Боз кілемде белдесті
Соңғы уақытта елімізде ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән беріліп, оны әлемдік деңгейге дейін таныту үшін қарқынды жұмыстар атқарылуда. Оның айқын мысалы ретінде Қазақстанның қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев өткізетін “Қазақстан барысы”, “Еуразия барысы” және “Әлем барысы” жобаларын айтсақ болады. Осыған дейін халықаралық турнир ретінде өткен “Әлем Барысы” абсолютті әлем чемпионаты деңгейіне көтерілсе, “Еуразия Барысы” әлем кубогына айналды. Қос жарыстың да географиясы кеңейді, бұрын-соңды қатыспаған елдер қазақ күресін меңгерді.
Армандай асыл азаматтың арқасында қазақ күресінің жанкүйерлері мен Қажымұқандай білекті балуан болуды армандайтын бүлдіршіндердің қатары елімізбен қоса, бүкіл жер жүзінде күннен-күнге көбейіп жатыр. Қазыналы Қазалы өңірінен де жауырыны жер иіскемеген даңқты балуандар шыққан. Алдыңғы қатар ағалардың жеңісті жолдарын бүгінгі таңда талантты жастар лайықты жалғастыруда.
Дүйсенбі күні Әйтеке би кентінің 5 квартал аймағында орналасқан спорт кешенінде Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай аудандық “Алтын белбеу” жарысы өтті. Бұл республикалық “Қазақстан барысы” турниріне іріктеу есебінде өтіп, жеңімпаздар облыстық сынға жолдама алады.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов балғын балуандарды құттықтап, бозкілем үстіндегі белдесулерге сәттілік тіледі.
Қазақ күресінен аудандық жарыс 4 жас ерекшелік бойынша өткізілді. Алдымен 1999-2000 жылы туылған жастар, 2001-2002 жылы туылған жасөспірімдер, 2003-2004 жылғы кіші жасөспірімдер мен 18 жастан жоғары балуандар Бекарыстан би, Бозкөл ауылдары мен Қазалы қаласында ұйымдастырылған іріктеу сындарына қатысып, аймақтық жарыстың жеңімпаздары аудандық кезеңге жолдама алған болатын.
Жанкүйерлер делебесін қоздырған бәсекеде балуандар кілең мықтылардың арасындағы дарабоздарын анықтады. Ауданымыздың әр жерінен келген 80-нен астам балуан бақ сынаған бәсекеде №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіндегі грек-рим күресінің жаттықтырушысы Әмірбек Айнадинов аудандық “Алтын белбеу” жарысында түйе балуан атанды. Әр салмақ бойынша жеңімпаз атанғандар облыстық бәсекеде Қазалының намысын қорғайтын болады. Бағы мен бабы келіскен қазақ күресінің шын шеберлері республикалық “Қазақстан барысы” жарысында өнер көрсетеді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ