ТАБЫНБАЕВ


28 мамыр 2019 ж. 824 0